Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңақұрылысқа да көмек жетті

Жаңақұрылысқа да көмек жетті

Аудандағы қуаншылық жағдайға байланысты ауданда төтенше жағдай жарияланғанын білеміз. Көктемде жауын-шашынның өте аз мөлшерде болып, жерге шыққан көктің күннің ыстық аптабына шыдамай ерте қурап және мал су ішетін көлдерге су түспегендіктен мал шығындары болды. Сондықтан аудан көлеміндегі ауылдардың жер ыңғайына қарай "жасыл", "сары", "қызыл" аймақтарға бөлінген. Жаңақұрылыс ауылы "қызыл" аймаққа енген еді. Әрине табиғат күшіне ешкім қарсы тұра алмайды. Сонда да ауыл тұрғындарының  ауызбірлігі арқасында қысқы мал азығын дайындауда көрші Қазалы ауданының Бекарыстан би, Майдакөл ауылдарынан, тіпті сонау 360 шақырым Қармақшы ауданынан, Жаңажол, Иіркөл ауылдарынан қол орақпен шөп орып, оны тасып алуда. Шөп дайындауға барған азаматтар жергілікті халықтың жан-жақты көмегіне ризашылықтарын білдірді. Бұл – ел бірлігі. Бірлігі жарасқан ел азбайды, несібесі қашпайды. Осындайда елдің қиын кезеңінде қол ұшын созған Сыр өңірінің тумасы, бауырымыз Болат Өтемұратовтың қайырымдылық көмегіне біз ризашылығымызды білдіреміз. Мұндай көмек екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл қуаншылықты ешкім ұмытпайды. Елдің ауыртпашылығын елмен бірге көтере білген Болат Жәмитұлының елге жасаған көмегі көптің есінде.
Осы орайда аудан орталығынан шалғайда орналасқан Жаңақұрылыс ауылына көмек келді. Яғни Жамбыл облысынан келген пресс шөпті тұрмысы төмен, мүгедек, еңбекке жарамсыз 6 отбасына әрқайсысына 100 дана пресс түссе, 138 үйге 4 престен таратылды. Болат Өтемұратовтың көмегімен келген жемді 138 үйге 9 қаптан жем әрбір отбасына таратылып берілді. Бұл ретте ауыл әкімі Биғали Әбдіраймов қиыншылықтарға қарамай, елді біріктіре білгенін айта кету керек.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?! Елге көмек жасап жатқан азаматтарға біз дән ризамыз.
Сердалы ШАЛБАЕВ,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы
14 тамыз 2021 ж. 324 0