Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Полиэтилен пакеттен келер қауіп көп

Полиэтилен пакеттен келер қауіп көп

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Үкімет пен азаматтық қоғамның бастамасымен бүкіл ел бойынша жүзеге асырылып жатқан ЭКО-Челлендждер қозғалысын толық қолдаймын. Елді тазалық аймағына айналдырайық» деген сөзі баршаға жігер сыйлағаны анық. Айналаның тазалығы салауатты өмір салтының, адам ғұмырының ұзақтығының кепілі. Оған дәлел көп. Бір ғана мысал келтіре өтейік. Жапонияның Кобе қаласы әлемнің ең таза аймақтарының бірі саналады. Осының нәтижесінде Жапонияның 50 мыңнан астам тұрғыны ғасырдан әрі жасаған.
Шындығында қоршаған орта тазалығы тек еліміздің ғана емес, бүкіл әлемнің бас ауыртатын мәселесіне айналып отыр. Себебі адам баласының кез келген әрекеті әртүрлі қалдықтармен биосфераны ластауда. Бұл халықтың денсаулығы мен өміріне, флора мен фауна түрлерінің қысқаруына, қоршаған ортадағы тепе-теңдікке қатер туғызады. Осы қалдықтардың негізгі шығу себебі ауыл шаруашылық, өнеркәсіп, үй-жай шаруашылығы деп танысақ, соның ішінде табиғатқа ең қауіптісі полиэтилен пакеттерден екенін жаһандық ғалымдар анықтаған.
Біз, ұстаздар қауымы да күрделі мәселеге бейжай қарамаймыз. Себебі бүгін біздің алдымызда отырған оқушылар ертеңгі күні елдің тірегі. Олар айналаның қадірін біліп өссе ғана, бүкіл елдің қауіпсіздігі әрбірінің қолында екенін жете сезіне алады. Сол себепті әрбір тәрбиеге бағытталған жұмыстарда, білім беру барысында, ғылыми жобаларды қорғауда осы негізде тереңдетіп ақпарат беріп, талдап отырамыз.
Өнеркәсіптің қоршаған ортаға зиянды әсер ету проблемалары экологтарды бұрыннан мазалаған. Қауіпті қалдықтарды кәдеге жаратудың тиімді тәсілдерін ұйымдастырудың заманауи құралдарымен қатар экологиялық ахуалға келтірілген залалды барынша азайтудың нұсқалары да әзірленуде. Осыған байланысты қалдықтарды азайту жақын маңдағы инфрақұрылымдық объектілерге төнген зиянды азайтып қана қоймай, кәсіпорындардың экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Рас, қалдықсыз технологиялар іске асыру кезінде айтарлықтай салымдарды қажет етеді. Мұндай бағдарламаларды енгізу көбінесе өндірістік кезеңдерге әсер етеді, бұл менеджерлерді технологиялық процестерді қамтамасыз ету тәсілдерін қайта қарауға мәжбүр етеді. Қазірдің өзінде соңғы екі-үш жылдықта әлемнің бірқатар дамыған елдері полиэтиленді пакеттерден толықтай бас тартып жатыр. Оған себеп – өнімнің экологиялық зияны. Жалпы полиэтилен пакеттер қалай, қандай мақсатта шыққаны жайлы айта кетсек.
Кейбір дереккөздер бұл оқиға қалалардағы бөлшек сауданың дамуымен басталды деп мәлімдейді. Дәл сол кезде дүкендер мен дүкендердің иелері сусымалы өнімдерді буып-түюге мұқтаж болды. Осылайша ХІХ ғасырдың ортасында Ұлыбританияда алғашқы болып қағаз пакет пайда болды. Уильям Гудейлдің осы нұсқасын негізге ала отырып, отандастары қағаз сөмкелерін жасай бастады. Осылайша олар бірнеше рет түрленіп, барынша қолданысқа қолайлы бола түсті. Қағаз пакеттер бүгінгі күнге дейін қолданылады, бірақ пластикалық пакеттер жетекші орынға ие болып келеді.
Ал полиэтиленнің тарихы 100 жылдан асады. Оны ойлап табушы ретінде түрлі пікірлер бар. Бірі 1899 жылы неміс ғалымы Ханс фон Пехманн жасады десе, енді бірі 1884 жылы бромды алюминийдің әсерінен полимерлеу әдісін қолданған орыс ғалымы Г.Густавсон жасаған деп мәлімдейді. Оның қолайлылығы сонша,1996 жылға қарай полиэтилен пакеттері орау нарығының 80%-ын жаулап алған. Соның нәтижесінде полиэтилен кез келген өнімнің ажырамас бөлігі болған кезеңді бастан өткерудеміз. Есесіне қоршаған орта проблемасын тудырдық. Полиэтилен пакеттерді қоқысқа тастағанда, оның ұзақ ыдырау кезеңіне байланысты елдіңфлорасы мен фаунасына орны толмас зиян келіп жатыр. Себебі оның ыдырау кезеңі 100 жылдан асады делінген деректерді жиі кездестіреміз.
Бүкіл тұрмыстық қалдықтар көлеміндегі пакеттердің үлесі шамамен 9% құрайды екен. Оның ыдырамайтын зат болуынан бөлек жану кезінде улы заттар атмосфераға шығарылады. Сонымен қатар, судың ластануына да орасан зор әсері бар. Сарапшылардың пікірінше,су бетінің төрттен бір бөлігі пластикалық пакеттермен жабылған. Бұл әр түрлі балық пен дельфиндер, итбалықтар мен киттер, тасбақалар мен теңіз құстарының осы қалдықтарды жұтып өлуіне әкеліп соқтыруда. Мұның бәрі негізінен су астында болады және адамдар оны көрмейді. Алайда, бұл проблема жоқ дегенді білдірмейді, сондықтан біз бұған көзімізді жұма қарамауымыз қажет. Жаһандық ғалымдардың сапараптауынша,әлемде жылына кем дегенде 4 триллион пакет жиналады екен. Соның салдарынан 1 миллион құс, 100 мың теңіз жануарлары, ал балықтар саны тіпті есептеуге келмейді.
Осының алдын алу үшін экологтар пластикалық пакеттерді қолдануға белсенді түрде қарсылық танытуда. Көптеген елдерде полиэтилен өнімдерін пайдалану шектеулі болса, оларды қолдануға түбегейлі тыйым салынған да елдер бар. Пакеттермен күресетін елдердің ішінде Дания, Германия, Ирландия, АҚШ, Танзания, Австралия, Англия, Латвия, Финляндия, Қытай, Италия, Үндістан жетекші орындарға ие. Бұл елдерде кез келген көлемдегі қағаз пакеттер, эко-сөмкелер, өрілген авоски, крафт қағаз пакеттері, мата қаптарын тұтыну танымалдыққа ие.Қазақстанда да эко-пакеттерді тұтыну енді ғана дағдыға айналып келе жатыр.
Бұл қиындықтан құтылу тек мұнымен ғана шектелмейді. Елімізде қоқысты қайта өңдейтін зауыттар ашылып, қоқысқа арналған сорттаушы жәшіктер неғұрлым көп қойылса нұр үстіне нұр болар еді.
Ғазиза Сәдуақасова,
№77 орта мектебінің мұғалімі
15 сәуір 2023 ж. 498 0