Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Суға шомылу маусымы: қауіп пен қатер

Суға шомылу маусымы: қауіп пен қатер

Жаз келсе, барлығымыз көл-теңізге барып демалуды ойлап тұрамыз. Иә, күннің ыстығында суға түсіп, бір демалып қалған сәтті айтып жеткізу мүмкін емес. Суға шомылу маусымы басталғаннан-ақ оған баратын адамдар саны да жиілейді. Дегенмен кейде судағы оқыс оқиғаларды құлағымыз шалып, көңіліміз құлазып жатады. Осы ретте Арал ауданы бойынша су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, күнделікті рейдтік шаралар жүріп жатыр.
– Жыл басынан бастап аудан бойынша суға кету фактісінен 2 оқыс оқиға тіркелді. Оның бірі балық аулау кезінде орын алса, екіншісі суға шомылу кезінде орын алды. Суға түсу маусымы басталғалы бері профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіліп жүр. Сонымен бірге Арал ауданының төтенше және №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері күнделікті профилактикалық жұмыстарға белсене атсалысып келеді. Суға түсу маусымы кезіндегі қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында лед экрандарда және әлеуметтік желілерде арнайы дайындалған бейнероликтер таратылды. Тағы айта кетерлігі, адамдар көп шоғырланатын орындарда және ауылдық округтерде билворттар орнатылды. Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, Қамбаш демалыс орнындағы жеке кәсіпкерлерге арнайы жиналыс өткізіп профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар Қамбаш сауықтыру лагеріндегі балалармен қызметкерлерге профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп ашық есік күндері өтті. Ендігі кезекте аудан тұрғындары мен қонақтарын суға түсу кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауын ескертеміз,–деді Арал аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, Азаматтық қорғау подполковнигі Дархан Нұрбекұлы.
Сонымен бірге аудан бойынша рейдтік шаралар белсенді түрде орындалып жүргені анық. Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі мен жергілікті учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, суға түсуге тыйым салынған орындарда және суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын сақтамаушы тұлғаларға арналған рейдтік шаралар күнделікті жүргізілуде. Соның нәтижесінде бүгінге дейін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364 тармағы бойынша 3 жеке тұлғаға шара көрсетіліп, 412 тармағы бойынша 2 жеке тұлғаға және де 1 жеке кәсіпкерге шара көрсетілген екен. Осы тұста суға түсуге тыйым салынған орындарда суға шомылуға және су айдындарындағы суға түсу кезіндегі қауіпсіздік қағидаларын сақтамаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі бойынша шара көрсетіледі.
Тағы айта кетерлігі, судың тазалығы да назардан тыс қалмайтын мәселе. Себебі, су айдындарындағы су сапасының нашарлауы адамға кері әсерін тигізетіні анық. Яғни, суға тұрмыстық қалдықтарды тастау, автокөліктерді жуу және де малды суару сынды әрекеттер адам денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізеді.
– Арал ауданы бойынша Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын өнімдер мен эпидемиялық мәні бар объектілердің тізбесін бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-220/2020 бұйрығына сәйкес 2-санаттағы су объектілеріне (мәдени-тұрмыстық мақсаттағы), демалыс орындары (жағажайлар) Сырдария өзені мен Қамыстыбас көлі жатады. Басқарма тарапынан осы су айдандарындағы судың құрамына мониторинг жүргізіліп отыр. Жыл басынан бері 4 рет аталған су айдындарынан санитарлық-химиялық, микробиологиялық, паразитологиялық зертханаларға су сынамалары алынып, зерттеу нәтижесімен санитарлық талптарға сай болды. Сонымен қатар Қамыстыбас көлінің жиегінде жазғы маусымда ашылған жағажайда халыққа қызмет көрсететін нысан иелеріне демалушылар арасында тағамнан улану, жұқпалы аурулар таралуын болдырмау мақсатында "Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 17 ақпандағы № ҚР ДСМ-16 бұйрығы мен "Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шiлдедегi № ҚР ДСМ-67 бұйрығының 9 тарауында белгіленген Жаппай демалу орындарына қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді,–деді Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ақзия Қасымқызы.
"Сақтықта қорлық жоқ"-демекші, әр адам суға шомылуға барған кезде аса ұқыпты, сақ болуы қажет. Сонымен бірге балаларды жалғыз қалдырып кетпеу қажет. Сол үшін барынша сақ болғанымыз жөн.
А.НҰРЛАНОВА

Сурет: old.syrboyi.kz
23 шілде 2024 ж. 214 0