Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Полиэтилен пакеттен арылуға бола ма немесе қауіпті шикізат

Полиэтилен пакеттен арылуға бола ма немесе қауіпті шикізат

Қазіргі таңда целлофан пакеттер өміріміздің бір бөлшегіне айналды десек те болады. Қайда барсақ та, не тұтынсақ та бұл шикізаттың көмегіне мұқұтажбыз. Кейде осы пакеттер болмай тұрғанда халықтың матадан қалта тіккеніне сену қиын. Үлкендердің сөзіне сенсек, елімізге алғаш пакеттер келе бастағанда сөмкенің орнына целлофан пакет ұстау сәнге айналған екен. Ал қазір қарапайым дүкенде 10 теңгеге сатылғанын көргенде жақтырмай қалатынымыз бар. Дегенмен оның зияны да жоқ емес...
Полиэтиленді пакеттер алғаш рет осыдан 100 жылдан аса уақыт бұрын Францияда дастарханды дақтан қорғайтын жайғыш ретінде жасалып, 1913 жылы пайдаланылды. 11 жылдан кейін бұл технологияны «DuPont» компаниясы патенттеп, целлофан өнімдерін шығара бастаған.
Келесі бір деректе полиэтилен шикізатын XIX ғасырдың аяғында неміс ғалымы Ганс фон Пехманн ойлап тапқан деседі. Өз заманында, яғни 1899-жылдары еш аналогы болмаған жаңа өнімді Пехманның екі әріптесі Ойген Бамбергер мен Фридрих Тширнер «полиметилон» деп атаса керек. Бірақ арада 34 жыл өткеннен кейін ғана тұтынушылар полиэтиленнен жасалған өнімдерді тұтына бастаған. Қазір біз қолданып жүрген полиэтилен өнімдері 1933 жылы нарыққа енді деген дерек кездеседі. Алғаш рет полиэтиленнен жасалған дорбалар Британ сауда үйлеріндегі сөрелерде 1950 жылдары пайда болғаны туралы ақпарат бар. Ал Кеңес Одағы елдеріне араға 20 жыл салып қана келіпті. Оған дейін дүкендерде азық-түлік қағаз қаптамаларға салынып, белінен қалың жіппен оралған күйінде сатылған.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, тұрмыстық жағдайда қоқысқа лақтырылатын заттардың 9%-ы полиэтилен пакеттері екен. Оған бөтелке мен тамақ орайтын орауыш пленкаларды қоса есептегенде, шамамен 40%-ға жуықтап қалады.
Ең қызығы, біз пайдаланатын осындай пакеттердің ішінде табиғи жолмен ең тез шөгетіні сүттің қорабы екен. Ол 5 жылда шөксе, жұқа пакеттер 10-20 жыл, бөтелке 100 жылда, полиэтиленді пленка 200 жылда, ал зат тасуға арналған қалың пакет 400 жыл дегенде ғана жерге шөгеді екен. Олардан табиғатқа, жануарларға келетін зиянды айтуға ауыз да бармайды. Мысалы, деректерге сүйенсек, жы¬лына 6 млн 300 мың тонна пакеттер теңіздер мен мұхиттарға тасталатын көрі¬неді. Олардың жалпы саны әлемдік судың 4/1 бөлігін құрайды. Соның салдарынан көптеген құстар, балық¬тар мұның зардабын тартып отыр. Оның ішінде, 1 миллион құс, 100 мың теңіз жануарлары болса, балықтардың нақты санын шығару мүмкін емес. Олардың өліміне басты себеп – пакеттердің жануарлардың тыныс алу жолына түсуі.
Экологтар полиэтилен пакеттерін қолдануға белсенді қарсы. Бүгінгі күні көптеген елдерде полиэтилен өнімдерін қолдануға шектеу қойылған, ал кейбіреулерінде тыйым салынған. Мысалға, Данияда 1994 жылдан бастап полиэтилен пакеттерін тегін та¬рататын дүкендерге салық салынады. Ирландияда кәдімгі матадан тігілген дорбаларды пайдаланады. Фин¬лян-дияда көпшілік жүретін орындарда қолданылған пластикалық пакеттерді қабылдайтын автоматтар орналасқан. Францияда 2016 жылдан бастап пластик пакеттер мен ыдыстарды қолдануға немесе өңдеуге тыйым салынған.
Елімізде био ыдырайтын пакет ісі онша жолға қойылмады. Десе де отандық «БИОПАКЕТ» компаниясының техникалық директоры Мирас Аббабсов бір сұхбатында: «Био ыдырайтын пакеттерді әдетте органикалық шикізаттан жасайды, ол жануарлар өнімдерінен немесе өсімдіктерден алынуы мүмкін. Ауыл шаруашылық өнімдерінің қалдықтарынан биополимерлер жасайды. Яғни пакет құрамы органикалық тектес молекулалардан тұрады. Ал, біз өндіретін пакеттер неден тұрады десеңіз, бұл кішігірім гранулалар. Құрамы 100 пайыз өсімдік тектес шикізат – компаунд: целюлоза, модификацияланған крахмал. Шіруге қолайлы ортаға түскенде бактериялар органикалық қосылыстарды жеп, пакет құрылымы ыдырай бастайды. Сол себепті дамыған елдерде қоқысты іріктеп, сұрыптайды. Био пакеттердің полиэтилен пакеттерден ерекшелігі, оларды қайта өңдеудің, өртеудің қажеті жоқ. Бастысы компост шұңқырына түссе болды, судың, күннің қажеті жоқ. Оған микроорганизмдер мен жәндіктер сондай-ақ жоғары температура болса болғаны, шіру процесі жүзеге аса береді. Қалған органикалық қалдықтар жылдам ыдырап кетеді, әрі қоршаған ортаға еш зияны жоқ. Біз пакеттерімізді іс жүзінде сынап көрген едік. Қалыңдығы 100 микрон пакетті алып қала сыртына көміп тастадық. Ол үшін арнайы қара топырақ немесе сазды жер іздемедік, кәдімгі жерге көме салдық. 3 айдың ішінде пакет толығымен ыдырап кетті. Органикалық қалдықтар болса, тіпті жылдамырақ ыдырауы мүмкін. Бұл пакеттердің өзі органикалық заттарды салуға арналған. Сондықтан қоқыспен бірге арнайы жәшіктерге тастай беруге болады» деген болатын.
Біздің де қаламызда арнайы сұрыптау жәшіктері бар. Дегенмен оларға халық арасында қоқыстарын бөліп салатын жандар бар деп айта алмаймын. Біз көбіне көп жалпылай қоқыс шығарамыз. Олардың арасында көкөніс қабығы да, киім де, полиэтилен шикізаты мен түрлі қалдықтарды табуға болады. Оларды сұрыптайтын, қабылдайтын, өңдейтін жер жоқ. Қаланың шеті қоқысқа толып жатыр. Өзіміз экологиялық аймақта тұрғандықтан, ол нәрсеге аса ұқыптылықпен қарауымыз керек деп ойлаймын. Сонда ғана өз өмірімізге де, үйдегі төрт түлікке де пайдамыз тиер еді, – дейді аудан тұрғыны Әлия Тұрсын.
Иә, орталық көшелерде арнайы сұрыптау жәшіктері де, жай қоқыс жәшіктері де көп екені рас. Олар әрбір мекеме, кафе, мейрамханалардың алдында да орналасқан. Дегенмен жай күндердің өзінде далада жатқан пакет, бөтелке, түрлі тәттілер қабығын көзіміз шалып жатады. Ал арнайы мейрамдар мен орталықта өткен кештерден кейінгі қалдықты айтудың өзі артық. Кейде сол қалдықты тазалаушы өзіміздің әке-аналарымыздай жандар екенін ұмытып кетті ме деймін жастар.
Иә, жылдар өткен сайын заман өзгеріп келеді. Өзі дамып, қолынан жасаған заттың зиянын шегуші де өзіміз. Әлемдік, мемлекеттік деңгейде полиэтилен шикізатынан бір күнде бас тарту мүмкін емес. Бірақ әрбір жан қай ісіне болсын өзі жауап беріп, пайдалы дүниені тұтынса, ол күнге де жетерміз. Не де болса өзімізге, табиғатқа деген жанашырлықтың басы тазалықтан басталатынын ұмытпауымыз керек-ау.
Г. САҚТАПОВА
25 маусым 2024 ж. 189 0