Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Табыстың көзін тапқан - Теберік

Табыстың көзін тапқан - Теберік

...Тауық жылын табыспен түйіндеп, ит жылымен есендескен шақ. Аудан басшысының төрағалығымен 2018 жылдың алғашқы басқосуы болып, онда алдағы міндеттер жан-жақты талқыға түсті. Сол жиында маңызды салаларды алға бастыру жолдары қаралып, кәсіпкерлікке де айрықша басымдық берілді. Күн тәртібіндегі көтерілген мәселелер төңірегінде шағын кәсіпкерлікті дамыту барысы да қаузалып, аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы аудандақұс өндіру ісін қолға алған Теберік Мырзалиев есімді азаматтың бар екендігін, оның бөдене өсіріп отырғанын жиналғандар назарына ұсынды. Жаңалық десе елеңдеп тұратын әдетімізбен хабарламашы сөзін бастан-аяқ тыңдап шықтық. Сосын тың кәсіптің көзін тапқан жанды іздедік... Көрсетілген мекен-жай бойынша Жаңа ауыл бет мөлтек ауданына аялдадық. Ауылаға кіре берістен бізді орта жастағы жігіт қарсы алды. Шаруаға бейімділігі ә дегеннен аңғарылады. Амандық-саулық сұрасып жатырмыз. Жаңадан салынған сарай ішінен тауық шақырып, қаздардың қаңқылдаған үні естілуде. Бөдене қайда екен? Көкейіміздегі сауалды айтпай ұққан азамат: –Үйдің ауызғы бөлмесінде бөденелерім де бар,-деді. –Қаз бен тауықты күнделікті тірлікте көріп жүрміз ғой, бізді сонда бастасаңыз деп үй иесінің ізіне ердік. Міне, керемет. Арнайы тор сеткіге қонақтаған 300-ге тарта бөдене шиқыл қағады. Енді бір жерде құжынаған балапандар иесі тастаған жемнен бас алар емес. Жұмыртқалауға қамданғандары қаншама. Нағыз еңбек. Көпке таңсық кәсіптің көзін тапқан іскер жан әлгі құстардың пайдасы жайында жан-жақты мәлімет беріп, құйтақандай жұмыртқалардан инкубатор арқылы айына 2 рет балапан шығаратынын жеткізуде. Кәсіпкерді тағы сөзге тартқанымызда, сәл күлімсіреп алып, қойған сауалдарымызға жауап берді. –Аралдың перзентімін. Тоқсаныншы жылдардың басында жекешелендіру дүрмегімен мекемелер, іргелі құрылымдар жұмысын тоқтатты. Сол шақта мен де жаңа қоғамға керекті мамандық алуды мақсат тұттым. РесейдіңОрынбор мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтына құжат тапсырып, жолым оңғарылды. Алайда, бітіріп шыққаннан кейін қалаған мамандық бойынша қызмет жасауға еш мүмкіндік болмады. Ойлана келе, Алматы қаласындағы Қазақ жол қатынастар университетінен инженер-техник мамандығын алып, экономиканың күре тамырына баланған темір жол саласынан нәпақа іздедім. Бәрі ойдағыдай өрілді,-деп, бүгінгі таңда өткен шақтың еншісінде қалған өмірінің бір белестерін әңгімеледі. Тыңдап отырмыз. Астанада қызмет атқарыпты. Отау құрып, перзент сүйіпті. Тіпті, қолжетімді баспана бағдарламасы негізінде қоныс тойын да тойлапты. Терең ойға шомған Теберіктен тағы да сыр суыртпақтадық. –Қызық, талайлардың арманына баланған Астанадан Аралға келуіңіздің сыры неде? дедік. –Осы сауалды сіз ғана емес, көзі таныс көпшілік сан мәрте қойған. Атадан бір ұлмын. Перзенті үшін түн ұйқысын бөлген қарт анам науқас. Есіл жағасындағы ызы-шуы көп шаһарға жерсінбеді. Көненің көзі ғой. Аңсары туған жерге ауды да тұрды. Ақыры осында әкелдім. Бала үшін ананың разылығынан артық ештеңе жоқ,-деп, ол үшін өкінбейтінін айтты. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен 1 млн. 800 мың теңге көлемінде қаржы алған Теберік, бөдене жұмыртқасының, етінің денсаулыққа тигізер пайдасы мол екенін атап өтті. –Ірі қалаларда бұл құстың өкпе, бауыр, бүйректері арнайы сатылады. Кезінде ядролық жарылыстан зардап шеккен жапондықтар бөдененің өнімі арқылы денсаулықтарын қалпына келтірген. Сондай-ақ, Үндістан елі де бөдене жұмыртқасының ағзаға қажеттілігін жақсы түсініп, жаппай тұтынуды әдетке айналдырған. Ендеше, экологиялық ахуалы бар аралдықтар да осы өнімді тұтынса артықтық етпейді,-деп Елбасы Жолдауларында кәсіпкерлікке кең қолдау жасалып жатқанына ризашылық білдіріп, алдағы уақытта ісін әлде де жандандыруға атқарушы билік тарапынан ықпал жасалса деген ойын алға тартты. Иә, отбасылық кәсіпті өркендетуге күш салған, мемлекетіміздің қолдауы аясында кәсіп көкжиегін кеңейткендер ауданымызда жетерлік. Облыс әкімі де кәсіпкерлікті қолдауды ешқашан күн тәртібінен түсірген емес. Олай болса, Теберік Ниязбайұлы қолға алған жарқын жоба, игі бастамасының екінші тынысы ашылса дейміз.

Абай Елеш.
12 ақпан 2018 ж. 1 465 0