Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Газет – өмірімнің айнасы

Газет – өмірімнің айнасы

Ескі қағаздарды ақтарып отырып осы бір сөйлем көзіме оттай басылды. Оқушы дәптерінің қалың бетіне «Газет– өмірімнің айнасы» деп жазылыпты. Сонау балалық кезімде қандай мақсатпен жазғанымды кім білсін?! Әйтеуір ойланып қалдым. Мүмкін өмірге алғашқы қадамдарын басқан жас өренге жөн сілтеп, алға сүйрейтін де газет екенін сезінгенімнен болар. Неде болса бұл сонау жетпісінші жылдардың орта тұсындағы жеткіншектің ойы, соның сөзі. Күнделікті шығатын газет-журналдардың да қадірінің артып тұрған тұсы ғой.
Ауылда Омар деген ақсақал болды. Қарт коммунист. Сол кісі ауылдағы пошта үйінен шықпайтын. Ол кездегі үкіметтің заңы солай ма, әлде адамдардың жұмысқа деген жауапкершілігі мықты ма, әйтеуір сол күнгі келген газет-журналдар түстен кейін-ақ үйлерге таратылып берілетін еді. Ақсақал сол аралыққа шыдамай, ораулы газеттің ашылған сәтінде-ақ, «маған аудан мен облыстың газеттерінен беріп жіберші» деп сол жерде тұрып-ақ оқи бастайтын. Қарт кісіге таңдана қараған біздер пошташы ағаға көмектесіп, газеттерімізді тездетіп алып кетуге асығатын едік. Өйткені ол газеттердің арасында «Қазақстан пионері» мен «Балдырған» журналдары бар. Бәріміз соны қызыға оқимыз. «Қазақстан пионері» газетін алмайтын бала жоқ та шығар ауылда. Өзіміз ақша таппасақ та ата-анамыз сол газеттердің ақшасын  мектепке беріп жібереді. Бір жағынан сынып жетекші ағайымыздың «әкелдің бе» деп күнде- күнде сұрай беретін сөзінен де қысыламыз. Кейде бүкіл сынып болып түгелдей «Қазақстан пионеріне», бастауыш сыныптар «Балдырғанға» жазылатынбыз.
Оқушылық кезден қалыптасқан сол әдет ержеткен кезде де қалмады. Мектепте істеген қырық жылға таяу уақытта басқа газеттермен қатар «Ұлан», «Балдырғанды» да қалдырып көрмеппін.
Ол кездегі мұғалімдердің айлығы да мардымсыз болатын. Ұстаздар қауымы сондада қажетті газеттерін жаздырып алып оқып жатты. Өйткені ұстаз қадірі біліммен өлшенетін заманда бәрін де білуге тиіс болдық. Мектептегі әріптес үлкен ағайымызда:
– Мұғалім болып журнал ұстаған адам ауданның, облыстың, республиканың негізгі газеттеріне жазылуы керек, – деп үнемі айтатын.
Жақында әлеуметтік желіде «Мектеп басшылығы бізді газет-журналдарға еріксіз жаздырады» деп жазса, енді біреулері: «Қазір газет оқитын адам жоқ. Бәріде әлеуметтік желіде бар» дейді. Тіпті газет оқыған адамды заманға теңесе алмаған деп те сынапты.
Осының бәрін  жазған ұстаздар екенін білгенімде, жүрегіме ауыр тигендей болды. Басқаны қайдам, ұстаздар қауымына рухани байлығын жетілдіріп, сөз байлығыңды, біліміңді кеңейтуге газет-журналдардың  үлкен көмекші екенін айтқым келген. Үндемедім. Өздерінің бет пердесін ашып берген жоғарыдағы ұстаздарға не деп айтуға болады?! Жыл сайын екі рет келетін баспасөзге жазылу науқанында әрбір ұстаз өздерінің сүйіп оқитын газет-журналдарына таласа-тармасып жазылып жатса, басшылары да іштей қуанар еді ғой.
Өтірік-шыны аралас әлеуметтік желідегі жалаң сөздер қандай тәрбие бермек. Әрбір сөздің мағынасын, мәнін ұқтыратын газет-журналсыз қалай өмір сүруге болады.
Алдыңғы арбаға қарап жүретін үлкендеріміз газет оқуға қызықпаса, балалар оны қайдан оқысын. Тіпті олар өздеріне арналған «Ұлан», «Балдырған» деген газет-журналдардың бар екенін де білмейтін болуы керек. Күні бойы ұялы телефонға телміргенше соларды алып оқыса ғой. Бәрі де өзімізден. Өткен жылы ауылдағы поштадан білгенім, бүкіл ауылдық округ бойынша бір ғана адам «Балдырған» журналын алады екен. «Ұлан» газеті тіпті жоқ. Сонда қалай болғаны, балаларымыз газет-журнал оқымаса, әдеби кітаптарды қалай оқиды деген сұрақ туындайды. Кітап оқудың өзі ең алдымен газет-журналдарды оқудан басталатынын білсек қой, шіркін.
Ауылдастарымыз біледі, мектебімізде Мералиев Тілеген деген орыс тілі пәнінің мұғалімі болды. Өзі бастауыш партия ұйымын басқарады. Сол кісінің жазылмайтын газет-журналы жоқ еді. Қазақ тіліндегі басылымдардан бастап орыс тіліндегі негізгі газеттердің бәріне жазылатын. «Бір айлығы түгелдей газетке кететін шығар» деп ойлайтынбыз. Білмейтіні жоқ, саяси сауатты кісі болды. Байқоңыр қаласына көшерде жинаған газет-журналдары бір машина болды. Жиналған газеттерінің бәрін алып кетті. Әне, қызығушылық деген қандай,  барлық газетті алдырып оқыды.
Қазіргі тілшілер мықты. Әрбір мақаланың өзін жауаптылықпен, әдеби тілде жазады. Газеттің әр санын қолға алған сайын бейнебір әдеби кітап оқып отырғандай сезінесің. Газет беттеріндегі ерен еңбектерімен  еліне елеулі үлес қосқан жандардың ел есінде мәңгі жаңғырып қала беретінін көріп риза болсаң. Бүгінгі ұрпақтардың Абайша айтқанда «бес нәрседен қашық болу» керектігін сырлы сезімдерге толы әңгімелерімен жеткізе білетін дүниелерін көргенде ойланып-ақ қаласың. Міне, газет дегеніміз өткен өміріміздің айнасы, бүгінгі өміріміздің мәні екенін осыдан-ақ сезесің.
Рухани байлықтың ошағы, жаңаша жаңалыққа толы газетіміздің оты сөнбесін. Қолына газет ұстап бір сәт болса да үңіліп отырған оқырман келер ұрпақ үшін әрқашан үлгі болып отырғанын ұмытпаса екен.
Жақсыбай МУСАЕВ,
Қызылжар елді мекені

Сурет: qyzylqoga.kz

16 наурыз 2024 ж. 363 0