Жаңақұрылыстың жаңа жолы алысты жақындатады

Бүгінгі таңда жаңақұрылыстық ағайынның аудан әкімі М.Әуесұлына алғысы шексіз. Қазіргі кезде Жаңақұрылыс елді мекенінде жүріп жатқан жолдың сапасына мән беріп, уақытпен санаспай еңбек жасап жүрген жол салушы азаматтардың еңбегін ауданымыздың айнасы «Толқын» газеті арқылы жеткізуді жөн көрдім.
Жұмыс арасында жол салушылардың бригадирі Бексұлтан Тәттібаевтан жоспарлы жұмыс жайында сұрадым. Күнге күйген қара торы өңі шырайланып:
– Аға біздер бұл жұмысқа үйренгенбіз, әрине сіз сұрағандай жолдың сапасына қатты мән береміз, ертең сұрауы бар жауапты жұмыс. Халықтың реніші емес алғысын алуымыз керек. Жұмысшылардың жағдайы жақсы. Күнделікті межемізге сәйкес қозғалып жатырмыз. Механизаторларымыз Ерболат Әбдібаев, Болат Шауменов еселі еңбек етіп жатыр. Осы қарқыннан таймасақ, 22 шақырым жерді мерзімді кезеңде аяқтаймыз деген ойдамыз, – деді ол.
Әрине жолдың жайын жүрген білер демекші жолың жайлы болса, сол елдің экономикасы, ырыс-несібесі артады. Аудан басшысы мен уақытпен санаспай жұмыс істеп жатқан мекеме жұмысшыларының адал еңбегін жоғары бағалай келе, ауыл халқы да өз игіліктеріне жарар осы жолдың сапалы түрде тезірек біткенін қалайды. Жол салушыларға ауыл ардагерлері Бағдәулет Жұмабаев, Жақсылық Мәмбеталиев, Айжігіт Ерниязов игі тілектерін білдіріп, батасын берді.
Түйген ой
Сырдария өзенінің бойына салынып жатқан көпір біткеннен кейін облыс көлемінде, облыс көлемінен тыс жерлерге Жаңақұрылыс елді мекені арқылы Қаратерең, Ақбасты, Құланды, Қарашалаң, Тастақ елді мекенінің тұрғындары өз өнімдерін, теңізден аулаған балықтарын сыртқа шығарып, кәсіпкерліктерін дамыта алады. Әрине, жолдың жайлылығы, жақындығы керек. Осы себептен «Қаз-автожол» АҚ, облыстық жолаушылар көлігі және автомобил жолдары басқармасы Жаңақұрылыстағы жолмен шектеліп қалмай, Қазалы ауданына қарасты Бекарыстан-би ауылына дейінгі 13 шақырымды да реттесе деген тілегі бар. Сонда ел риза болып, әлеуметтік тұрмыстық жағдайлары жақсара түсер еді.
Сердалы Шалбаев
Жаңақұрылыс ауылдық
Ардагерлер кеңесінің төрағасы.
КСРО денсаулық сақтау саласының
үздігі .