Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспаналы болудың оңтайлы бағыты қайсы?

Баспаналы болудың оңтайлы бағыты қайсы?

Қазіргі таңда баспаналы болу – басты мәселе. Ол ауыл не қала болсын, айырмашылық жоқ. Қазақ «Үйлі болсаң, күйлі боласың» деген тәмсіл сөзді бекер айтпаса керек. Осы күні баспаналы бола алмай пәтерден-пәтерге көшіп, жұрттың қалтасын қомпитып жүрген қазақ көп. Олардың арасында «өз үйім өлең төсегім» деп армандап жүргендері қаншама?! Оған себеп, жиған аз-маз қаржысы шайлығынан ауыспай жүрген жандардың баспаналы болудың тиімді тетіктерін қарастыра алмауында. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын қалаларды дамыту бағытында халықты баспанамен қамтуды басты назарға алған болатын.

"Еліміздің дамуындағы моноқалалардың рөлі өте зор. Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 89 қала бар. Соның 27-сі немесе 30 пайызы моноқалалар. Қазір моноқалалар экономикамызды дамытуға едәуір үлес қосып отыр. Олар өндірістік өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді" деген болатын Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Елімізде баспаналы болудың тиімді жолдарын нұсқайтын түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Олар «Отбасы банк» арқылы жүзеге асырылады. Әрине ол үшін әрекет жасау керек-ақ. Алдын ала банктен есепшот ашып, шама-шарқыңызға қарай табысыңыздың бір бөлігін «үйлі болсам» деген ниетпен жинақтасаңыз, банк тарапынан жылдық сыйақы еншіліп, қаражатыңыз әжептәуір өсім алады. Және белгілі бір шекті мөлшерлеме мен мерзімде тұрақты түрде жинақтап жүрсеңіз, онда қоныс тойды тойлауды да оңтайлы сәті түсе қалады. Арал қаласында «Отбасы банктің» бөлімшесі жұмыс істейді. Ондағы мамандар сізге ақыл-кеңес беріп, қаражат жинақтаудың оңтайлы жолдарын көрсетіп береді. Бір қуантарлығы, үстіміздегі айдан бастап елімізде «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы іске қосылған болатын.
– Қазақстанда «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасы басталды. Оның іске қосылуын Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған болатын. Аталған бағдарлама арқылы үйлі болу үшін «Отбасы банкіндегі» есепшотыңызда 1 миллион теңге болуы тиіс. Депозит мерзімі маңызды емес. Бұған қоса 20 пайыз бастапқы жарна болуы керек. Және тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін кредит бойынша 7% мөлшерлеме, ал азаматтардың барлық санаттары үшін кредит бойынша 9% мөлшерлемемен ұсынылады. Несиенің мерзімі 19 жылға дейін. Бір ескеретіні, соңғы 5 жылда сізде де, сіздің отбасы мүшелеріңізде де меншігінде тұрғын үй болмауы тиіс. Бұған қоса соңғы 6 айдағы ресми кірісті растайсыз. Бұл бағдарлама арқылы Алматы, Астана, Шымкент және облыс орталықтарында бастапқы тұрғын үй сатып алуға болады. Моноқалалар мен ауылдарда жылына бөлінетін қаражаттың жалпы көлемінің 30% - нан аспайтын қайталама тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік берілген, – дейді «Отбасы Банкі»-АҚ-ның Қызылорда облысы филиалы, Арал аудандық кеңес беру орталығының қаржылық кеңесші Үрлән Қуатбаева.
Бағдарлама 8 жылға бағытталған. Жыл сайын «Наурыз» бағдарламасына 200 млрд теңге бөлінеді. Жалпы осы уақыт ішінде Қазақстанның 68 000 азаматын өз тұрғын үйімен қамтамасыз ету жоспарлануда. Биылғы жылы қоныс тойын 12 мың қазақстандық тойлай алады.
Атап өту керек, ақпарат көздерінің мәліметіне сүйенсек, аталған бағдарлама іске қосылған шақтан бастап 3 мыңнан астам қазақстандық өтініш білдірген. Өкінішке орай, өлшем шартына сәйкес келмеген көпшілігінің өтініші қанағаттандырылмапты. «Наурыз» бағдарламасы бойынша тұрғын үй алуға өтініштер маусым айының соңына дейін жалғасатын болады.
Бұдан өзге де әр өңірдің халқына тиімді етіп жасалған тұрғын үй бағдарламасы бар. Бүгінгі аудан халқына оңтайлы бағдарламаға кеңінен тоқталып өткен «Отбасы Банкі» АҚ-ның Қызылорда облысы филиалы, Арал аудандық кеңес беру орталығының қаржылық кеңесшісі Үрлән Қуатбаева айтуынша, аудан бойынша да аталған банктен есепшот ашқан тұрғындар баршылық. Және қоныс тойын тойлағандардың да қарасы қалың екен. Демек, бұл тиімді бағдарлама арқылы да қоныс тойын тойлау бақыты аралдықтарға да бұйырады деген сөз. Назерке Бақыран

Назерке БАҚЫРАН
Фото: ​egemen.kz​​​
20 мамыр 2024 ж. 152 0