Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » «Бойдақтар» ауылы

«Бойдақтар» ауылы

Жалпы, қарға тамырлы қазақтың рулас, туыстас, жақын араласатын жандары қай елдімекенде болсын бар. Біздің аудан шағын болғандықтан ондай жағдай тіптен көп кездеседі. Осылайша бірде әкеме еріп, бір туыстарымыздың үйіне, Жаңақұрылыс ауылына барғанмын. Сонда біз барған үйдің баласы «Бойдақтар» ауылына келдің ғой, байқа, алып қашпасын» деп әзілдеген. Ол кезде онша мән бермей, әзіл ғой деп қабылдағам. Уақыт өте келе бұл туралы тағы да естідім...
Иә, мен қателеспеген екенмін. Ауылдың таза аты мұндай болмағанымен, бойдақ ер азаматтардың көп болуына байланысты ауыл арасында осылай аталып кетсе керек. Өзі шағын ғана ауыл бізге ең жас әкімі бар ауыл ретінде де таныс.
Бізге «Приарал» атымен таныс ауыл 1992 жылы Қазалы ауданынан бөлініп, Арал ауданына қарап, совхоз өндірістік кооперативі болып құрылады. Ал 1999 жылы Жаңақұрылыс өз алдына ауыл әкімшілігі болып жаңадан ашылды.
Ауылда бүгінде 754 тұрғын бар. Бұл статистикада ауыл тұрғындарының жасы да, үлкені де, ер мен әйелі де есептелген. Соның ішінде 18 жастан бастап, яғни отбасын құруға толыққанды мүмкіндігі бар, бірақ бойдақ ер азаматтар саны – 74.
Олардың ең ересегі 1964 жылғы азамат болса, ауылдағы 18 жасқа толған 6 жігіттің бәрі де бойдақ. Арасында тіпті бір үйдің 3 ер баласына дейін үйленбеген жағдайлар кездеседі.
– Менің үйленбей қалуыма қазір себеп көп. Біріншіден, жасым 40-қа қарап барады, екіншіден, қазіргі қыздар ауылда тұрғысы келмейді, ал мен жағдайларыма байланысты ауылдан кете алмаймын. Жасы ересек қыздар да тұрмыс құрғысы келмейді. Ауыл кішкентай болған соң бірі – қарындас, бірі – туысқан. Қалаға көп шыға бермейміз. Оның үстіне қазір ата-ана көңіліне қарап, жақсы көрмеген адамыңмен отбасы құратын заман емес. Аяғы тәтті неке құру бөлек жұмыс, – дейді ауыл тұрғыны. Бұл тұрғын ғана емес, ауылдағы жасы 30-дан асқан ер азаматтың көбісі осылай дейді.
Жалпы статистика бойынша да көптеген ауыл азаматтары қазақша айтқанда «ауылда қалып қойғаннан» отбасын құрмайды екен. Екінші кезекте қыздар ауылда тұруға көнбесе, үшіншісі – материалдық жағдайдың төмен болуы. Кейбіреулер өздері бойдақтық, еркін өмірмен қош айтысқысы келмейтінін алға тартады.
«Жалғыздық Жаратқанға жарасқан» дейді халқымыз. Не де болса, қай жасқа келмесін бұйырғанның кетпесі анық. Әзірге бізге Жаңақұрылыс ауылына келін түссе, 30 күн ойыны, 40 күн тойы жасалатыны ғана белгілі.
Г.САҚТАПОВА

02 наурыз 2024 ж. 905 0