Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық құтқарушылар су басқан аймақтардан облысқа оралды

Қызылордалық құтқарушылар су басқан аймақтардан облысқа оралды

Қызылордалық құтқарушылар еліміздің су тасқыны болған аймақтардағы жұмыстарын аяқтап, облысқа оралды.

Құтқарушылар биыл Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау облыстарында су тасқынын жоюға атсалысты. құтқарушыларды салтанатты түрде күтіп алды.

Сыр құтқарушылары апат аймақтарында су тасқынына қарсы қарқынды жұмыс жасады. Жергілікті тұрғындарды оқшауландырып, су қоймаларының көтерілуін бәсеңдетуге ат салысты. Су басқан өңірлерде қызмет еткен 80 қызметкер мен арнайы 9 техника, 5 қайық Қызылорда облысына оралды.

Солардың бірі — қызылордалық құтқарушы Қайрат Қыдырәлиұлы Кенжебаев 22 жылдан бері төтенше жағдайлар саласында қызмет атқарып келеді.

Ұзақ жылдар бойы өз саласында мол тәжірибе жинақтаған қарапайым еңбек адамы Атырау облысында халықты су тасқынынан құтқару бағытында уақытпен санаспай еңбек етті. Тәжірибелі маман төтенше жағдай кезінде жұмыстың дұрыс үйлестірілуі және ұжымның ауызбіршілігі аса маңызды екенін айтады.

«Топан судың алдын алу және жою кезіндегі қажетті техникаларға уақытылы күтім көрсетіліп, олардың үздіксіз жұмыс жасап тұруы маңызды. Мен бала кезден әкем көлік жөндеп жатқанда қасында жүріп, қатты қызығатын едім. Ал қазір өзімнің балаларым менің жанымда дәл солай құрақ ұшып техника жөндеуге көмек көрсетеді», — деді ол.

Айта кетсек, қызылордалық құтқарушылар Атырау облысында Жайық өзеніндегі мол судың салдарынан аралда қалып қойған 65 жылқыны қауіпсіз жерге шығарды.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Сурет: kaz.inform.kz
05 маусым 2024 ж. 241 0