Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұқпалы жіті ішек инфекциясының алдын алу шаралары

Жұқпалы жіті ішек инфекциясының алдын алу шаралары

Аудан көлемінде 2023 жылдың 6 айында жұқпалы жіті ішек инфекциясының алғашқы диагнозымен 29 жағдай тіркеліп, оның 21 жағдайында 14 жасқа дейінгі балалар ауырса, 2 жасқа дейінгі науқас балалар саны 14 жағдай болды, 2024 жылдың қаңтар айы мен маусым айының осы кезге дейінгі аралығында аудан тұрғындары арасында жұқпалы ішек ауруларының алғашқы диагнозымен барлығы 15 жағдай тіркеліп, оның 8-і, яғни 53,3% 14 жасқа дейінгі науқас балалар орын алды.
Жалпы тіркелген жұқпаның 7 жағдайында 2 жасқа дейінгі балалар ауырған, яғни 46,6% пайыз. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда аурушаңдықтың жалпы көрсеткіші 14 жағдайға, 14 жасқа дейінгі балалар арасында 13 жағдайға, 2 жасқа дейінгі балалар арасында 7 жағдайға азайғанмен, жұқпалы ішек ауруынан эпидемиологиялық маусымның енді басталғанын ескерсек, алдағы уақытта аурудың көптеп тіркелу қаупі бар. Жұқпалы жіті ішек инфекциясы – бірінші кезекте ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы. Оның пайда болуына негізінен микроағзалардың бактерия, вирус сынды түрлері себеп. Жұқпалы жіті ішек инфекциясының тобына-дизентерия, іш сүзегі, А, В паратифтері, тағамдық токсикоинфекция, сальмонеллез, гастроэнтериттер жатады. Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы.
Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті. Микробтар науқастардан және тасымалдаушылардан нәжіс, құсық және зәр арқылы сыртқы ортаға бөлінеді.
Жіті ішек инфекцияларын қабылдағыштығы өте жоғары болғандықтан, ересек адамдар мен балалар, әсіресе, 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар ауруға жиі шалдығады.
Ауру негізінен нәжіс арқылы, тамақ, су және ортақ тұрмыс бұйымдарын қолдану арқылы жұғады. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Инфекция жұқтырғаннан кейін иммунитет 3-4 айдан 1 жылға дейін тұрақсыз болады, осыған байланысты, аурудың қайталануы әбден мүмкін.
Тамақ, су, тұрмыстық заттар, ойыншықтар аурудың берілу факторлары болып табылады, Жіті ішек инфекцияларын таратуда шыбындар үлкен роль атқарады. Сондай-ақ, антисанитарлық жағдайлар, жеке гигиена ережелерін сақтамау, санитарлық ережелерді сақтамай дайындалған тамақ өнімдерін пайдалану да жіті ішек инфекцияларын жұқтыруға себеп.
Жұқпалы жіті ішек инфекциясының алдын алу шаралары:
-Жеке гигиена ережелерін сақтау, тамақ ішердің алдында және дәретханадан шыққаннан кейін қолды сабынмен мұқият жуу;
-Су ішу үшін тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалану;
-Пайдаланудың алдында жеміс пен көкөністі жақсылап жуып, қайнаған сумен шаю;
-Тамаққа термиялық өңдеуден өткен өнімдерді пайдалану. Тамақты ұзақ, тіпті тоңазытқыштың өзінде ұзақ сақтамау, жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті пайдаланбау, тағамның бетін ашық қалдырмау;
-Шикі өнімдерді өңдеу үшін жеке ас үй жабдықтарын (пышақ және кесу тақтайлары) қолдану. Шикі өнімдерді дайын өнімдерден бөлек сақтау;
- Азық-түліктің сапасына (дәміне, иісіне және сыртқы қалпына), консервілердің жарамдылық мерзіміне назар аудару, ісінген (бомбаждалған) болса пайдаланбау;
-Тек арнайы белгіленген орындарда ғана шомылу. Су қоймаларында және бассейндерде шомылған кезде ауызға судың кетпеуін қадағалау;
-Үйді, ауланы таза ұстау. Ауру тасымалдаушысы -шыбындарға қарсы есік-терезелерді торлау,әртүрлі дәрілерді пайдалана отырып, оларды жою;
Қосымша тамақ берілетін нәрестелерге ас дайындау кезінде олардың аналарымен тиісті ережелердің қатаң сақталып , бала емізіп отырған аналардың өз тамақтану дағдысына мұқият болу.
Жоғарыда аталған жалпыға мәлім қарапайым ережелерді сақтай отырып, өзіңізді, жақындарыңызды және балаларыңызды жұқпалы жіті ішек инфекциясынан қорғай алатыныңызды естен шығармаңыз.

Арал аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы
А.Сатекеева
19 маусым 2024 ж. 333 0