Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ МЕН ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСТІ

СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ МЕН ОБЛЫС ПРОКУРОРЫ ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСТІ

Кеше ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н.Байқадамов пен Р.Рүстемов және Қызылорда облысының прокуроры Р.Ожаров ауданға келіп, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, киесі мен құты қатар қонған Арал жұртшылығының ортасында болды. Аудандық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесіп, Заң жобасын мақұлдап, нормаларын бекітетін жоғары палатаның ағымдағы жылы атқарған жұмыстары туралы сөз сабақтады. Жиында аудан әкімі А.Оңғарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен еліміз үшін аса маңызды саяси реформалар жүзеге асып жатқандығын тілге тиек етті. Бұған дейін ҚР Парламенті сенатының депутаттары Г.Шиповских пен А.Сатвалдиев және ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары М.Жайымбетов, М.Әбенов пен М.Ергешбаевтар Арал өңірінде болып, бірқатар нысандардың жұмысымен танысып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдағанын жеткізді. Бұл жолы да ауданға ат басын бұрып, арнайы келіп отырған депутаттар елдің тілегі мен ұсынысын тыңдады.
Жиында алдымен ҚР Парламенті сенатының депутаты Р.Рүстемов Сенатта қаралған бірқатар заң нормаларының тиімділігі мен артықшылықтарын баяндады.
– Қадірлі қауым, өздеріңіз білесіздер қазір VIII шақырылымдағы Парламенттің II сессиясы аяқталғаннан кейін 1 шілдеден бастап біздің әріптестеріміз өңірлерге шығып, аталған сессияда қандай заңдар қабылданды, олардың ерекшеліктері қандай екендігі жайлы кеңінен мәлімет беруде. Сондай-ақ елдің көкейіндегі ұсыныс-пікірлерін тыңдауда. Жалпы Парламент осы сессияда 102 заң қабылдады. Оның 31-ін депутаттардың бастамасымен қабылдады. Сол 102 заңының 21-не өзім мүшесі болып табылатын Әлеуметтік мәдени даму және ғылым комитетінде қабылданды. Осылайша осы 21 заңды Сенаттың пленарлық отырысына жолдадық. Бұдан бөлек 9 заң ішінара өзгерістер мен толықтыруларға байланысты Мәжіліске кері қайтарылды, – деді сенатор Р.Рүстемов.
Мұнан соң Қызылорда облысының прокуроры Р.Ожаров жиынға жиналған бизнес қауым өкілдері мен тұрғындарға облыстық прокуратура тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Әсіресе бизнес өкілдерінің құқығын қорғап, заң талаптарының қатаң сақталуы, кәсіпкерлерге көрсетілетін негізсіз қысымдарға жол бермеу сынды мәселелер Прокаратураның ең басты міндеттерінің бірі екенін атап көрсетті.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттарына, облыс прокуроры Ризабек Кәрімұлының тарапына заңдық тұрғыда және кейбір салалардағы олқылықтарға қатысты ұсыныс-пікірлер айтылды. Әсіресе мал басына берілетін субсидия және балаларға берілетін ыстық тамақтың санитарлық талаптарына қатысты мәселе көтерілді. Сонымен қатар балық шаруашылығы саласы бойынша және кәсіпкерлер үшін белгіленген тариф мөлшерлемесіне қатысты ұсыныстар келген қонақтардың назарына ұсынылды.
Өз кезегінде тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлердің әрбірі еліміздің, әсіресе аудан жұртшылығының игілігі үшін аса маңызды екенін айтқан мәртебелі меймандар тұрғындардың талап-тілегін уақыты келгенде өз құзіреті шеңберінде көтеріп, салалық жауапты министрліктің назарына ұсынатындықтарын жеткізді.
Жиын соңында ҚР Парламенті сенатының депутаты Н.Байқадамов Арал мәселесіне алаңдаушылық білдіріп, теңіздің ертеңіне одан табиғат Анаға келетін зиянға қатысты ойын ортаға салып, бұл мәселені тұтас ел болып алаңдауға негіздің жоқ еместігін жеткізді. Арал мәселесіне алаңдаушылықтың нақты дәлелі осы уақытқа дейін қасиетті топрыққа келген талай мәртебелі азаматтардың көптігі және олардың саяси ықпалды азаматтар екендігі жайлы айтты. Осылайша киелі өңірдің берекесі мен байлығына, айдынды Аралдың ертеңіне алаңдаушы ағайынға алғаусыз ризашылығын білдіріп, халық қалаулысы ретінде әркез елдің, Аралдың мәселесіне атсалысатындығын жеткізді.
19 шілде 2024 ж. 162 0