Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Газет пен гаджет: басылымның қашанда бәсі биік

Газет пен гаджет: басылымның қашанда бәсі биік

Көктем келіп, еліміздің батыс аймақтарын су алған сәтте ел ішінде неше түрлі ақпарат тарады. Тіпті «Ақтөбе ме Атырау су астында қалады екен, бұл айналып келгенде мұнайлы өлкені тұрғындардан тазалау саясаты екен» деген сарындағы алыпқашпа әңгімелер айтыла бастады. «Ел құлағы елу» десек те елдің ойын бұзатын осындай әңгімелер кімге не пайда әкелерін сол сәтте бағамдай алмадық. Анығында шындыққа жанаспайтын осындай әңгіме газеттен емес гаджеттен тарады. Сенгіміз келмеді. Қазір жағдай қалыпты.
Тап сол кезеңдерде «су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға атақты әнші Димаш Құдайбергенов 1 млн. доллар бөліпті» деген сөз желдей есті. Бұл дегеніңіз қазақтың теңгесімен есептегенде 450 млн. теңгенің шамасындағы қаржы. Логикаға салсаңыз атағы енді шыға бастаған қарапайым әншіде мұндай ақша қайдан болсын. Болған күннің өзінде қалтасындағы соңғы тиынына дейін сарқып бере қоятын әнші немесе өнер адамы Қазақстанда болған жоқ. Әрине, бұл сөзіміз арқылы әншіні кемсітуден аулақпыз. Анығында ол 15 млн. теңге аударыпты. Әрине, аз ақша емес. Бұл жерде айтқымыз келгені бұрыс және дұрыс ақпарат. Салыстырмалы түрде қарасақ, бұл да гаджет пен газеттің айырмашылығына айқын дәлел бола алды.
Бұны неге қозғап отырмыз? Қазір газетті керексіз ететін таяз түсініктегі жандар қатары көбейген. Оларға сағаттап газет оқығанша анық-қанығы белгісіз секундтарға сиятын қысқа ақпаратты қарай салған ләзім. Біз осылайша газеттің құнын гаджеттен төмендетіп барамыз. Мұндай қарқынмен кете берер болсақ біздегі білімге деген бәсекелестік жұрт айтатын жақсы деңгейге жет қоймайды-ау. «Қазіргі заманда газеттің не керегі бар?» деген түсініктегі жандар үшін салмақты ой мен астарлы сөздің құны көк тиын секілді.
Өз заманында «Кітап маған тақтан да қымбат» деді емес пе У.Шекспир. Сол кітаптағы әрбір сөз алтын десек, газетке түскен әрбір әріптің де тайға басылған таңбадай тұғыры бар, жылдарға жалғасқан өлмес ғұмыры бар. Меніңше, газетке түскен әрбір әңгіме жылп еткен жел сөз емес, салмақтап, саралап талдамалы түрде жазылған түйінді ойлар. Сондықтан баспа журналистерінің арқалағаны алтын, жегені жантақ. Олар да гаджет ұстайды. Бірақ бұл көргенін түсіре салды, естігенін жаза салды деген сөз емес. Әрбір істің байбына барып, әліптің артын бағатын журналистика жауынгерлері үшін газеттің өзі бір күндік болғанымен, үні мың жылдық.
Иә, қараңғы қазақ көгіне қалықтап шығып күн болғысы келген Алаш арыстарының бір шоғыры осы газет шығару арқылы арманын Алашқа, үнін үкіметке жеткізді. Сөйтіп жүріп жапа шеккен жерлестері мен қысым көрген қандастарын қайқы қылыш кеңестік жүйенің озбырлығынан арашалауға ұмтылды. Сол кезеңдерде идеологияның айнымас құралына айналған баспа өнімдері халықтың құнды құжаты, ұлыстың басты ұраны болғанын жақсы білеміз. Сондықтан гаджет келді екен деп газеттің төрден түсуіне жол жоқ. Оған ел билігі де жол бере қоймас. Себебі технологиясы дамып, индустриясы озып кеткен алпауыт елдердің өзі баспасөз саласын айрықша құрметтейді. Іздеп жүріп оқиды, жағалай жүріп жазылады. Оған әлемдік деңгейде танымал мына басылымдардың таралым саны мен табысты жолы куә болады.
Дереккөздерге сүйенсек, 1923 жылдан бері шығып келе жатқан Мәскеу қалалық «Вечерняя Москва» газеті күніне 2 рет 85 мың данамен, аптасына 1 рет 1 млн 286 мың данамен шығады-мыс. Ал 1851 жылдан бастап жарық көретін АҚШ-тың «Тһе New York Times» басылымы әдетте 1 млн 131 мың данамен, ал демалыс және мереке күндері 1 млн 681 мың дана болып шығатын көрінеді. 1877 жылы негізі қаланған «Тһе Washington Post» басылымы 1 миллионнан көп тиражбен жарық көреді. Ұлыбританияның күн сайын шығатын «Тһе Guardian», француздың «Le Figaro» газеті де күн сайын таралымын арттырып келеді. Міне, осындай көрсеткіштерге қарап-ақ өзге елдердің халқы басылымды қалай құрметтейтінін анық аңғаруға болады.
Тіпті озық технологиялардың отаны саналатын, интернетпен барынша қамтылған елдердің өзінде әлі күнге дейін газеттің орны бөлек. Оны радио да, телеарна да, ғаламтордағы қаптаған сайттар мен түрлі әлеуметтік желілер де ақпарат кеңістігінен біржола ығыстырып шығара алған жоқ. Сұраныс бар жерде бәсекелестік қатар жүретіні секілді, басылым беделі де сәйкесінше артып, әлемдік бәсекеге қабілетті күйге еніп келеді.
Айталық, қайда көрсең де жоғары мәдениет пен озық білімді жанына серік еткен Жапон елінің бүгінгі буыны кітаппен дос, басылыммен сырлас. Оларға гаджет тек байланыс құралы ретінде қызмет атқарады. Сапасы мен қызметі әлемдік стандартқа сай бренд өнім шығаратын «Samsung» компаниясының өзі жыл сайынғы озық моделдерін әлем елдеріне саудалап әлек. Осыдан-ақ ол елде гаджетке қарағанда газеттің салмағы басым екенін анық байқаймыз. Мәдениет пен ұлттық тәрбие сол елдің түпсанасына мықтап бекіген. Өйткені олар кітапқа жәдігер деп қарамайды, газет оқуға арнайы уақыт бөледі. Мысалы, Жапонияның ұлттық басылымы – «Асахи симбун» газеті 10 миллион таралыммен шығады.
Кәрі құрлықтың алпауыт елдері де әлі күнге басылымнан бас тарта қойған жоқ. Керісінше мезгіл сайын миллиондаған данамен тарайтын газет ол жақта да бар. Тіпті әлемнің бірнеше тілінде басылып шығатын өнімдер де қазіргі нарық сұранысына сай жетіліп, қоғам қажетіне жарап келеді. Демек мұндай мәдениет қазақтың таным-түйсігімен біте қайнасу керек. Бұрын ата-әжелеріміз жантайып жатып газет оқитын. Онда берілген әрбір ақпаратты саралап жатпастан құп көріп, басқаларға басылымда берілген ақпаратты үлгі ететін. Қазақтағы «тайға басқан таңбадай» деген сөз соған қарап айтылса керек-ті. Қазір де солай. Басылымның әр саны мейілінше шынайы ақпаратқа негізделеді. Жедел хабар таратып үлгермесе де, ақпараттың ақ-қарасын зерделеп, оны нақты дәлел-дәйекпен жеткізуге тырысатын басылымның бүгінгі беделі басқалардан биік тұруы керек. Себебі бұл гаджет емес, Газет!
А. БИСЕНОВ
Сурет: tolqyn.kz
28 маусым 2024 ж. 282 0