Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Бесқонақ" сөзі қайдан шыққан?

"Бесқонақ" сөзі қайдан шыққан?

Жыл жаңарып, жайма-шуақ көктем даламызға келді. Алты ай қыста қардың құрсауынан бауыры бусанып, күннің райы жылынып, аяздың беті қайтқанымен, арқаны кеңге салатын кез әлі келген жоқ. Бұл турасында неше ұрпаққа жеткен халық арасындағы "Жазғытұрымғы жел жардай атанды жығады" деген тәмсіл қалған. Қалай десек те тоқсанның шығар тұсында табиғаттың тосын мінез танытуы әлі күнге дейін осы бір тобықтай түйіннің ақиқатын анықтап келеді.
Расында көктем шығып, наурыз айы келгенімен жаңа жылдан жақсылық тілеген жандар күннің суығы мен жауған қарға да куә болып келеді. Халық арасында бұл қарды наурыздың ақша қары деп атайды.
Ел ішінде айтылатын сөзге құлақ түре жүрсек, әр мезгілде жауған қардың да тілімізде өз атауы бар екендігін байқаймыз. Қыс бойы жатқан қар кетіп, көктем шыға жауған қар құс қанаты деп аталады, сірә де, бұл сөз жыл құсының ұшып келер кезімен байланысты айтылса керек. Алғашқы жауған қардың бәрін емес, соның ішінде еріп кетпей тұрақтап қалатынын, қыс бойы жататын қардың басын жолдас қар деп атайды. Бұлардың ішінде қазақтың ерекше бөліп айтатыны – наурыздың ақша қары.
Наурыздың ақша қары – ауыз әдебиетінде де жырланған. Әдемілік пен сұлулықтың нышанына теңеледі. Мысалы, "Қыз Жібектің ақтығы, Наурыздың ақша қарындай, Ақ бетінің қызылы, Ақ тауықтың қанындай" – деп жырланатын еді лиро-эпостық жырларда. Байқасаңыз, Жібектің сұлулығы қаңтарда немесе ақпанда жауған қарға теңелмеген, наурызда жауған ақша қарға теңелген. Бұл, әрине тектен-тек емес. Әдемілік пен сұлулықты паш ететін наурыздың ақша қары – көктемнің керемет көріністерінің бірі екені де анық.
Шындығында "сәуір болмай, тәуір болмас" дегендей
Суға толар сай-сала,
Сәуір болмай, жауын жоқ.
Нуға толар айнала,
Жауын болмай, тәуір жоқ.
Көкек келмей, көктем жоқ, –
Көктемнің дер шағы бар.
Айдың – төлдер көкке тоқ
–Көкек аты тағы бар.
Сәуір айы – шаруа айы.
Еңбек етіп жатыр ел.
Көкек келді – көктем келді, – деп жырлаған халқымыз табиғаттың мінезін көнеден-ақ танып білген. Осының негізінде қалыптасқан түсініктің нәтижесінде түрлі атаулар бар. Солардың бірі – Бесқонақ.
"Бесқонақ" деген атау да қазақ күнтізбесінде қолданылып келген, жыл айларынан тыс алынатын бес күн. Оның нақты астрономиялық жылдың ұзақтығы бүтін күн санымен өрнектелмейді. Ол жуық түрде 365,24 тәулік (яғни 365 күн 6 сағат) деп есептеледі. Аптаға жетпейтін осы 5 күнді халқымыз ерте кезден “Бесқонақ” деп атаған.
Айлардан тыс саналатын мұндай күндер басқа халықтарда да болған. Мысалы, б.з.б. 4-мыңжылдықта Мысырда 360 күннен кейін қосылатын 5 күнді құдайлар атымен, яғни Осирис, Гор, Сет, Исида және Нефтида деп атаған. Ежелгі парсы күнтізбесінде қосалқы 5 күн “фәнджи”, “андаргах” (“ұрланып кіретін” не “кетікті толтыратын”) деп аталған. Фәнджи парсылардың 8- және 9-айының аралығына қойылған. Байырғы қазақ күнтізбесінде “Бесқонақ” үнемі жыл аяғына қосылып отырған. Қазіргі күнтізбеге сәйкес, “Бесқонақ” жыл сайын 17 наурыздан 21 наурызға дейінгі аралықта келіп отырады деп күтіледі.
Анығында халық арасында "Бесқонақ" атауы жақсы таныс. Ал "Отамалы" жайлы тіпті айтылмайды десек те болады. Ол атау қайдан, қалай пайда болған?
Бесқонақ секілді сәуір айында айналып келетін бұл суықты "Отамалы" деп те атайды. "Отамалының" бұлай аталуына байланысты ел ішінде көптеген аңыз-әңгімелер бар. Солардың бірі Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романында айтылады:
– Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады. Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі сонда. Отамалы деп атанғаны бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол пақыр күн қайырады екен-ау! Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі қойды жайылымға шығармайық, боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі, малыңнан айрыласың десе, байы бір діні қатты кәпір екен. Сен тоғышарлық қып алдап отырсың деп, Отамалыны сабап-сабап қойды жайылымға шығартады. Сол күні, құдай көрсетпесін, бір қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы пақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығы – «отамалы» атанғаны содан дейді.
Отамалының халық арасында айтылмауы бүгінде халықтың бұл мезгілді ұмытып бара жатқанына да себеп сияқты көрінеді. Олай дейтініміз, осы уақыттағы салқынды бесқонақпен шатыстырып жүргендер бар.
Дана халқымыз тек көктемдегі осы өтпелі кезеңді өткергеннен кейін ғана жайлауға көшуге дайындала бастаған. Егер бесқонақ, отамалы кезінде күн қатты салқын болып, жаңбыр-қар мөлшері көп болса, келер жаз жайлы болады деген сенім бар.
Иә, әр таңын, әр мезетін жақсылыққа жори білген қазақ халқы өз шаруашылығына байланысты алдын-ала болжай білгенін осыдан байқаймыз. Жыл жаңасында жақсылық күткен еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік, келешегі кемел болғай!

Онталап ЖОЛДАСОВ 
16 наурыз 2024 ж. 846 0