Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Ресей жастарының форумына қатысады

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Ресей жастарының форумына қатысады

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барады, деп хабарлайды «Хабар 24». Президент осымен екінші күн өңірде өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей жастарының форумына қатысып, бірнеше нысандарды араламақ. Гүлжан Марқабаева, тілші: – Бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қостанай өңіріне жасайтын алғашқы жұмыс сапары. Мемлекет басшысы әуелі Жастар сарайына келіп, Қазақстан-Ресей жастарының форумына қатысады деп жоспарланып отыр. Кеше басталған бұл форумның негізгі арқауы – еріктілер қызметін насихаттау. Оған екі елден 1 мыңнан астам жас қатысып жатыр. Жалпы айта өткен жөн, президенттің бұл форумға қатысуы кездейсоқтық емес. Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілер қозғалысын ерекше қолдайды. Тіпті БҰҰ-ның Бас хатшысының орынбасары болған тұста еріктілер қызметіне көп көңіл бөлгенін Алматыға жасаған сапары барысында Президенттің өзі айтқан болатын. Дерек үшін айта кетсек, қазір Қазақстанда 22 мыңнан астам адамды қамтитын 167 еріктілер ұйымы бар, соның басым бөлігі – жастар. Қостанайға жасайтын сапары барысында Мемлекет басшысы бірнеше өндірістік нысанды аралайды деп жоспарланып отыр. Соның бірі – «Сарыарқа Авто пром» кәсіпорны. Отандық көлік өндірісінің көшбасшысы атанған зауытта өткен төрт айдың өзінде 5 мыңнан астам автомобиль құрастырылып шығарылған. Президентке зауыттың өндірісімен қоса бұл жерде жаңа төрт инвестициялық жоба таныстырылмақ. Сонымен қатар Президентке осы айдың 13-і күні Қостанай қаласында ашылған «Айкөмек» орталығының жұмысы таныстырылмақ. Бір апта ішінде бұл орталыққа 1 мың 200-ден астам адам хабарласып үлгерген. Шалынған қоңырауларға қарап, жергілікті жұртшылықтың денін жол, қоқыс, ашық қалған құдықтар мәселесі алаңдататынын аңғаруға болады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бүгін Қостанайда «Олжа Агро» фермасына барып, жергілікті өндірушілермен де кездеседі деп жоспарланып отыр. Тәулігіне 20 тонна сүт өндіретін ферма, жергілікті жұртшылықты толығымен өз өнімімен қамтып отыр. Өнімінің 40% еліміздің өзге өңірлеріне, ал 10% көрші Ресей облыстарына экспорттап отыр.
https://24.kz
21 мамыр 2019 ж. 903 0