Қараңғыдан қорқасыз ба?
Әр адамның бойында бір қорқыныш болатыны анық. Мәселен, бірі биіктіктен қорықса, енді бірі өрмекші немесе жыландардан қорқады. Әрине, бұл қалыпты жағдай. Осы секілді қорқыныштың тағы бір түрі – қараңғыдан қорқу. Жалпы мұндай дүниені ғылыми тілде «Никтофобия» деп аталады.
Бала кезімізде үлкендерден қорқынышқа толы түрлі әңгімелер еститінбіз. Ондай әңгімелер ойымыздан да кетпей қоятын еді. Дегенмен жалғыз балалар ғана емес, ересек адамдар да атаулы фобия түрінен зардап шегіп жатады екен. Ойланып қарасақ, қараңғы бөлмеден қорқатындай түк те себеп жоқ. Бірақ сол ересек адамның бала кездегі қараңғылық фобиясын тудыратын жарақатының күші жоғары болғаны соншалық, санасында қалыптасып қалады. Яғни, бала кездегі «төсек астындағы құбыжықтар» немесе «терезеден көрінетін түрлі бейнелер» секілді қараңғыда пайда болатын жағымсыз рухтар жайлы түрлі әңгімеге сеніп қаламыз. Тіпті, сеніп қалғанымыз былай тұрсын, есейе келе санамызда қалыптасып қалған мұндай әңгімелер бойымызға қорқыныш орнатады.
Қараңғыдан қорқу адам денсаулығына да айтарлықтай зиянын тигізеді екен. Тұрақты мазасыздықтың әсерінен адам күйзеліс пен эмоцияға көптеп беріледі. Ал мұндай жағдайда адамның қан қысымы көтеріліп, импульс және тыныс алуы жиілеп кетеді. Сонымен бірге іштің қысылуы мен бас айналып, жүрек айну пайда болады. Ал бұл жағдайлардың барлығы адам бойындағы қорқыныш сезімінің артуына алып келеді.
Жалпы қараңғыдан қорқатын адамдардың басында бала кездегі қорқынышты әңгімелердің естен кетпей қалуынан бөлек басқа да себептері бар. Мәселен, адам қараңғы жерде басынан ауыр соққыны бастан өткерген болса, көлік апаты немесе қылмыскердің шабуыл жасауы секілді жағдайлар қараңғыдан обсессивті қорқыныш бекітіліп қалады. Тағы айта кетерлігі, адам бойындағы қорқыныш қараңғыда сұлбасы көрінетін заттар кезінде асқынып кетеді. Мұндай үрейдің барлығы сананы басып, адам бойын қорқышын билеп алады. Көбіне бұл жағдай невропатиядан зардап шегетін жандарда пайда болады.
Негізі адам психологиясы өте күрделі дүние екені белгілі. Осындай қорқыныш әсерлерді де адам психикасынан туындап, әрі қарай да үдейе беретін нәрсе. Ендігі кезекте арнайы мамандар көмегін қажет ететін жағдайлар жайында кішігірім сөз етсек. Пайда болған қорқыныш өте тез ауқымды қорқынышқа айналады екен. Мұндай жағдайда адам себепсіз қорқа бастайды. Сонымен бірге қорқыныш претенциалды сипатқа ие болады, бастапқы кішкентай көлемнің шегінен шығады. Қорқыныш адамға қауіп төндірер болса, ол эмоционалды түрде дұрыс емес әрекеттерге барып жатады. Сондай-ақ адам үнемі өзінің қорқынышы туралы айта беретін болады. Айналаға мағынасыз қарай бастайды. Міне, осындай жағдайда арнайы маман көмегіне жүгіну керек.
Адам өз қорқынышымен күресе білуі де керек. Ол үшін алдымен психоэмоционалды стресті азайтып, физикалық белсенділікті арттыру керек. Тыныс алу жаттығуларын күнделікті жасап, бойындағы қорқынышты жеңе білуі қажет. Ой бөлетін басқа да жұмыстармен айналысып, өз ойын басқа жаққа бөлгені де дұрыс. Жалпы адам қиялынан туған өз қорқынышынан уақытында арылып, психологиясын қалыпты ұстағаны жөн.
А.НҰРЛАНОВА