Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тыныштық пен тұрақтылық қорғаны

Тыныштық пен тұрақтылық қорғаны

Осыдан 32 жыл бұрын 23-маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары туралы» Заң қабылданған болатын. Бұл – Қазақстан полициясының қызметі мен міндетін анықтайтын алғашқы құқықтық акт. 2007 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен 23 Маусым – Полиция күні болып ресми түрде бекітілді. Қазақстан полициясы күні – осы жауапты қызметті жолға қоюдың басы-қасында болғандарға, ардагерлерге және бүгінде осы қатарда еңбек етіп жүрген жандарға абыройлы еңбегі үшін ризашылық пен алғыс білдіру күні. Сонымен қатар бұл күн бейбіт уақытта қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін өз өмірлерін құрбан еткендерге құрмет көрсету күні болып та саналады. Осы мейрамның қарсаңында ауданымыздағы учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Дәурен Ермекұлы Кенжалиевті бүгінгі тақырыбымызға арқау етпекпіз.
Дәурен Ермекұлы Кенжалиев 1981 жылы Арал ауданында туған. Бүгінде Арал ауданының Полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны болып абыройлы қызмет етіп келеді. Өзінің еңбек жолын Дәурен мырза еске алып:
– Алғаш Ішкі істер органдарындағы жұмысымды 2009 жылдың сәуір айында бөлімнің жылжымалы полиция пунктінің полицейі лауазымынан бастадым. 2011 жылы 2 жыл көлемінде бөлімнің ақпарат-техникалық тобының есеп технигі болдым. Кейін уақытша ұстау изоляторының полицейі, 2014 жылы бөлімнің жедел-криминалистикалық тобының техник-криминалисті лауазымдарын атқардым. Осы қызметте жүріп 2016 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматы академиясының «Құқық қорғау қызметі» мамандығы бойынша жоғары білім алып, 2016 жылдың маусым айынан бастап бөлімнің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы лауазымына тағайындалдым, – дейді.
Қоғамдық тәртіпті сақтауда әрдайым алғы шепте тұратын тыныштық күзетшісі учаскелік полиция инспекторы екені бәрімізге мәлім. Таңмен жарыса тұрып, халық игілігіне жұмыс істейтін полиция капитаны Дәурен Кенжалиев бөлім басшылығынан берілген тапсырмаларды, нұсқауларды бұлжытпай орындауда аса жауапкершілікпен қарап, уақытпен санаспай, өзіне бекітілген учаскелік аймағында қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмысты болдырмау және алдын алу бағытында профилактикалық жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізеді.
Ол қызмет атқару барысында есепті мерзімде 72 әкімшілік құқық бұзушылық хаттама рәсімдеген. Оның ішінде, мүлдем төзбеушілік қағидаты бойынша 42 құқық бұзушылық, ҚР ӘҚбтК-нің 408-бабы бойынша 1 әкімшілік құқық бұзушылық анықтаса, 6 тұлғаны қорғау нұсқамасы бойынша есепке алған және 3 тұлғаны ерекше талаппен есепке алған.
Дәурен мырзаның саладағы бұл еңбегі бағаланып, ҚР ІІМ-нің ІІ, ІІІ дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы Мінсіз қызметі үшін» медалімен, Қызылорда ОПД-нің Грамотасымен, Алғыс хатымен, бөлім бастығының және аудан әкімінің құзырымен бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталған. Және Қызылорда облысы Полиция департаментінің бұйрығымен «1-ші сыныпты маман-тәлімгер» біліктілігі берілген болатын.
Дәурен Ермекұлы өз ортасында өзінің елгезектігімен, кішіпейілдігімен, азаматтармен ілтипатты қарым-қатынаста болып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуімен сыйлы. Сонымен қатар мұқтаж жандарға қайырымдылық көрсету оның басты ұстанымы. Қызметі мен жеке өмірін қатар ұстаған ардақты әке, аяулы жар бүгінде жұбайы Ашимбаева Гүлнұр Жұбандыққызымен 7 бала тәрбиелеп отырған көп балалы үлгілі отбасы.
Г.САҚТАПОВА
22 маусым 2024 ж. 222 0