Жаңақұрылысқа да ұялы байланыс орнатылды

Осы аталған жұмыстар бүгінгі таңда халыққа өз нәтижесін беруде. Яғни мектеп оқушыларының тілегі қабыл болып, мектепке автокөлік беріліп, ата-аналар мен оқушылар қуануда. Жаңақұрылыс-Бекарыстан би ауылы аралығындағы жол жөндеу жұмыстары басталып, келер жылы халық игілігіне беріледі деп күтілуде. «Нұралы» жармасына шлюз салу жобасы жасалды. Тәуелсіздік күніне орай ауыл орталығынан ұялы байланыс телефоны орналасып, халық игілігіне берілді. Ауыл тұрғындары қашықтағы ағайындарымен, балаларымен үйде отырып-ақ сөйлесе беретін болды. Бұрынғыдай төбе-төбені қуаламайды. Әрине мұны аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың жаңақұрылыстықтарға деген тартуы деп білеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Цифрландыру сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы» деп атап айтқан. Мемлекет басшысы Жолдауының іске асырылып жатқаны қуантады. Аудан басшысы жылдық есеп беру кезінде жаңақұрылыстықтардың талап-тілектері толығынан ескеріліп, орындалғанына ауыл тұрғындары аудан әкімі Мұхтар Әуесұлына ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын беруде. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген осы болар.
Серделы Шалбаев,
Жаңақұрылыс ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы