Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үздік оқушылар білім грантының иегерлері атанды

Үздік оқушылар білім грантының иегерлері атанды

Ел ертеңі – ақылына білімі сай жастар. Тәуелсіз ел жастарының келешегі кемел, болашағы нұрлы. Себебі, мемлекетіміз жас ұрпақтың жарқын болашағы үшін барлық жағдайды жасап келеді.

Мектеп бітіруші оқушыларға арналған білім сайыстары жастардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып, олардың мектеп қабырғасында жүріп-ақ оқу грантын алуына мүмкіндік береді.

Ауданымыздағы үлкен өмірге қанат қаққалы отырған бірнеше мектеп түлектері биылғы жылы түрлі деңгейдегі білім бәсекесіне қатысып, жоғары оқу орындарының білім грантын жеңіп алды.

№220 орта мектептің белсенді оқушысы, пәндік олимпиада жеңімпазы, "Алтын белгі" үміткері Нысаналы Диляра Алматы қаласындағы Сүлейман Демирель атындағы университет ұйымдастырған SPT олимпиадасына 7000-ға жуық талапкермен бірге қатысып, өз білімін сынға салды.
2 кезеңнен тұратын олимпиада 8 класстер бойынша бөлінген.
2-кезеңге 3000-ға жуық талапкер өтті. Осы талапкерлермен бірге озат шәкірт те алға ұмтылды. Нәтижесінде 100 баллдан 86 балл жинап, Нысаналы Диляра беделді университеттің 50% грант иегері атанды.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өткізілген мектеп бітірушілерге арналған облыстық «Интеллектуалды ұлт» телевизиялық білім сайысына Арал ауданынан №260 орта мектебінің үздік білім алушыларынан құралған команда қатысқан болатын. Сайыс нәтижесінде 11-сынып оқушылары - Әбдіхалық Аршын, Әмитова Назерке және Мешітбаева Нұрай облыстық дәрежеде жүлделі II орын иеленді.

Осы оқушылардың арасынан білімімен, бәсекеге қабілетті танымымен танылған №260 орта мектебінің үздік оқушысы, «Алтын белгі» үміткері Әмитова Назерке Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті ректорының білім грантына ие болды.

Сонымен бірге, Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университеттің ұйымдастыруымен өткізілген, мектеп бітіруші түлектерге арналған қазақ тілі мен әдебиетінен пәндік олимпиадаға қатысқан №83 орта мектебінің 11-сыныбының озат оқушысы, «Алтын белгі» үміткері Жақсылықова Сымбат 124 қатысушының арасынан үздік шығып, І орынды иеленді.

Өз білімімен ерекше көзге түскен Жақсылықова Сымбат Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің оқу грантының иесі атанды.

Ойы ұшқыр, танымы мол, білімді жастарымыздың алар асуы әлі алда.
Біз сіздерді мақтаныш тұтамыз! Сәттілік! Тек қана алға!
"Толқын" ақпарат

24 сәуір 2022 ж. 562 0