Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан тарихында алғаш әйел полковник

Аудан тарихында алғаш әйел полковник

Отызында орда бұзып, қырқында қамал алып, ердің жасы елуінде генералдың қолынан «полковник» шенін алған қыз аудан тарихында тұңғыш рет өткен жылы тіркелді. Ол көз алдымызда жүрген Айгүл Темірханқызы Байоразова болатын.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, әкесіне біртабан жақын болды. Әке деген анаң сияқты қадірлі адам. «Асылдың сынығы, тұл пардың тұяғы» асқар тауға балаған әкесі қызын төзімді болуға, бастаған істі аяғына дейін жет кізіп өмір сүруге, еңбек етуге, күнделікті өз-өзіне сұ рақ қойып, есеп беруді үйреткен екен. Бас ұстазы әкесі: «бала кезгі арманыңды орындау жолында алған бетіңнен қайтпа, қызым» деп өсиетін қалдырыпты.
Әке өсиетін бойына тұмар қылып, адалдығын танытып, бала кезгі арманын жүзеге асыруға бел буыпты кейіпкерім. Ата-ана сының тәлім-тәрбиесін көрген Айгүлдің бойынан табандылық пен қайтпас қайсарлық қасиетті көруге болады. Қарақұмның қайсар қызы Марқұм әкесі Темірхан мен көзі тірі анасы Нәзираның үкілі үміті, отбасындағы 9 баланың бірегейі атануы, қайсар қыздың атына заты сай болып бойжетуі, ер адамға тән қайсар мінезі көп нәрседен хабар бергендей. 1990 жы лы №59 Қарақұм орта мектебін «күміс медальмен» тәмамдап, бала кезгі арманына қол жеткізу мақсатында, әке өсиетін бағдаршам етіп, Талдықорғандағы заң техникумына түсіп, 1992 жылы «заңгер» мамандығын «үздік» дипломмен тәмамдайды. Ол бұл білімін әрі қарай жалғастырып, 1998-2003 жылдары Қазақ Мемлекеттік заң институтының «құқықтану» факультетінің сырттай бөлімінде оқып, жоғары білімді заңгер мамандығын алып шығады. Қалайда полиция киімін киіп, иығына погон тағуды мақсат тұтқан 19 жастағы заңгер қызды әуелі жұмыспен қамту орталығындағылар №13 жылжымалы механикаландырылған колоннаның кадр бөліміне инспектор, ал кейін бастығы қызметіне жұмысқа қабылдайды. Өз ісіне әу бастан жауапкершілікпен қараған ол тындырымдылығымен көзге түседі. Заңгерлігін қызметіне жетік пайдаланып, құжат дайындаудағы іскерлігіне селкеу түсірмей, ұжымның, мекеме басшысының сенімінен шығады. Тасы өрге домалап, 1994 жылы аудандық паспорт столына Ішкі Істер бөлімінің төлқұжаттандыру және виза беру бөлімшесінің аға паспортисткасы болып 4 жылдай төлқұжат толтырудың топ жарған маманы атанады.
Лейтенант тергеуші
1998 жылы қайсар қыз ақырындап арманына бір қадам қол созып, аудандық Ішкі Істер бөліміне қызметке шақырылады. Әуелі анықтау бөлімшесінің анықтаушысы, іле-шала иығына «кіші лейтенант» погонын тақты. 1 жылдан соң «лейтенант» атанды. Ал 2001-2006 жылдар аралығында Арал аудандық Ішкі Істер бөлімінің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі, 2006-2013 жылдары АІІБ тергеу бөлімшесінің бастығы болып қызметте сатылап өсудің сенімді жолын қалыптастыра бастады. Нәзік жанды тергеуші болу біле білген адамға аса жауапты жұмыс еді. Әрине, қылмыстық істер бағытында анықтау, оны тергеу оңай емес, уақытпен санаспай, ұжымды өз үйіндей көрді. Заң баптарын шебер меңгерген батыл қыз, еңбек көрігін қыздырды. Осы бөлімде жүріп 200-ге жуық қылмыстық істі сот тергеуіне жолдады. Жалпы, қылмыстың түрі көп. Аса ауыр қылмыстар, мал, мүлік, пәтер ұрлықтары, контрабанда, наркобизнес, марихуанна сынды қылмыспен айналысатын күдікті қылмыскерлермен күнделікті бетпе-бет келіп, ісін тергеу, дәлелдеу, кінәсін анықтау оңай емес. Әрине, қылмысты ашумен қатар, оның алдын алу үшін қаншама іздене тер төгіп, қызмет атқаратынын бірі білсе, бірі білмейді. Оны тек басына іс түскен жан ғана жан-тәнімен сезіне алады. Тергеуші Айгүл ханымның осы қызметті жүргізген кездегі тапқырлығы, терең ойлылығы, қылмыстың ізін суытпай, тергеп, ашудағы шеберлігі мен жауапкершілігін айтпай кетуге болмас сірә-да. Сөз реті келгенде айта кетуім керек, осы жолдардың авторы мен де аттай 20 жылға жуық «Толқын» газетінде айына 2 мәрте жарық көретін арнайы «Құрық» қосымша бетті дайындау барысында бұл саланың жұмысына өте қанықпын. Құқық қорғау саласының мамандарымен тонның ішкі бауындай етене араласып жүрдік. Кейіпкерім оперативті жедел топтың құрамында тергеуші қызды жауапты да қиын, суыт сапарларда жиі жүретінін айтуымыз керек. Қоғамға қауіпті қылмыскерлерді ұстап, оны тергеу ісінде табандылық танытқаны үшін қанша мәрте алғыс та алды. Нәзік жанды қыз баласы бұған қалай бейімделді. Оперативті айла-амалдарының арқасында талай қылмыстың ізін суытпай ашты. Заңгерлік тәжірбиесі мол, білімді де білікті, қолына алған қай істі де жан-тәнімен беріле сапалы орындайтын батыл қыз бөлімнің жұмысын облыс бойынша да үздіктер қатарына қосуын әріптестері орынды мақтан тұтады.
Іс тетігін кадр шешеді
Айгүл Темірханқызы бүгінгі таңда, міне, он жылдан бері бөлім бастығының кадр істері жөніндегі орынбасары болып игі істің, жауапты жұмыстың басы-қасында жүр. Талай істі бастап, оны ұйымдастыруы, ерекше қабілет-қарымы, әсіресе, күрделі де күрмеуі қиын мәселелерді ақыл-ой ұшқырлығымен, нақты фактілермен дәлелдеп шешуі, сондай-ақ қатардағы полиция қызметкерлеріне қоятын талабы да, талғамы да өзгеше. Әрі қатаң, әрі жұмсақ бітім болмысы бөлектеу. Кадр мәселесі басты назарында, өйткені нағыз полиция маманы болып шығуы үшін оған әуелі қолайлы жағдайын жасап, бар бай тәжірбиесін жұмсады. Бөлімдегі қоғамдық-саяси, танымдық-тақырыптық шаралардың басым көпшілігі А.Байоразованың ұйымдастыруымен өтеді. Полиция қызметкерлерінің ата-аналарын ұжымға шақырып, бұл жұмыстың оңай еместігін, жауапкершілігін, қыр-сырын түсіндіруден жалыққан емес. Тіпті ата-аналарын құрметтегені соншалықты жыл сайын «Офицердің анасы» атты мерекелік медалді бір топ сала үздіктерінің аналарының омырауына тағуы өте құптарлық, игі іс болды. Әрбір полиция маманының көркем мінезін қалыптастырып, еңбекке деген құлшынысын арттырып, сырласып отыруды дәстүрге айналдырған. Бұл игі іс өз нәтижесін беріп келеді.
Өз ісінің білгірі
Тынымсыз жүріп, тындырымды тірліктер атқара білгендігінің арқасында болса керек, Айгүл ханым Ішкі Істер қызметі саласындағы жемісті еңбегі үшін ҚР ІІМ-нің І, ІІ, ІІІ дәрежелі, Ішкі Істер органдарындағы «Мінсіз қызметі үшін» медалдарымен, ҚР ІІМ-нің «Ішкі Істер органдарының үздігі» төсбелгісімен және Қазақстан Полициясына – 25 жыл, – 30 жыл мерекелік медалдарымен, ҚР ІІМ-нің, облыстық департаменттің алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды. Полиция подполковнигі шенін 2014 жылы, араға 10 жыл салып, Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрлігінің 2023 жылы 16 маусымдағы №323 бұйрығымен Айгүл Байоразова «Полиция полковнигі» шеніне ие болды. Сонымен киелі Аралдан шыққан тұңғыш әйел полковник атанып, есімі тарихта алтын әріптермен жазылады. Ішкі Істер органында абыройлы қызмет етіп жүрген Айгүл ханым жуапты жұмысты мінсіз атқара жүріп, өзінің аналық парызын да ұмытпады. Иә, ана атану ғажайып сезім ғой. Өмірге Нұрбақытын әкелді. Нұрбақыт Нұрланұлын еліне адал қызмет ететін азамат етіп тәрбиелеп келеді. Ол Астана қаласындағы М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің 3-курс студенті. Ең маңыздысы, баласы да қатарынан қалмай, анасының жолын қуып, тәртіп сақшысы атанып, ұрпақтар сабақтастығын жалғаса екен дейді кейіпкерім.
Қайсар да өжет қыз қоғамның айбыны, әділет саласының айбары атанып отырған тұлға. Адал еңбегімен дараланған дана да дара әрі іскер азаматтығы атан түйеге жүк болатын полиция полковнигі Арал ауданы полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі, І санатты заңгер Айгүл Байоразованың тәлім-тәрбиесін алып жүрген шәкірттері, әріптестері көптеп саналады. Иә, қыран тектес азамат қыздың алғырлығы ұжымның, елдің бірлігі мен ынтымағы жолындағы қызметін жасай бермек. Қанатың талмасын дейміз, Айгүл ханымға.
Иә, әкесі Темірхан аға осы баласы Айгүлінен көзі тірісінде арманын, болашақта қандай мамандық иесі болатынын сұраған екен. Сонда қызы Айгүл: «Мен болашақта иығыма погон таққан полиция болғым келеді» депті.
Қайсар да өжет қыздың арманы алдамапты. Ол иығына жай погон емес, ешкімнің де оңайлықпен қолы жете бермейтін полиция полковнигі шенін таққанда әкесіне айтқан арманы орындалыпты. Ата-анасы: «қай салаға барсаң да, қандай мамандықты таңдасаң да адал еңбек етіп, өз біліміңмен жетістікке қол жеткіз» деп баулыған өсиетін орындап, әділеттің ақ жолынан таймай, тер төгіп, осы биік белесті бағындырған жан.
Бар баласына Отанды сүюді, Қазақ елінің патриоты болуды құлағына құйып өсірді. Қазір Егемен елімізді өркендету жолында жалындап, жарғақ құлағы жастыққа тимей, еңбек етіп келеді. Адамгершілігі зор кейіпкерім әкесі үйреткен тыңғылықты, табандылық қасиеттерін ұжымдағы әріптестеріне, шәкірттеріне үйретуден әсте жалыққан емес.
Әке өсиетіне адал Айгүл Темірханқызы қызметіне деген адалдығының, жұмысқа деген ынтасының арқасында лауазымды қызметін абыроймен атқарып, артылған сенімді, жүктелген міндетті ақтап келеді.
Қ.ДӘУІТОВА,
Қазақстан Журналисттер Одағының мүшесі

22 маусым 2024 ж. 221 0