Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 5 жылдан бері қылмыс тіркелмеген...

5 жылдан бері қылмыс тіркелмеген...

Ауылым – алтын бесігім. Иә, кім де болса ауылдан шығып, кіндігін ауылмен байланыстырады. Одан асып кетіп, қалаға көшкенмен, ауылдан адам ажырай алған ба? Біз де осыған дейін ауылда болған жақсы жаңалықтарды айтып, «сүйіншілеуден» әсте жалыққан емеспіз. Бірақ кейде біз үшін онда тұрып жатқан тұрғындардың тұрмысы, күнкөріс деңгейі, кәсібі, тағы басқа да тірлігі барлық ауылдан еш айырмасы жоқ, кәуділгі түтінін түтеткен тірлік дерсіз. Солай жүре берер ме едік, егер сол ауылдарға қатысты тағы бір жаңалық шықпағанда…

Ауданымыздағы Қаратерең мен Жаңақұрылыс ауылдарының учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Измағанбетовтің ауыл арасында абыройы асқақ, беделі жоғары. Оның бірден-бір себебі сақшының антына адал болып, елге адал қызмет етуі. Соны арқасында екі ауылда да 5 жылдан бері ешқандай қылмыс тіркелмеген. Бұл қуантарлық жағдайға ауыл азаматтарының тату-тәтті қатынаста болуы және учаскелік полиция инспекторының қолға алған профилактикалық шаралары негіз болды деуге болады.
Өзгелерге үлгі болған бұл екі ауылда барлығы 3470 адам тұрады. Жалпы 9 шаруа қожалығы бар. Ауыл балалары тағылымы мол 2 білім ордасында оқиды. Ауыл тұрғындарының негізгі шаруашылығы төрт түлікпен байланысты.
Учаскелік инспектор Ғалымжан Измағанбетов өзінің жұмысы туралы:
– Екі ауылдағы қоғамдық тәртіп күн сайын профилактикалық жұмыстар арқылы күшейтілді. Бұрындары қылмыс тіркеліп, түрлі оқиғалар орын алғаны өтірік емес. Дегенмен Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құқық бұзушылықтың алдын алу саласындағы негізгі күш учаскелік полиция инспекторларына берілген болатын. Осы ретте жауапты адам болғандықтан қазір жұмыс қауырт. Бүгінде халықтың қайнаған тіршілігінің ортасында жүріп, тәртіп сақшысы халыққа жақын болудың маңызын түсініп, әрбір тұрғынға күн-түн демей көмек қолын созуға дайынмын, – дейді.
Учаскелік инспектор болғандықтан, ол бірінші кезекте ауыл тұрғындарымен және қоғамдық кеңес ақсақалдарымен, жергілікті мектеп оқушыларымен және олардың ата-аналарымен өзара байланыс орнатқан.
Ғалымжан Измағанбетов 2012 жылдан бастап ішкі істер саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Ал Қаратерең, Жаңақұрылыс ауылдық округтеріне 2018 жылдан бастап учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады. Бүгінде учаскелік полиция инспекторы өзіне берілген аумақтағы қандай да болсын құқық бұзушылыққа жол бермеу, оның алдын алу, қылмыстың бетін ашу, түскен арыз-шағымдар сияқты көптеген міндеттерді абыроймен атқарып келеді. Осы саладағы қызметі әділ бағаланып, Қызылорда облыстық полиция департаментінің алғыс хаттарымен марапатталған. Ғалымжан адал жары Гүлнұрмен екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы.
Иә, екі ауылдағы бұл қуанышты жаңалық барлық аудан халқына үлгі боларлық іс. Ауызбіршілігі жарасқан, қылмысы жоқ, көңілі тоқ ауылдардың қуанышы ұзағынан болсын демекпіз.
Г.САҚТАПОВА
30 сәуір 2024 ж. 406 0