Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мобилограф – мамандық па әлде хобби ма?

Мобилограф – мамандық па әлде хобби ма?

Цифрлы технология дәуірдің короліне айналып, бір тетікпен біраз шаруа тындыруға болатын заманда өмір сүріп жатырмыз. Осыдан 10 жылдай уақыт бұрын студент кезімде университетте дәріс берген тарихшы Қыдыр ағайымның «Сендер ақыл-ой өрісінің төмен деңгейінде жүрсіңдер. Телефон – сөйлесу құралы. Ал сендер одан әуен тыңдайсыңдар, суретке түсесіңдер. Сүретке түсетін арнайы фотоаппарат, әуен тыңдау үшін өзге құралдар бар» дегені қазір есіме оралып отыр. Расында ол кезде бұл құптарлық ақыл болған шығар. Бірақ қазір бір смартфонның мүмкіншілігі біршама аппаратты ығыстырып тастады. Телефон түймешесі арқылы тіпті қалтаны қомпайтып, табыс табудың да небір түрі қалыптасып келеді. Соның бірі – мобилография. Қазір құзырлы органдардан бастап, жиын-тойларға дейін мобилографсыз өтпейтін болған. Түптеп келгенде бұл мамандық па, әлде әуесқойлықтан туған дүние ме? деген сауал төңірегінде тарқатып айтсақ.
Жастардың басым көпшілігі қоғамда сұранысқа ие осы бір мамандық иесіне қызығушылық танытып келеді. Оған себеп те жоқ емес. Мобилограф болу үшін тест тапсырып, білім деңгейіңді көрсетіп, 4 жыл жоғары оқу орнын оқып, диплом алудың қажеті жоқ. 1-2 апталық курсты тәмамдап қыр-сырын меңгеріп алсаң және мықты телефоның мен қосалқы бір-жар құрылғың болса болғаны. Есесіне, бір бейнені таспалап берген қызметіңе әжептәуір қалтаң қалыңдай түседі.
Мобилографияны қосымша табыс көзіне айналдырған жандардың бірі – Атымтай Жомартұлы. Ол мемлекеттік мекемеде жұмыс істей жүріп мобилография саласын қосымша меңгеріп алған. Бір қызығы, ешқандай арнайы курстан өтпей-ақ бейнелерді шебер түсіруге машықтанған. Және ол осының арқасында қоғамдық бірлестіктер мен мерекелік кештерде мобилограф қызметін ұсынып қомақты табыс тауып жүр.
– Менің меншіктеп алған мамандығым бар. Және сол мамандығым бойынша еңбек етіп жатырмын. Ең алғаш қымбат маркалы, видео, фотоларды мінсіз кескіндейтін смартфон сатып алған кезімде жұмыстағы іс-шаралар мен ағайын-туыстардың басқосуларын өзімше түсіріп жүрдім. Соған қызығушылығым болды. Күн сайын түрлі бейнелерді видеоға түсіріп, арнайы бағдарламалар арқылы өңдеймін. Осылай бірте-бірте машықтана бастадым. Кейін таныстарға арзан бағада мобилограф қызметін ұсынып жүрдім. Қазір бұл менің қосымша табыс көзіме айналды. Жақында бір қоғамдық бірлестіктің мобилографы болып біршама табыс таптым. Бұл менің негізгі жұмысыма еш кедергі келтірмейді. Егер зардабы тиер болса, мұны кәсіп қылмаған болар едім, – дейді ол.
Мобилография сөзін біршама жолмен түсіндіруге болады. Ең қарапайым жолы: «Мобиль» – «мобильді телефон», ал «граф» – «жазу, сипаттау, суреттеу». Яғни, телефон қолдану арқылы видео түсіру дегенді білдереді. Ал, терминмен ашып айтатын болсақ, «мобилиус» – «қозғалмалы, жылжымалы (динамикалық)». Қысқаша айтқанда, қозғалыста суреттеу дегенді білдіреді.
Бұрын суретке түсу үшін арнайы фотосалонға барып түсетін едік. Ал қазір қолыңыздағы алақандай ұялы телефоныңызбен-ақ қалаған жеріңізде тұрып өміріңіздің әр сәтін видеомен де таспалай бересіз. Немесе сол жұмысты атқарып беретін адам, яғни мобилограф жалдауыңызға болады.
Осы күні әлеуметтік желілерден байқасаңыз, елге белгілі тұлғалардың, өнер адамдарының әр күні, жүрген-тұрғаны жарқ-жұрқ еткен сәттерге, салтанатқа толы. Немесе әлдебір тауарлардың жарнамасын қарап отырсаңыз, бірінен-бірі өтеді, еріксіз еліктіріп әкетеді. Міне, соның бәрін қалта телефонымен-ақ сәндеп жасайтын мобилографтар. Смартфон арқылы түрлі креативті және қысқа ғана, үзік-үзік шолу бейнелерін түсіріп, оны монтаждауға, тікелей эфирлер жасауға болады. Бұл бағытқа, әсіресе, жастар бейім келеді. Сондай-ақ бүгінде көптеген бизнес видео-контент арқылы дамиды. Қазіргі күні Қазақстанда 1,5 млн-нан асатын бизнес нүктесі бар екен. Кәсіпкерлер сол бизнесін көпшілікке ұсыну, сату, өткізу үшін мобилограф маманға жүгінеді. Ал бұл өз кезегінде бизнесмендердің шығынын айтарлықтай азайтып, оларға қосымша мамандар ұстауды қажет етпейді.
Биыл мектеп бітірген Нұрила Алтынбай өзінің болашақ мамандығы ретінде мобилограф болуды таңдаған. Ол жақында еліміздегі әйгілі мобилогаф Қыран Талапбектің арнайы курсын қомақты қаржыға сатып алғандығын айтады. Енді ол әрі қарай 4-5 жылдап диплом соңында жүргісі келмейді. Смартфонның сиқырын меңгеріп, қоғамнан өз орнын таппақшы.
– Шынымды айтсам, оқуға аса ынталы болдым деп айта алмаймын. Сондықтан ата-анамның жылдар бойы қаржысын сарп етіп, өзім қаламайтын мамандықты диплом алу үшін оқығым келмейді. Бұрынан видео түсіруге әуестігім болған соң мобилогроф курсын сатып алып, сапалы видео түсірудің қыр-сырын меңгеріп алдым. Жайлап табыс та таба бастадым. Болашағымды осы мамандық арқылы көремін, – дейді ол.
Ал 20 жылдан бері мұғалім болып еңбек етіп келе жатқан Әсем Қалыбай қазір таяқ лақтырсаң мобилографқа тиетін заман болды дейді.
– Бүгінгі оқушыларды, «егер мен білім алып, жоғары оқу орнына түсе алмасам не болады?» деген сұрақ ойландырмайтын болған. Бәрінде соңғы үлгідегі телефон. Сол арқылы бірі СММ, бірі мобилограф бола саламын дейтін болған. Жастардың бәрі заманның жаңалығы деп солай қарай ойыса беретін болса, біз болашақта мұғалім мен дәрігер сынды қоғамда ел дамуына ықпал ететін мамандарға зар болып қалуымыз мүмкін. Сондықтан оны мамандық емес, хобби ретінде қарастырған жөн деп ойлаймын. Бұл тұста ата-ана балаға ықпал ете алады. Әрине уақыт алға басқан сайын жаңа мамандықтар пайда болатыны белгілі. Бірақ уақыт өте олар да ескіріп қалатынын ұмытпау керек, – деген пірікірін ортаға салды.
Технология дамыған сайын түрлі жаңа мамандық пайда болып жатыр. Мысалы, Instagram өмірімізге енгелі бері кәсіби фотоға түсіретін фотограф, жазба жазып беретін копирайтер, оны дұрыс жарнамалайтын таргетолог сынды мамандарға сұраныс артты. Ал Tik-Tok танымал бола бастағанда мобилографтардың жұлдызды шағы басталды. Мамандықтың жаманы жоқ, тек уақыт өте келе адам қолымен басылар түймеше аппаратқа тәуелділікті арттырып, жұмыссыз жандардың қатары көбеймесе болғаны.

Н. БАҚЫРАН

25 маусым 2024 ж. 235 0