Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек еленді, толқындықтар қуанышқа кенелді

Еңбек еленді, толқындықтар қуанышқа кенелді

Жаңа жыл қарсаңында орталық мәдениет үйінде аудан әкімі Серік Сермағамбетов жұртшылық алдында жаңа жылмен құттықтай отырып, жыл көлемінде атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтіп, қорытындылап, алдағы уақыттарда атқарылатын жұмыстардың да ауыз толтырып айтарлықтай екені белгілі болды. Қарапайым ауданның қарт тұрғынының бірі ретінде ауданда жасалынып жатқан игілікті істердің куәгері болып келеміз. Аудан басшысының жолы да, қолы да таза болғандықтан жұмысы жүйелі, жетістігі де болатыны сөзсіз деп ойлаймын.
Жиналыста әрбір сала қызметкерлерін жеткен жетістіктеріне байланысты марапаттау рәсімі болды. «Жыл үздігі» номинациясы бойынша үздіктер арасында ауданымыздың айнасы болып саналатын «Толқын» газетінің жауапты хатшысы Оңталап Жексембайұлы Жолдасовтың «Жыл үздігі» атануы үлкен баға, жетістік. Өзім ес біліп етек жиғалы «Толқын» газетімен біте-қайнасып, тұрақты оқырманы және мақала авторы ретінде бірге жасап келемін. Оңталап Жексембайұлына берілген марапат бүкіл редакция қызметкерлерінің жүйелі жұмыстарының арқасы деп бағалауға болады демекпін.
Ұлт зиялысы Ғұмар Караштың мынадай бір мағыналы сөзі бар. «Бізді бір ниет, бір тілекке жия-тұғын зат – газет. Сол себепті, газет – біздің басшымыз. Газет – біздің достар арасындағы көркіміз, дұшпандарға қарсы қаруымыз. Газет – біздің білмегенімізді көрсететін ұстазымыз. Газет – біздің қараңғыда жарық етіп, тура жолға салатын шамшырағымыз». Осындай ойлы сөзді басты ұстаным еткен және салмақты міндеттерді арқалаған «Толқын» газеті ауданның саяси-әлеуметтік және экономикалық, тарихи-танымдық,рухани құнды, салт-дәстүрімізді, өнеге аларлықтай мазмұнды материалдарды жариялап, хал-қадірінше халыққа жеткізіп жүр. Оңталап Жолдасовты қаламының ұшына байланған қаситті сөз өнерін ақындықпен де, қарапайым тілмен де, шешендікпен де жеткізе алатын келешегінен үлкен үміт күттіретін журналист десе жарасады.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Газет – ол халықтың үні, көзі һәм құлағы» деген екен. Сол айтқандай «Толқын» газетінде осындай қанатты сөздерден нәр алып, халықтың алғысына бөленуімен, редакция мүшелерін алған ортақ марапаттары құтты болып, жаңа жылда отбастарына амандық, өздеріне зор денсаулық тілей отырып, шығармашылық жұмыстарың арта берсін деген тілегімді жеткізгім келеді.
А. ЖОЛМАҒАМБЕТОВ
04 қаңтар 2024 ж. 618 0