Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шәкірттерім алға озса шаттанамын

Шәкірттерім алға озса шаттанамын

Өткен жылы Елорда төрінде 11 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан білім беру саласының үздіктерін анықтайтын республикалық байқауда топ жарып «Үздік педагог – 2023» төсбелгісінің иегері атанған қаладағы №14 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Қонарованың тұлғалық келбетін таныту мақсатында сұхбат жүргізген болатынбыз.
– Сіз тәжірибелі мұғалім екендігіңізді дәлелдеп жүрсіз. Салыстырмалы түрде қарастырып көрейікші, бұрынғы білім беру жүйесі мен қазіргі жүйеде қандай ерекшелік бар?
– Менің мектепті өмірімнің бір бөлшегіне айналдырып, шәкірттерді туған баламдай білім көшіне бастап, жанашылдық танытып, сол арқылы биік белестерді бағындырып келе жатқаныма да биыл 32 жыл болыпты. Қарап отырсақ, бұл аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде қаншама шәкірттің мерейі артқанын көрдік. Оларға ақылымыз бен білімді қатар септік. Бұрын оқушылар білімді тек кітаптан алатын. Тақта мен бор, қолдан жасалған көрнекіліктермен оқушыны қызықтыруға тырыстық. Қазір жүйе толық цифрланған. Оқушы заман талабына сай білімін жан-жақты толықтыра алады. Мемлекет дамудың даңғыл жолына түсіп, жан-жақты өркениетті меңгеріп жатқан шақта білім беру жүйесі де толықтай жаңартылып, заман талабына сай жабдықталып келеді. Бұрын біз шәкірттерге тың дүние үйрету үшін көп ізденуші едік. Қазір оның бәрі цифрлық жүйе арқылы оңай қолжетімді болды. Мемлекет мұғалімге жақсы жеңілдіктер жасап жатыр. Жалақының еселеп өскені де білім берушілердің материалдық жағдайын жақсартып қана қоймай, мерейін де өсіре түсті. Қысқасын айтсам, үкімет мұғалімді өз «панасына» алды.
– Сіз шәкірттерге қандай талап қоясыз?
– Тәртіп, жауапкершілік, адалдық. Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының мына бір сөзіне тоқтала кетпеуге болмас. «Тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың хас жауы» дейді ғой. Расында тәртіп болмаған жерде еңбек еш кетеді. Ең алдымен оқушыны дұрыс сөйлеу, өзін-өзі дұрыс ұстауға, мұғалімді, үлкенді сыйлауға үйрету керек. Ал жауапкершілік адамның қоғамдағы беделін бекіте түседі. Жауапкершілігі жоқ адамнан ештең шықпайды. Ондайларға үміт артудың өзі артық. Сондықтан оқушының бойына жауапкершілікті сезіну және соған селкеу түсірмеу керектігін сіңіру керек. Және адалдық. Бұл әр адамның бойында болу керек қасиет. Өмірдің өзі жақсы мен жаман, ақ пен қара секілді, адалдық пен арамдықтан тұрады. Адал шәкірт өсіру, тұлға  қалыптастырудың тетігі деп ойлаймын. Және оқушының бойына тарыдай кезінен сіңіруге тырысамын.  
– Ылғи сіздің биік белестерді бағындырып жүргеніңіздің куәсі болып жатамыз. Бұл ізденімпаздықтан ба, әлде білім мен білігіңіздің нәтижесі ме?
– Сіз санамалап отырған қасиеттердің бәрі ұштасқан кезде адамның жетістікке жетпеуі, биіктерді бағындырмауы мүмкін емес. Мен ойлаймын, мұғалім ол шәкіртке үлгі болуы керек. Оқушыдан білімді, жетістікті талап ету үшін өзің де сол талапқа сай болуың қажет. Олай болмаған жағдайда қадірің кетіп, беделің төмендей береді. Тек жай ғана 45 минутты өткізіп шығу – мұғалімнің мүсәпірлігі. Шәкірт тәрбиелеп отырған адам үнемі ізденісте болуға міндетті. Заман мен техника күн сайын қарыштап дамуда. Бұрынғы ескіліктің сарқыншағын сақтау арқылы ештеңге қол жеткізе алмайсың. Терең білімді меңгеру керек. Ол әрине, тәжірибемен келеді. Бүгін жұмысқа оналасқан маманнан үлкен жетістік күту де артық. Олардың ізденіп, ысылуына мүмкіндік туғызу керек. Адам алдына әркез мақсат қоя білуі шарт. Және соған жету жолында өзін дамытудан, білімін жетілдіруден шаршамауы қажет. Ізденімпаздық пен білімділіктің арқасында, мақсатыма қол жеткізіп келемін.
– Сіз үшін мұғалім қандай болу керек?
– Мұғалім алдымен өзінің мамандығын жақсы көру керек. Және  балаларды  тұлға ретінде тану қажет. Адам өзінің сүйікті ісімен айналысқан кезде жан-тәнімен беріліп істейді. Ол өзінің өмірінің бір бөлшегіне айналып кеткенін де аңғамай қалады. Әсіресе мұғалім болуды таңдаған кезде басқадай мақсатпен емес, өзінің жан қалауымен келуі маңызды. Себебі біз болашақты жетілдірушіміз. Әрбір шәкірт – болашақ өз алдына бір-бір тұлға. Олардың шамшырағы мектептен жағылып, өмір тетігі мектептен басталып қалана бастайды. Сондықтан мамандығын сүйіп келген мұғалім білімді, жылдар өте келе білікті ұстазға айналады. Бір сөзбен айтқанда, мұғалім оқушының обалына қалмай, сауабын алуы керек.
– Сіз қатал мұғалімсіз бе?
– Жоқ, мен талапшылмын. Осы арқылы шәкіртті тануға болады. Мен оқушыдан өзімнің жасаған жұмысымның нәтижесін күтемін. Және оқушының жан-жақты ізденісте болғанын қалаймын. Талап қою баланың жауапкершілігін арттыруға бірден-бір мүмкіндік. Өзіміз оқушы кезде ағай, апайлардың қас-қабағына қараушы едік. Бар ықыласымызбен тыңдаушы едік. Қазіргі кезде де ата-ана мен мұғалім арасындағы байланыс мықты. Бұл өте дұрыс. Себебі, мұның бәрі бала тәрбиесіне оң ықпалын тигізеді.
– Бүгінгі шәкірттердің ерекшелігі неде?
– Бүгінгі шәкірттер өз көзқарасын ашық білдіре алады. Және шыншыл. 32  жылда мыңдаған оқушыға ұстаздық еттім. Кейін өзіммен әріптес болып қызмет атқарып жатқандары да бар. Тәуелсіздікпен бірге адамдардың ой-өрісі, өмірге деген көзқарасы, психологиясы да дамыды. Қазіргі оқушылардың өз ұстанымы бар, ашық түрде пікірлеседі. Көзқарасын айқын білдіре алады. Бұл жақсы деп ойлаймын. Жастар жаңалыққа құмар. Мен өскелең ұрпақтың болашағынан көп үміт күтемін.
– Ойыңыз бен тәжірибеңізді ортаға салып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.
Әңгімелескен Назерке МАРАТҚЫЗЫ


06 қаңтар 2024 ж. 2 889 0