Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлі-зайыпты екеу

Ерлі-зайыпты екеу

Тарғын жаңа үйленген отбасылық өмірінің қалт-құлт еткен қиыншылықтарына қарамастан, өзі туып өскен ауылынан қалаға көшті. Бұлайша қопарыла көшуін әке-шешесі, тіпті ауылдастары да құп көрмегенімен ол бұл ойын шұғыл іске асырды. Тарғынның ақылдасқан адамы әлі де бал айының барлық көңілді шақтарын тауыспаған жан жары Таңгүл болды. Ол орта бойлы, сымбатты, ақ сары, жылы жүзді, бота көзі мөлдіреген жас келіншек еді. Олардың оңашаланған, от-жалынды түндеріндегі ынтық көңілдері ылғи да мақұлдасқан жайттарға ұласып жататын. Сондай сәтті түндерден соң туындаған қауырсын қанат ойларының бірі туған ұясын тастап кету болды.
...Тарғынды алдындағы белгісіз күндері тосып жатты. Қалаға кеп қоныстанған алғашқы жылдарында қолайлы жұмыс тауып, орналаса қоюдың өзі қиын болатын. Ақыры, көп күндерін жұмыс іздеумен өткізіп алған Тарғын құрылысқа қара жұмысшы болып орналасты. Жұмыс ауыр, айлық аз. Бәрінен қиыны, баспананың жоқтығы оның келген жолымен кері қайтуына жол ашты.
Бұл кездері Таңгүлдің де аяғы ауырлап қалған еді. Өнбекті тілеген жас өмір сұрқай тіршілікке талпынып, дамыл-дамыл белгі беріп жатты.
Жұмыстан қажыған, шаршаған әрі соншама ашынған күйде өзі тұратын пәтеріне құлықсыз аяңдап келе жатқан оның басын сұмпайы бір ой мазалап келе жатыр еді. Қожайынның пәтер ақысын бір айдан бір айға созып, «бірнеше күн шамасында жалақы аламын, соған дейін күте тұрмас па екенсіз» деп өтінген. Бірақ сол бір уәдесі түспегір ащы ішектей әлі созылып келе жатқан еді. Енді, міне, бүгін уәденің соңғы күні. Айлық болса әлі жоқ. Есесіне, әлгі қаңғыбас ой басын шырмауықша шырмап келеді.
Тарғын күндегіден сәл ертелеу келіп, есік қоңырауын құлықсыз басты. Арғы жақтан әлсіз болса да сықырлаған көнетоз диванның наразы даусы естіліп, артынша тырп-тырп еткен тәпішкенің дыбысы жақындай түсті. Әйелі әдеттегідей есікті әйнектің тесігінен қарап жатпай-ақ ашты. Содан соң мұның кіруін күтіп тұрмай-ақ, ас үйге емес, жатын бөлмеге кіріп кетті. Сыртта ымырт үйіріліп, қараңғылық түсіп келеді. Ал үй ішінде көз байланғандай қараңғылық пен үнсіздік орнаған. Тарғын әйелінің дөңестенген жамбасының жұмырланып, дөңгеленіп, кеуде жақтарын құныстандырып тұрғанын байқады. Осынау бейкүнә баладай қол-аяғын бауырына алып, жатқанынан жүрегі шымырланып кетті. Ішінде аяныш сезімі бас көтеріп, жаңағы реніш тарқай бастады. Ол Таңгүлдің үнемі ақжарқын, қылықты қимылын қалайтын. Сөйте тұра: «Мен осы тұрғанда бишара, дәрменсіз, ешнәрсе қолымнан келмейтін еркекпін». Ал алғаш үйленгенде: «Бәрін-бәрін үйіп-төгемін, не ішемін, не киемін демейсің» деп айтқанын есіне түсірді. Тағы да: «Ал бүгін қожайынға не бетіңді айтасың, әйеліңе тағы қандай жұмақ орнатам дейсің» деген ойға шомды.
– Сен шаршап келдің ғой, – деп әйелі бірінші рет тіл қатты. Жатқан жерінен шынтақтай ауыр көтеріліп келе жатқан Таңгүлдің жүзінде сырқат адамға тән белгі бар екен. – Мен саған тамақ істей алмадым, ренжімеші, – деп тағы да өз кінәсін жуып-шайып тұрды ол. Тарғынға жасқаншақтай қарап, қасынан ысырылып орын берді.
Осы кезде екеуінің арасында пайда болған наразылық белгісі бірте-бірте жоғала бастады.
–Көңіл-күйің келмей тұр ғой, – деп Таңгүлдің қасына отырған Тарғын оның маңдайын алақанымен басты.
–Ыстығың бар сияқты. Дәрігер шақыртсақ қайтеді? – деп еді,
–Әуре болма, мен сол дәрігерге барып келдім, – деді.
–Сосын не деді? – күйеуі абыржып, сұраулы жүзбен әйеліне қарады:
–Қара басымызды ешқайда сыйғыза алмай жүргенде, – деп Таңгүл қатты кейіді.
–Мынаның бітіп қалғанын қарашы. Ол иегімен құрсағын нұсқады.
–Жоқ жаным, періштені ғайбаттама! – деді Тарғын бір кезде.
–Сәбиіміздің ешбір кінәсі жоқ. Ол мына өмірге келуге тиіс, келген соң өз ырзық-несібесі болады. Мына өмірде мен бармын ба, ендеше сен барсың, – деп шынайы тебіреніспен шешіле сөйлеп кетті.
–Мен екеуіңді де асыраймын, біз әлі-ақ жақсы күндерге жетеміз, әлі-ақ қолымнан іс келетінін көрсетемін, – деп ашыла сөйледі.
Тарғынның осылайша біреуден артық тұруды асқақ арманға айналдырғаны әлдеқашан еді.
Көк телефон безілдеп қоя бергенде ерлі-зайыпты екеуінің есі шығып кетті. Екеуінің де қожайынға берген уәдесі естеріне түсті. Бір-біріне сұраулы жүзбен қарай берді.
Телефон болса әлі безілдеп тұр. Әй, Құдай-ай десеңші!
Тарғын телефонға жақындай берді. Әйелі төмен қарап, жер шұқып отыр. Тарғын салған жерден жылы амандасты. Міне, сөйлесіп жатыр. Мұны көріп Таңгүлдің де көңілі жадырай түсті. Тарғын телефонмен қысқа сөйлесіп, сыртқа шығатынын білдіріп, асығыс далаға кетіп қалды. Түнделетіп келген ескі досын Тарғын қуанышты түрмен қарсы алды да, қолын ұзақ қысып амандасты.
Бұл келген әкесі дөкей болған Бітімбай Ерденбаевтың Ерлені еді. Орта бойлы, мығым, ірі денелі жігіт еді. Барынша сақ, өте әккі және мансапқор жас. Десе де, көңілі түскен адамға алды кең, нағыз атымтай жомарттың өзі болатын. Ең бастысы, іскер жігіт. Міне, оның тап осы кезде келе қалғанына Тарғын қатты қуанды. Қоштасарда Ерлен Тарғанға қомақты ақша ұсынып, қоштасты. Тарғын досының астындағы шетелдік машинасына ұзақ қарап тұрып қалды.
Асқар ЖҰБАНЫШОВ
20 шілде 2024 ж. 117 0