Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданында туберкулез ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал

Арал ауданында туберкулез ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал


Арал ауданында 2023 жылдың 5 айында барлығы 13 туберкулез ауруы тіркелді, оның ішінде өкпе туберкулезі -11 ауру, туберкулездің жұқпалы түрі 5 науқаста анықталды. Жасөспірімдер арасында 1 өкпе туберкулезінің жұқпалы түрі тіркелсе, 14 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулездің өкпеден тыс түрімен 1 ауру тіркелді.
2024 жылдың 5 айында барлығы 8 ауру тіркеліп отыр, оның ішінде өкпе туберкулезі 6 аурудан анықталып, ауру деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 46 пайызға төмендеді. 3 науқаста туберкулездің жұқпалы түрі анықталып, ауру саны өткен жылмен салыстырғанда 2 ауруға азайды. 2024 жылдың 5 айында жасөспірімдер мен балалар арасында туберкулез ауруы тіркелген жоқ.
Туберкулезден балаларды сәби кезінен бастап қорғау керек, яғни перзентханада туылған сәтте 1-4 күнде туберкулезге қарсы алғашқы егу шарасын жасату қажет. Балаларда туберкулез ауруын ерте анықтау мақсатында Манту сынамасын жасату керек. Осы мәселелерге әрбір ата-ана жауапкершілікпен қарағаны жөн. Балаларда ересектерге қарағанда туберкулез ауруы тез дамиды, әрі туберкулезді менингит секілді асқынған түріне апарып соқтыруы мүмкін. Жасөспірімдер мен ересектер жыл сайын флюорографиялық тексеруден өтіп тұруы қажет.
Әрбір адам салауатты өмір салтын ұстанып, құнарлы тамақтанып, ағзаны шынықтырғаны жөн. Жеке бас тазалығын сақтап, үйді, ауланы, жұмыс орнын таза ұстау керек, бөлмелерді жиі желдетіп, бөлмелердің терезе жапқыштарын ашып, күн сәулесінің мол түсуін қамтамасыз ету қажет.
Туберкулез – жұқпалы ауру, бірақ жазылмайтын дерт емес. Онан сақтануға болады, ал егер ауыра қалған жағдайда тиісті емін толық алса, айығары анық.
Сондықтан әрбір адам өзінің және балаларының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, зиянды әдеттерден аулақ болып, туберкулез дертінен сақтанғаны жөн.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Сурет: ​adyrna.kz​​​
18 маусым 2024 ж. 241 0