Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теміржолшыларға жасалған жағдай жоғары

Теміржолшыларға жасалған жағдай жоғары

Биыл жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевты қабылдаған кезде Н.Сауранбаев соңғы үш жылда "Қазақстан темір жолының" негізгі өндірістік көрсеткіштерінде өсім байқалады. Былтыр жүк айналымы 7 пайызға артып, 270 миллиард тонна-километрге жетті. Транзиттік тасымалдау көлемі 18 пайызға ұлғайып, 27 миллион тоннадан асты. Нәтижесінде компанияның кірісі өткен жылмен салыстырғанда 29,3 пайызға өсіп, 1,9 триллион теңгені құрады. Компания 154 миллиард теңге таза пайда тапты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт есе көп әрі компанияның рекордтық көрсеткіші саналады" деген болатын.
Расында елдегі ауқымды құрылымдардың бірі саналатын бұл салада серпінді даму мен ауыз толтырып айтарлықтай табысты еңбек, жағымды жаңалықтар көп. Осы аптада сондай шаралардың біріне куә болып қайттық.
Осыдан 10 жыл бұрын пайдалануға берілген "Бейнеу-Сексеуіл-Жезқазған" шойынжолы бойынан жаңа нысан табысталды. 19 бекетте сала жұмысшыларына арналған қызметтік тұрғын үй модулі қолданысқа берілді.
Шараға "ҚТЖ" ҰҚ" АҚ-ның Қызылорда теміржол магистралдық желі бөлімшесінің басшысы Ербол Сәулебеков арнайы қатысып, қуанышқа толы сәтте сөз сөйледі.
– Теміржол саласындағы әрбір қызметкерге қолдау жасау, қалыпты, кедергісіз еңбек етуіне жағдай тудыру компанияның алдында тұрған басты мақсаттардың бірі. Міне, осындай қуанышты сәттің бірін өздеріңізбен бірге өткізіп тұрмыз. Бұл сіздерге деген компанияның алғысы деп біліңіздер, – деп жаңа ғимараттың ашылуымен шын жүректен құттықтады.
Одан бөлек "ҚТЖ" ҰК" АҚ-ның Қызылорда теміржол магистралы кәсіподақ комитетінің төрағасы Бауыржан Ахметов те сөз сөйлеп, теміржолшыларды қуанышымен құттықтап, кәсіподақ атынан сыйлығын табыстап, кілем жайды.
Ал шараға арнайы шақырылған ардагерлер "Біз қызмет жасаған уақытта мұндай жағдай мен мүмкіндіктер бола қоймады. Бүгінгі теміржолшыларға қарап қызығамыз. Бұл да болса дамудың айқын көрініс. Алдағы уақытта да әлі талай табысты еңбегімен бізді қуантарына сенім мол" деп ақжарма тілегін арнап, басшыларға алғысын білдірді.
Одан кейін нысанның ішін аралаған шара қонақтары көңіл толатын кешеннің сапасына оң баға берді. Жуыну бөлмесі, асхана, 10 адамға арналған тынығу бөлмесі секілді соңғы талапқа сай жабдықталған ғимарат ішін аралап, осыған сай жұмыстың да талап етілетінін ескертті.
Әр істі батамен бастаған қазақ екенімізді де аңғартып Сексеуіл кентінің найб-имамы бата беріп, алдағы еңбектеріне сәттілік тіледі.
Айта кетейік, мұндай тұрғын үй модулі тек 19 бекетте ғана емес, мұнан бөлек 8 бекетте салынып жатыр. Осы тоғыз модульдің 4-еуі аяқталып, 19, 18, 17, 16 бекеттерде пайдалануға берілді. Қалған бесеуі шілде айында толықтай аяқталып, теміржолшылардың игілігіне беріледі. Осы жұмыстар аяқталса, мұнан да бөлек тағы бірнеше модульдің құрылысын салу жоспарда бар екенін байқадық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ

30 маусым 2024 ж. 259 0