Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мақтаулы маман

Мақтаулы маман

Өмірде денсулықтан артық байлық жоқ. Оны жаны сыздамаған жан түсіне бермейді. Жаны ауырып, түрлі дертке ұшырағандар денсаулықтың қадірін әлдеқашан мойындап қойған. «Халқымыздың «басты байлық – денсаулық» деп бір ауыз сөзбен айта салған даналығына бас идім. Ұйқы тыныш, тәбетің жақсы боп, ертеңгісін еш жерің ауырмай оянудың өзі жарты бақыт екенін ұқтым» – деді емес пе дерті жанына батқан тележүргізуші Бейсен Құранбек. Міне, біз сондай сынақ келгенде аурухана төсегіне таңылып, медицина мамандарының көмегіне мұқтаж боламыз. Әрине шықпас жанға себепші болып, түрлі диагноздар қою арқылы дертіңмен күресетін дәрігердің орны бөлек. Ал содан кейінгі күтім жасау мен дәрігердің нұсқаулықтарын орындауда қабағы мен көңілі арқылы науқастың дертінен айығуына себепші болатын медбикелердің медицина саласында маңызы зор.

Иә, 12 мамыр– Халықаралық медбикелер күні. Бұл мереке 150 жылдан астам тойланып келеді, бірақ 1974 жылдан бастап ресми түрде атаулы күн болып белгіленді. Содан бері бұл ең қажетті және маңызды мамандықтардың өкілдеріне алғыс білдірудің тамаша мүмкіндігі саналып келеді. Осы орайда сол бір алғыс пен құрметтің лайықты иесіне айналған маман жайында сөз сабақтамақпыз. Сондай құрметке лайық жанның бірі – аудандық аурухананың жансақтау бөлімінде күндізгі мейіргер болып қызмет атқаратын Ақгүл Жалмағанбетова. Өзі Аманөткелдің тумасы. Ауыл мектебін бітірген болашақ мейіргер Ақтөбе медициналық колледжін мейіргер ісі мамандығы бойынша 1998 жылы тәмамдайды. Елге келген соң уақытша мейіргер, ауыл дәрігерінің көмекшісі қызметтерін атқарады.
– 1998 жылы оқу бітіріп ауылға келдім. Ол кезде дайын тұрған орын жоқ болды. Еліміз енді еңсе тіктеп, жұмыс орындарының енді ашыла бастаған кезі ғой. Ауылда көбі жұмыссыз болды. Оқу бітірген көптеген мамандар өзіміз секілді жұмыссыздар санатында еді. Алғашқыда өз мамандығымнан қол үзбеу мақсатында ауылдағы дәрігердің көмекшісі қызметін уақытша атқарып жүрдім. Жалақы да мардымсыз еді. Тіпті, жоқ десе де болады. Сондықтан ол жұмысты нақты жұмыс деп айта алмадым. Дей тұрғанмен, сондағы жұмыс өтілім мені белгілі бір ортада жауапкершілікпен еңбек етуге үйретті. Уақыт өте 2006 жылы Арал қаласына келгеннен соң осында өзімнің өмірлік жолдасымды кезіктірдім. Осылайша отбасылық өмірім басталып кетті. Бала күтімі, үй шаруасы сынды жұмыстардан бас көтермей жүргенде он жылдай уақыт зымырап өте шығыпты. Нақтысы 2016 жылы қазіргі жұмысыма ресми кірісе бастадым, – дейді мейіргер маман А.Жалмағанбетова.
Отбасылық өмірде өз орнын тауып, ибалы келін, аяулы ана атана білген кейіпкеріміз бүгінде өмірлік жары Қазыбекпен бірге үш перзентін мәпелеп өсірген ардақты жан. Шаңырақтың ұйытқысы болумен қатар, медицина саласының кәнігі маманына айналған Ақгүл талай нәрестенің жарық дүние есігін ашуға себепші, ана мен баланың күтіп-баптайтын бағбаншысы десек жарасатындай. Ол көбіне кесір тілігі жасалатын аналардың қолдаушысы һәм күтушісі.
– Сәтті жасалған ота – біздің жұмысымыздың нәтижесі. Отадан кейінгі жауапкершілік мойнымызда болғандықтан, әрбір науқастың өмірі біз үшін аса маңызды. Сол үшін ұйықтамаған, уақытпен санаспаған сәттер көп болды, – дейді мейіргер маман Ақгүл.
Иә, «Әрбір науқас жанның үйіне аман-есен оралуы – біз үшін зор бақыт» деген еді кейіпкеріміз. Расында өз ісін асқан жауапкершілікпен атқарған маман қай кезде де мақтауға ие болады. Мұны уақыттың өзі дәлелдеп келеді. Қат-қабат тірлікпен қатар қызметті де абыройлы алып жүрген осындай жандардың қоғамға қосар үлесі ерекше десек, біз тақырыпқа арқау еткен Ақгүл Жалмағанбетованы мақтаулы маман деуге толық негіз бар. Газетіміздің мерекелік мезіреті осындай жандарға арналды. Мереке құтты болсын!
А.Бисенов
11 мамыр 2024 ж. 240 0