Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Боямасыз болмыс

Боямасыз болмыс

Сөздің құдіреті осы болар. Тілдің қасиетті, сөздің салмағы арқылы талай жаудың бетін қайтар халық үшін, одан қастерлі дүние жоқ. Тіпті сөйлей білген адамға тыңдарманының өткенін де көз алдыңа алып келуге болады екен. Сол қасиетті қара өлеңнің арқасында осыдан он жыл бұрын келместің кемесіне мініп кеткен әкемді еске түсірген қайын сіңлім Айгүл Темірханқызы болатын. Әділдікті сүйетін, ұжымына, жанындағы бауырларына жанашыр, қоғамның тыныштығын қалайтын әкеме ұқсаған жанды таптым. Адам баласы әке мен ананы жиі еске алып отырса одан асқан бақыт болар ма?! Мейлі олар жаныңда болмаса да әкең қатты ашуға булығып, қатуланғаны, қанша қаталдық танытқанымен сені іштей жақсы көретінін сезіну қандай керемет десеңші.
Бірде бар баланың атынан сөйлеп тұрып көзіне жас алған Айгүл небары 51 жасында бар баланың қызығын көрмей кеткен әкеге деген сағынышын байқадым. Құстың қос қанатындай әр балаға әке де, ана да керек екені белгілі. Ұл-қызының ел қатарлы өскенін көріп, қуанышына ортақтаса алмай кеткен қайран асыл әкелер-ай! Әкенің махаббаты сенің жүрегіңді махаббатқа бөлейді. Әкеңнен үйренген өнеге, саған деген үміті қанатыңды қомдайды, қай баланы да өмір сүруге тәрбиелейді. Сол түні әкеме ұқсатқан кейіпкерімнің бойында қаталдық та, сезім де, ақыл да көп болды. Махаббат жолында көп адамдар қателікке бой ұрады. Бәлкім, қадірін білмегендіктен болар. Содан болар, басын тауға да, тасқа да ұрады. Әр балада адам бойындағы асыл сезім, әкеге деген сағыныш, махаббат болады. Иә, ол сонысымен құнды, әдемі, аяулы сезім ғой, шіркін! Айгүлдің сөздеріненбаланың әкеге деген махаббатын байқадым.
Осынша жасқа келіп қалада да, далада да шаңыраққа түскен келінді көріп жүрміз. Айтайын дегенім, Айгүл Темірханқызындай дастарқанын жайып, бауырларына жылы сөзін айтып, жанынан табылғанға не жетсін. Ол анасынан бастап бар баланы, бар немерені орын-орнымен қадір-қасиетін бүге-шігесіне дейін отбасына келген келінді қадір тұтып, құрметтеп таныстырғаны көпке үлгі боларлықтай дүние. Өйткені көп жерде адамдар балапан басына, тұрымтай тұсына, бір міндеттен құтылдық деп тұра қашатынын байқап та, көріп те жүрміз. Бар балаға әке орнына әке болған Айгүлдей дана қыздың сөз саптауынан көп тәлім байқадым. Және осы қасиетін баршаға насихат ету үшін қолыма қалам алдым.
Сол күні құдды әкем оралып келгендей әсерде болдым. Әкеміз өте қатал, нағыз батырдың бел баласынан туған еді. Әрине аралдықтардың бәрі де есімдері халық жадында қалған батырлардың ұрпағы ғой.
Сонымен қатар қарапайым еңбек адамын бағалауды әкемнен көрдім. Ол сол кезде Сексеуіл кентіндегі вагонник мекемесінде басшы болып, 120-дан астам адамға қалай жұмыс істеп, еңбек тәртібін сақтауды үйретсе, кейіпкерім де 120-дан астам аудандық ішкі істер органдарында еңбек ететін полиция қызметкерлеріне қалай жұмыс істеуді үйретуден әсте жалықпайды екен. Әкемнің бар баласының ел қатарлы еңбек етуі жақсы тәрбие алып шығуына әсері мол болды. Бәлкім, әкеміз қатты болмаса біздің болашағымыз қандай болар еді?! Сол үшін де әкемізге қарыздармыз.
Ал кейіпкерімнің әкесі осыдан ширек ғасыр бұрын өмірден өтіпті. Тоғыз баламен Нәзира әжеміз жесір қалған екен. Мінез-құлқы, қарапайымдылығы, жібектей көркем мінезін марқұм анам Алмашқа ұқсаттым. Темірхан ағайды көрмесем де балаларының айтуынша, өмірден озатынын Алла сездіргендей, дүниеге келмеген немерелерінің есіміне дейін қойып, өсиетін айтып кетіпті. Бүгінгі таңда ұл-қыздары да әке өсиетіне адалдығын танытып отырғанын да айтуымыз керек. Артында қалған алтын асықтай 9 баланың ішінен қыз бала болса да Айгүл құдды осы балдардың әкесі секілді. Қатал тәртіппен сұсын көрсетіп отырады. Кәдімгідей әкеміздің алдына баруға жасқанатынбыз. Мен бұрын ойлайтынмын, тек ер адамдар қатты, қатал, сұсты болатын шығар деп. Қыздың қаталдығын аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, подполковник Айгүл Байрозовадан көрдім. «Әке» деп айта жаздадым сол сәтте. Нәзік жанды қыздың әлі алар асуы алда. Ол отбасындағыдай қатал тәртіпті қоғамдық ортада да орнатып жүр. Әрине «Отан отбасынан басталады» деп әсте тегін айтылмаған ғой.
Отбасында марқұм Темірхан ағаның көзінің ағы мен қарасындай Муса мен Иса да, өзгелері де Айгүлді әкелеріндей көріп, сыйлайтынын байқадым. Бірде-біреуі қарсы келмеді. Әрине бұл отбасындағы сыйластық қой. «Әке көрген оқ жонар» деген бәлкім осындай-ақ болар. «Жіңішке жолды дегенмен, ерлермен теңдес қыз тумақ» деп ақындар жырлағандай, отбасындағы бар балаға қамқорлық жасап, жоғары оқу орнына түсіріп, анасының басшылығымен ұлды ұяға, қызды қияға ұшыруы, әкесі сияқты мектепте қайсысының қалай оқығандарын айтып, бағасын беруі құптарлық іс. Сондай-ақ жеке құрамдағы бар полицейлердің қоғамға жасаған адал қызметін де бағалағанына тәнті болдым. Адамдарды алаламай, тәкаппарлыққа салынбай, еңбек адамын көтермелеп, орынды бағасын беруі кім-кімді де қанаттандырады екен.
Марқұм әкем Ержігіт Қосуақұлы 77 жасқа келгенше бір демалмай өмірден өтті. Еңбек десе ішкен асын жерге қоятын. Өскен, оқыған ортасы әсер етті ме, темір жол институтын Ташкентте оқығандықтан ба, өзінің қызмет жасаған вагонник мекемесінің айналасын жасыл желекке бөледі. Ал отбасында алма ағашының бес түрін, жүзімнің түр-түрін және көкөністерді егіп, өсіріп, баптаумен болды. Төрт түлік малды бағу, шөбін шабу, оған қоса қоянын, құсын өсіріп, таңның атысы, күннің батысы шаршау дегенді білмейтін еді. Әкем де әңгімешіл, шежірешіл жан еді. Айгүл де әкемнен асып түспесе, кем түспеді. Жанұясы қандай, әрине үйдің әдемілігін айтып тұрғаным жоқ, отбасындағы береке-бірлікті сақтап, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып отырғаны көпке үлгі.
Отбасы құндылығын сақтап, сәлем салудан бастап, жас келінге апаларының атын атамауды айтып, жол көрсетіп жатты. Әрқайсысының мінез-құлқына тоқталып, кіммен қалай қарым-қатынас жасау керектігін ескерткен кезде әдемі бір аудандық әдептілік жайындағы кеште отырғандай әсерде болдым. Жас келінге енелер мектебіндегідей дәріс беруі құптарлық-ақ іс. Иә, сол әкемді, енемді, анамды, әжемді еске түсірген кейіпкерім Айгүл Темірханқызы да әсте тегін емес. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні «Жақсы әйелдің киесі бар», иә, осындай киелі адамдар ортамызда көп болғай.
Құданың құдіреті, Нәзира әжеміздің тұла бойы тұңғышы Дәу тәтесінің салмақты, сабырлылығы аумаған анасы. Отбасын кішігірім мемлекетке теңесек, сол отбасын ақылмен басқара білу де үлкен өнер екені даусыз. «Абысын, келін тату болса, ас көп» деп әсте тегін айтылмаған. Отбасының берекесі келіндер ғой. Шаңыраққа келіп жатқан келіннің қадамы құтты болсын дейміз. Марқұм Темірхан ағаның үлкені Муса мен Әсемкүлден бес бала өрбісе, әкесінен жастай қалған Иса қырқында қамал алып, Гүлнұрдай сіңліммен отбасын құрып жатыр екен. Әрине жақсылықтың ерте-кеші жоқ деген осы-ау, сірә. Гүлнұр Ршайқызының анасы марқұм Сұлубике апаймен №71 орта мектепте 4 жылдай бір кабинетте отырып, ақыл-кеңесін тыңдадым. "Анасын көріп қызын ал" деген тәмсілдің шынайылығына көз жеткізіп, екі жасқа бақыт тіледім.
Осыдан 30 жыл бұрын «Арал» мейрамханасында жыл үздіктерін марапаттау рәсімінің куәсі болдым. Сол кезде қатардағы полиция қызметкері Айгүл Байрозова мен аудандық энергожүйесінен Қанағат Әбибуллаев жыл үздіктері атанған еді. Сол сәттен Айгүл әлгі Әбибулла ағасын әкесіне ұқсатқандықтан «өкіл әке» етіп қабылдаған екен. Марқұм өкіл әкесі де дүниеден өтіпті. Еңбек етуге сүйіспеншілігімді оятқан әкем Ержігіт болса, ал Айгүлдің ынтасын оятып, асыл қасиетті бойына сіңірген де өкіл әкесі Әбибулла екен. «Адам еңбекқор болу керек. Беріле еңбек етуді өкіл әкемнен үйрендім» деп есіне алды кейіпкерім. Иә, арманыңның биік шыңына шығу үшін талмай еңбектену керек. «Адамды адам еткен – еңбек» қой, жұмысты жан-тәніңмен сүйсең, атқарған ісің мерекелі болып, тапқан наның берекелі болады. Ұлы еңбектің ұлылығын үйреткен аты аталған жандарды әсте ұмыту мүмкін емес. Марқұм асыл жандардың Құдайым мекенін жұмақтан қылсын. Алла тағала ұрпағымызбен мың жасап, ғұмырлы болуды нәсіп етсін дей келе, бауырлар бір-біріне ешқашан масыл болмайды, оны шынайы сезінгенде ғана біз бақытты боламыз. Адамның бағы артындағы ұрпағымен бағаланады. Алланың арқасында өсіп-өнген, жайқалып-жайнаған ұрпақтарыңыздың қызық-қуаныштарына куә болып, уайым-қайғысыз ғұмыр кеше берейік. Әр әулеттің шырағы аналарымыз аман болсын. Бауырларыңның алдында әрдайым мерейің үстем болсын. Араға он жыл салып әкемнің қаталдығы мен қайырымдылығын, ақылды әрі іскерлігін көз алдыма келтірген Айгүлдей біртуар жандар қоғамымызда көп болса екен деп тілеймін.
Құндыз Дәуітова,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
07 қаңтар 2023 ж. 693 0