Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 5 «Алтын белгі, 6 «Үздік аттестат»

5 «Алтын белгі, 6 «Үздік аттестат»

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», – деп мұғалімдер қауымына үлкен сенім, жауапкершілік артқан болатын. Міне, осындай сенім үдесінен шыққан аудандағы іргелі білім ұясы – Ж.Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицей ұжымы биылғы оқу жылын нәтижелі жетістікпен аяқтады.
         Өткен оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеуде аудан бойынша ең жоғары балды осы мектеп-лицейдің шәкірті иеленген еді. Биыл лицейді тәмамдаған 47 түлектің 5-еуі «Алтын белгі», ал 6-уы «Үздік аттестатты»  иеленді.
Осы тұрғыда мектеп-лицей директоры, білікті басшы Жасұлан Айтжанов:
 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  2019 жылы өзі қатысқан Тамыз кеңесінде Ұлттық бірыңғай тестілеуді балаларға ыңғайлы әрі барынша ашық өткізуге байланысты  тапсырма берген еді. Соған сай, биыл бірыңғай тестілеу алғаш рет электронды форматта жүргізілді. Бұл формат ашықтықты барынша қамтамасыз етуге, қатысушыларға қолайлы жағдай жасауға көмектесті. Биылғы ерекшелікті ата-аналар мен балаларға жете түсіндіріп, ұйымшылдықпен, жауапкершілікпен жүргізген еңбектің нәтижесінде осындай жетістікке қол жеткіздік. Әсіресе пән мұғалімдерінің еңбегі өлшеусіз, – дейді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп дана халқымыз айтқандай, осы орайда ұжымдағы ұстаздардың еңбектерін атап өткенді жөн көрдік. Мектеп-лицей ұжымы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Жаратылыстану» институтымен  жасалған ынтымақтастық барысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, шығармашыл мұғалімдер мен оқушылардың тәжірибеден өтуіне жағдай жасау, дарынды оқушылардың талантын ұштау мақсатында біріккен байқаулар мен олимпиадалар ұйымдастыру сынды шараларды өткізуді қолға алған. Жаратылыстану бағытында жүйелі білім беруде мұғалімдер жаңашылдықпен еңбек етуде. Соның нәтижесі – география, биология және физика пәндері бойынша онлайн форматта өткізілген Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда ізденімпаз ұстаздар арнайы сертификатқа ие болды. Сондай-ақ Қызылорда облысының білім басқармасы мен Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитетінің ұйымдастыруымен өткізілген «Үздік биология пәнінің мұғалімі-2021» облыстық кәсіби байқауында биология пәнінің мұғалімі Ә.Ділмағамбетова І орынды иеленіп, облыс мұғалімдері арасында топ жарды. Бастауыш сынып мұғалімі Н.Дәрімбетова халықаралық зерттеулерге алдын ала дайындау мақсатында ұйымдастырылған «Үздік бастауыш сыныптағы жаратылыстану пәнінің мұғалімі – 2021» байқауының аудандық кезеңінде жүлделі ІІ орынды иеленді.
Шәкірттер жетістігі де айтарлықтай. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен дарынды жастарды қолдауға бағытталған «Ел үміті» жобасында 11-сынып оқушысы Жанерке Қалиева «Елбасы медалін» иеленді. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Қызылорда облысының білім басқармасының «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен қашықтан өткізілген республикалық юниорлық олимпиаданың облыстық кезеңінде география пәні бойынша тәжірибелі мұғалім Л.Сәрсееваның шәкірті А.Бақытбекқызы І орынды иеленді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жыр дәстүрін жалғастыру мақсатында жас термешілер арасында өткізілген «Шағала қанат шәкірттер» атты аудандық жас термешілер байқауында мектеп-лицейдің 3 сынып оқушысы Амангелді Ақарыс бас жүлдені, ал 4 сынып оқушысы Мыңбаев Маханбет ІІ орынды иеленді.
         Ұйымшыл ұстаздар ұжымы түгелдей дерлік өздерін білім алушылар қатарына жатқызып, оқушылардың қажеттіліктеріне сай білім беруге, шәкірттердің жемісті жетістіктеріне бағытталған шараларды ортақ мүддеге сай бірге жоспарлауына мүмкіндік берді. Бұл ынтымақтастық пен ашықтыққа және жариялылыққа жасалған бағалы бастама іспетті болды. Осылайша, жаңаша жұмыстардың нәтижесінде аталған мектеп-лицейдің абыройы арта бастады. “Дәуір даналығын ілестіреді, ұстаз білім нәрін үлестіреді” демекші, мектеп ұстаздары мен шәкірттерінің әлі талай асқақ асуларды, биіктерді бағындыратын қуатты әлеуеті барына сенім мол.

К. МАХСҰТ 
13 шілде 2021 ж. 2 365 0