Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шәкірттерін шетел аралатқан - Үміт

Шәкірттерін шетел аралатқан - Үміт

Қайсыбір мақалада ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Шын мәнінде, кез келген мемлекетті тұрғындарына қарап бағалайды. Яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет» деген сөзін көзім шалып қалғаны бар еді. Бұл менің өмірлік ұстанымыммен сәйкес келгендіктен көңіліме қона кетті. Әрине әрбір ата-ана өзінің баласының болашағынан зор үміт күтеді. Келешегі жарқын, саналы азамат болғанын қалайды. Дегенмен олар сол армандарына жету үшін баланың дамуына мүмкіндік көздерін қарастыра алмай жатады. Ата-ананың парызы – баланың тән қалауымен қоса жан қалауын да орындап, қаршадайынан санасына білім нәрін сіңіру. Осы орайда мен өзімнің білім білігіне көзім айқын жеткен қаладағы «Умка» оқу орталығының негізін қалаушы Үміт Қазыбаева туралы айтқым келеді.
Тұңғышым Нұрсезім Ахмет қаладағы №14 мектеп-лицейдің 7 сыныбын тәмамдады. Ес біле бастағаннан Нұрсезім өзінің ағылшын тіліне бейімділігін байқатты. Және болашақта шетелде білім алу арманы екенін де айтып қалды. Әрине жолдасым екеуміз қызымыздың арманын орындау үшін ешнәрседен аянып қалмадық. Ағылшын тілінен тереңдетіп оқытатын түрлі орталықтарға беріп көрдім. Бірде Нұрсезім қатарластарынан «Умка» оқу орталығы туралы естігенін айтып, сонда ағылшын тілінен білім алуға ниет білдірді. Әрине, біз қолдай кеттік. Осылайша соңғы екі жылда «Умка» оқу орталығында ағылшын тілінен тереңдетілген білім алып келеді.
Алғашқы барған уақытта Үміт Қазыбайқызы бір аптаға жуық баланы бақылап, оның қабілетін саралайды. Сонан соң ғана оқуға қабылдайды екен. Нұрсезімнің болашағынан ұстазы үміт күтті. Орталыққа барған соң қызымның құлшынысы тіптен ояна бастады. Үміт Қазыбайқызының жібектей жұмсақ мінезі, балаларға мейіріммен қарай отырып, санасына білім сіңіре білуі шәкірттерінің алға қадам басуына көмектесті. Және оның білім беру тәсілі мектеп бағдарламасын меңгертуімен шектелмейді. Өзінің бөлек арнайы оқулықтары арқылы терең оқытады.
Және бір қуантарлығы, оқу орталық өзінің үздік нәтижеге қол жеткізген шәкірттерін шетелге апарып, ондағы әйгілі университеттің профессорларынан дәріс алып, саяхаттап қайтуға жағдай туғызады. Мұндай батыл қадамдар жасайтын Аралдағы жалғыз қосымша білім беру орталығы "Умка" оқу орталығы деп сеніммен айта аламын. Сөзімнің дәлелі ретінде Үміт Қазыбайқызы өзінің бір топ шәкіртімен күні кеше ғана бір апта Дубайға барып келді. Сол топтың арасында менің қызым Нұрсезім де бар. Оқушылардың шетелдегі қаржылық шығындарының да жартысын ата-аналар өтесе, жартысын оқу орталық төлеп берді. Біз тек жол ақысын өтедік. Ал апай жатын орнын, тамағы мен саяхатының қаржысын көтерді. Балалардың осы сәттегі көңіл-күйін сөзбен жеткізіп айту мүмкін емес. Бұл деген керемет емес пе?!
Өзге елдің табалдырығын аттап, жерін көрген қызымның қуанышында шек жоқ. 13 жаста болса да ол ересек адамша сөйлеп әсерімен бөліскенде өзіміз таң қалдық.
– Анашым, әлемде қандай керемет қалалар, зәулім ғимараттар мен техникалар бар. Осының бәрін адам ойлап тауып, адам қолымен жасалды ғой. Мен болашақта шетелде оқығым келеді. Мұнда мол тәжірибе жинақтап Қазақстанның дамуына үлес қоссам деймін. Біздің еліміздің де осындай ғылым, білімі дамыған, сәулеті келіскен көркем ел болғанын қалаймын, – деді қызым.
Олар өздерінің теориялық білімдерін іс жүзінде жүзеге асырып, ағылшындармен сұхбаттасты. Білікті университеттің профессорларының лекцияларын тыңдады және Қазақстанды, оның ішінде Аралды әлем халқына таныстырды.
Әрине жас балалармен шетелде жүру оңай емес. Бірақ сондай қиындықтарға қарамастан Үміт Қазыбайқызы шәкірттері үшін жаны қалмай бәйек болып жүр. Олардың әрқайсысына өзінің баласындай мейірімін төгуде. Келер жылы жақсы нәтиже көрсеткендерді жолдамамен Англияға апаруды да жоспарлап отыр.
Болашақ – осы жас жеткіншектердің қолында. Сондықтан ата-ана баласының болашағы үшін қазірден бастап қамдануы керек. Қай уақытта да балаға жан-жақтан қолдау болғанда ғана жақсы нәтиже көрсетеді. Және ата-ана өз қалауын емес, баланың қалауын орындауға тырысу керек деп ойлаймын. Ойлап қана қоймай, осыны ұстанамын. Үміттің білімі мен біліктілігіне көзім толық жеткен соң екінші қызым Бегімсұлуды да осы оқу орталығына бердім. Мүмкін ол Нұрсезім сияқты әлем аралайтындай нәтижеге қол жеткізе алмас, дегенмен өз нанын сұрап жейтін ағылшыншасы болса деймін.
«Умка» оқу орталығының жақында Алматы қаласынан филиалы ашылды. Аралда жүріп, еліміздің алып шаһары Алматыдан оқу орталығын ашу кез-келген адамның қолынан келе бермейді. Сондықтан осындай білімді ұстаздың өз туған жерімізден шыққанына қуанамыз және бағалай білуіміз керек.
Бұл мақаланы редакцияға жолдаудағы мақсатым – арамызда жүрген осындай жанашыр ұстаздың еңбегін елге білдіру және ағылшын тілін жақсы меңгертетін орталық таппай жүрген ата-аналарға жол сілтеу болды.
Эльмира Келімбетова
18 маусым 2024 ж. 200 0