Мектеп-лицей шәкірті гран-при иегері
Республика төңірегінде өткізілген және қазіргі білім беру жүйесінде орта, жоғары буын оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мақсатында ағылшын тілін оқыту практикасын инновациялық қайта құру бойынша оқушылардың қызметін өзектендіруге арналған республикалық «EDU Stream жұлдыздары» байқауында қаладағы Н.К.Крупская атындағы №14 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Жаңабай Нұраян гран-при иегері атанып, жеңіс тұғырынан көрінді.Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Ғылым мен техниканы қатар игеріп келе жатқан сол жастардың қатарында аралдық оқушылар да бар. Бүгін біз сенім артқан жалынды жастар өкілі Нұраян білім бәсекесінде бақ сынап, үздік атанды. Кіл үздіктер арасынан суырылып, шашасына шаң жұқтырмаған Нұраянның бұл жеңісін тынымсыз дайындық пен төккен тердің нәтижесі деп білеміз.
Иә, "Білімді ұрпақ – ел болашағы" деп бекер айтылмаса керек. Осындай талантты да талапты шәкірттің білім бәйгесіндегі жеңісі облыс, аудан мерейін асқақтатты, мектеп абыройын үстем етті. Озық ойлы, білімі терең Нұраяндай жас өреннің алдағы уақытта биік белестерден көрінуіне тілектеспіз!
"Толқын" ақпарат