Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Келешекті ойлаған шебер

Келешекті ойлаған шебер

Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің ең байырғы, аса құнды саласының бірі – қолөнер. Қолөнер өресі биік, өрісі кең өнер. Қазақ қолөнері өзінің төл тума бітім қасиеттерімен, көркемдік мән мағынасымен өткен асыл қазынасы. Ол – халық қолөнерімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр. Ұлттық қолөнерді игеру арқылы өз халқының тарихи аса құндылықтарын біліп, мәдени мол мұрасын қадірлеп, салт-дәстүрлерді өз бойларына сақтап, кәсіби ісіне қажетті эстетикалық, этникалық, ұлттық қасиеттерін қалыптастыруға негізделген. Бүгінде қоғам үнемі даму үстінде. Осы қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың даму деңгейі мен тыныс тіршілігі әр алуан. Саналы да салауатты ұрпақ тәрбиелеу және балалардың шығармашылық дарындылығын дамыту және оны тәрбиелеу негізінде қазақ халқының ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздікті нығайту, елімізге асқақ руханият пен азаматтықты өркендету үшін бүкіл күш-жігерін жұмылдыруға қажетті құбылыстардың бірі – қазақ халқының ұлттық дәстүрін, мәдениетін, тілін, қолөнерін оқытып үйрету қажет. Ата-баба мұрасын ұлттық өнер үлгілері арқылы сіңіріп, қолмен істеп, көзбен көріп, тәжірибе арқылы орындай білген азаматтар ұлттың өткенін сақтай отырып, жаңа бағытқа бет түзеген ұрпақты рухани байыта түсетіні белгілі.
Бүгінде бұл бағытта жұмыс жасап келе жатқан жандарды аз деуге келмейді. Бірақ өз ісінің білікті мамандары әлі де болса көп емес. Келешекті кемелдікке еңбекпен тәрбиелеп жүрген бірегей жандардың бірі бүгінгі біздің кейіпкеріміз – Әлнұр Жарқынбаев.
Қарақұм ауылында дүниеге келген ол 1988 жылы мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң Қызылорда қаласындағы политехникумға оқуға түсті. Алайда 1989 жылы әскер қатарына шақырылып, 1989-1992 жылдар аралығында Камчаткада әскери теңіз флотында Отан алдындағы борышын адал өтеп келген ол білімін жалғастырып, "техник-құрылысшы-технолог" мамандығы бойынша диплом алады.
Еңбек жолын Арал қаласындағы электро-техникалық зауытында бастаған ол 1994 жылы №14 мектеп-лицейіне еңбек пәнінің мұғалімі болып орналасады. Кейіннен №83, №19 орта мектептерінде шәкірт тәрбиелеген Әлнұр қызметтен қол үзбей жүріп, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің құрылыс мамандығы бойынша Құрылыс Бакалавры академиялық дәрежесін алды. 2014 жылы осы университеттің "кәсіптік оқыту" мамандығын бітіріп, 2019 жылдан бері №2 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында мамандығы бойынша жұмыс істеп келеді.
Бұл кейіпкеріміздің ұстаздық ұлағаты ғана. Ал елдің болшағына енжар қарай алмаған Әлнұр әріні ойлап келеді. Бүгінгі балдырған буынның келешекте кедергісіз өсуін қалайтын ұстаз қоғамға қолдан келер көмегін тигізіп жүр. Ол әлбетте зиянды заттардан аулақ ету. Ал балаға күнделікті қолданатын ең зиянды дүние ойыншық емес пе?!
Иә, ойынмен өсетін балақайдың бірінші кезекте ойыншығы қауіпсіз болуы керек. Ал оны ескеріп жатқан адам аз. Кім баласын қуантқысы келмейді дейсіз?! Кез келген ата-ана балаға қуаныш сыйлау үшін қалағанын тарту етеді. Бірақ көпке қолжетімді бұл қуырқаштар мен ойыншықтардың құрамына аса мән бермейміз. Ойлай қалған күннің өзінде табиғи заттардан дайындалған балаларға арналған дүние таптырмайды. Ал Әлнұр сол қажетті нәрсені жасап келеді.
Әр нәрсеге бір себеп болады ғой. Әлнұр қолөнерді жастайынан бастаған. Бірақ кейін қол үзіп кетеді. Бір сөзінде кейіпкеріміз:
– Жақсықылыш кентіндегі №19 орта мектепте мұғалім болып жүрген уақытым. Сол тұстағы мектеп директоры Алтын апай бір күні мені шақырып алды. Қолыма ағаштарды ұстатты да, «оқушыларға мынадан бірдеңе жасап әкел» деп тапсырма берді. Табан астынан ойыма не келе қойсын? Содан баяғы өзім бала кезде жасаған «Ортеке» қуыршағының жаңа нұсқасын жасадым, – дейді.
Сәтті шыққан осы ойыншық оған шабыт берген. Сондай-ақ ол өз ісінің сәтті шығуына тағы бір себепкер деп балаларды таниды. Туындыларын көрген балалар өз ойларын, қиялдарын айтып тың дүниелердің өзгеше түрленуіне көмекші болып келеді.
Міне, ұстаздықты ұлт болашағын тәрбиелеу деп білген азаматтың мұндай қадамы көңіл қуантады. Сондай-ақ, алдағы уақытта да осы бағытта жұмыс жасайтын жандардың көбейгенін қалайды. Осы мақсатта білгенін ішіне бүгіп қалмай, жанында үйренемін деген біреу болса, қуана қолдап бар қолдан келерін жасап, баулып, машықтандырудан жалыққан емес. Ұстаздың да құрмет тұтар ұстазы болады. "Үлкенді тыңдап, ақылын алғаннан жаман болмайсың" деген ұстанымды серік еткен ол қаладағы №83 орта мектепте балаларға сабақ беріп жүргенде Сайлау ағамыз "Әлнұр, сен жақсы¬ шебер¬сің, бірақ мұның барлығын оқушыға үйретсең, оны тәрбиелесең, сонда¬ ғана сенен із қалады" дейтін. Осыдан кейін мен қолөнерді шәкірттеріме үйретуді жөн санадым дейді.
Еткен еңбек елеусіз қалмайды ғой. Әлнұр да әз өнерінің арқасында талайға танылды. 2018 жылы "Рухани жанғыру мақаласында айрықша маңызды саяси реформа мен экономикалық қолға алу мақсатында үлес қосқан үшін. Дамыған дәстүрімізді алдыға қойып, ұлттық құндылығымызды сақтай отырып өнеркәсіпті дамытқаны үшін « Қобыз үні » көрмесінде «Ағаш ұстасы» номинациясы бойынша ІІ орын иеленіп, сол жылы облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасын иемденген. Мұнан бөлек екі мәрте облыстық білім басқармасының Алғысын, «Ozattar – білім саласы үздіктерінің энциклопедиясы» Құрмет грамотасын, республикалық ғылыми, ақпараттық-танымдық педагогикалық журналы Құрмет грамотасын, облыс әкімі мен аудан әкімінің Алғыс хатын, "Үздік авторлық бағдарлама – 2022" облыстық байқауында ІІ орын иеленген ол мұнан бөлек те талай марапат пен жетістіктің төрінен көрінді. Алайда мақтағанды да, мақтанғанды да өзіне жат санаған азамат ұстаздың еңбегін шәкірті көрсетеді дейді.
Расында өзінің қызметтік жылдарында талай оқушыны баулып түрлі додаға қосса, руспубликалық, облыстық, аудандық жарыстарда да тәрбиеленушілері жерге қаратқан емес. Алдағы уақытта да білім мен өнерді қос қанатындай көретін, талай баланың болашағына бағдар сілтейтін ұстаздан көптеген жетістік күтеміз.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
21 мамыр 2024 ж. 175 0