Бөдене өсіру ісін қолға алған кәсіпкер

Бүгінде біз айтқалы отырған кәсіпкер Бауыржан Ибрашев та осы кәсіпке ден қойған жандар қатарынан. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы үкіметтен 4,2 млн. теңге несие алып, бөдене өсіру (жұмыртқасын, етін шығару) кәсібін жандандыруға бел буған кәсіпкердің бүгінде бағымында мыңдаған құс бар. Одан алынатын өнім де баршылық. Ет бағытындағы бастамасы да жайлап алға басып келеді.
Ол тұқымдар майда боп шығады да, құсты да, жұмыртқасын да ірілендіру мақсатында Алматыдан іздестіреді. Әсілі, бөдененің пошымы – шап-шағын. Жұдырықтай жаратылыс. Ақын Мұхтар Шахановтың «бөдене таланттар мен Қажымұқандар» дейтіні содан. Көлемі әр алуан болады. Ең аз салмағы 10 грамм болса, біреулері 15-20 грамға дейін барады.
Бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы өте көп. Мамандар бөдене жұмыртқасын әсіресе, балаларға, қарттарға, аяғы ауыр және емізулі баласы бар әйелдерге, сырқат және әлсіз жандарға жиі тұтынуға кеңес береді. Себебі, бұл өнімнің адамның иммунитетін көтеріп, сергітетін қуаты мол. Аз сөзбен айтсақ, мың ауруға шипа. Жұдырықтай құстың еті холестеринсіз, диеталық тағам. Жұмыртқасы дәрумендігі жағынан тауықтан үш есе құнарлы, амин қышқылы, микроэлементтерге бай. Бұрын патшалар мен ақсүйектердің жейтін жеңсік асына айналған құстың қазір сол пайдасын көбі біле бермейді. Білсе де немқұрайлылық басым секілді. Кезінде Шыңғыс ханның өзі жаралы жауынгерлеріне бөдененің жұмыртқасын ішкізіп, аяққа тұрғызғанын тарихи кітаптардан кездестіруге болады.
Ұлт болашағын ойлаған елдер бүгінде бұл құсты дәрумен ретінде балаларына ұсынады-мыс. Айталық күншығыс елдерінде мектеп жасындағы балаларға күніне екі бөдене жұмыртқасы тегін таратылады екен. Солардың Жапон және Корей елдері. Ал кей деректерде бөдененің Қытайда 70 млн басы бар екені айтылады. Демек дамушы елдер оның пайдасы мен құндылығына әлдеқашан мойынсұнған.
Иә, біздің елімізде «ханның асы» саналатын бөдененің еті мен жұмыртқасынан басқасын пайдалану әлі жолға қойылмай келеді. Ал бұл тек асырайтын адамға ғана байланысты емес. Тұтынатын қарапайым халыққа да қатысты. Сұраныс артса бұл кәсіпті де шыр айналдыратын жетіп артылады. Осыкәсіптің бір тиімділігі қысы-жазы алашапқынға түсіп сандалмаймыз. Уақытылы жем-суына қарап, дәрумендерін дарытып отырсаңыз бұл құстан мол өнім алуға, жақсы пайда табуға болады. Осыны түсінген Бауыржан бүгінде кәсібін дөңгелетіп, бағдарламаның тиімділігін көріп келеді.
А.ҚАРАСАЙ