Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 1 тамыздан бастап не өзгереді?

1 тамыздан бастап не өзгереді?

Тамыз айында қазақстандықтарды қандай өзгерістер күтіп тұр? BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрді.

Астанада жолақы қымбаттайды

Астанада қоғамдық көлікте жол жүру құны 1 тамыздан бастап 90 теңгеден 110 теңгеге дейін артады.

Астанада және қала маңында оқитын 18 жасқа дейінгі балаларға қоғамдық көлікте жол жүру 2020 жылдың наурыз айынан бастап тегін ұйымдастырылып келеді. Міндетті шарт – мектептің көлік картасының болуы және оны автобуста валидация өткізу.

Кім автобуста тегін жүре алады:

1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;

2) жасы және еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер, сондай-ақ жасы бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша зейнеткерлік жасқа толған мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;

3) көп балалы аналар;

4) көпбалалы отбасылар;

5) мүгедектер;

6) он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар, оның ішінде ата-аналарының бірі (заңды өкілдері).

7) «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын оңалту туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Қазақстандағы оқиғаларға қатысушылар қатарынан саяси қуғын-сүргін құрбандары.

Тамызда 10 күн демаламыз

30 тамызда Қазақстанда мемлекеттік мереке – Конституция күні атап өтіледі.

Биыл бұл мереке жұмаға сәйкес келгендіктен бұл күні қазақстандықтар үшін демалыс болады.

Аптасына 5 күн жұмыс істейтіндер үшін – 30, 31 тамыз және 1 қыркүйек демалыс. Ал 6 күндік жұмыс аптасында – 30 тамыз демалыс күні, 31 тамыз жұмыс күні, 2024 жылдың 1 қыркүйегі демалыс болады.

Көлік қызметкерлері күні

Жыл сайын тамыз айының бірінші жексенбісінде Қазақстанда көлік қызметкерлері күні атап өтіледі. Ол ресми мәртебеге ие және 1998 жылы республика Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының кәсіби мерекелерінің тізбесіне кіреді.

Бұл мерекеге қатысы бар адамдар өте көп, себебі ол автомобиль, темір жол, су және авиациялық көлік өкілдерін біріктіреді. Олар: жүргізушілер, диспетчерлер, кондукторлар, бақылаушылар, машинистері, жолсеріктер, ұшқыштар, стюардессы, техникалық персонал және т.б.

«Алматы жастарына» өтінім қабылданады

Алматы қаласы Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы 2024 жылы 29 шілде мен 7 тамыз аралығында «Алматы жастары» бағдарламасы аясында тұрғын үй сатып алуға қажетті жеңілдетілген несие алу үшін 35 жасқа дейінгі жастардан өтінім мен құжат қабылдаудың басталғаны туралы хабарлайды, - деді Алматы қаласының әкімдігі.

Бағдарламаға қатысу үшін өтінімді www.almaty-zhastary2024.kz сайты арқылы беруге болады. Бұл үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) қажет.

Бағдарлама аясында несие беру шарттары:

• Қарыздың ең жоғары сомасы – 18 млн теңгеге дейін;
• Пайыздық мөлшерлеме – 5%;
• Бастапқы жарна – 10%;
• Бастапқы және қайталама тұрғын үй алу мүмкіндігі;
• Қамту – ең кемі 1200 адам.

Париждегі Олимпиада

Франция астанасы Париж қаласында өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.

Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына спорттың 25 түрінен қатысады.

Грант иегерлерінің тізімі шығады

Ғылым және жоғары білім министрлігі 2024 жылғы білім гранттарын бөлу нәтижесін жариялайды.

Биыл бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық бағыттарға аса назар аударылады. Осылайша, барлық гранттың 60% техникалық мамандықтарға бөлінді

Магистратураға құжат қабылданады

20 шілдеде магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеу басталды, ол 10 тамызға дейін жалғасады.

Биыл магистратураға түсуге арналған кешенді тестілеуге 42 мыңға жуық өтініш қабылданды. Ең көп таңдалған білім беру бағыттары қатарында "Педагогикалық ғылымдар", "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" және "Бизнес, басқару және құқық" бар.

Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін кешенді тестілеу электрондық форматта өткізіледі және үш бөлімнен тұрады: шет тілі бойынша тест, оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест. Барлығына 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75 балл.

Магистратурада оқу үшін 2024 жылы 13 мыңға жуық грант бөлінген. Кадрларды даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттар бойынша бөлінеді.

Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 12-15 тамыз аралығында жүзеге асырылады, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады. Болашақ магистранттарды жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына қабылдау 28 тамызда аяқталады.

1-сыныпқа қабылдау жалғасады

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау 2024 жылғы 1 сәуірден 31 тамызға дейін жүргізіледі. Ата-аналар балаларының құжаттарын электрондық үкіметтің egov.kz веб-порталы арқылы тапсыра алады. Ал лицейлер мен гимназияларға балалар емтихансыз қабылданады.

Сонымен қатар мектептен мектепке тек каникул кезінде ғана ауысуға рұқсат етілетін шектеу алынып тасталды. Енді жаңа ережелерге сәйкес, балалар оқу жылында тұрғылықты жері бойынша мектеп ауыстыру мүмкіндігіне ие болды.

Ауыл шаруашылығы санағы басталады

2024 жылғы тамызда Қазақстанда пилоттық режимде ауыл шаруашылығы санағы басталады. Оның қорытындысы бойынша әкімшілік деректердің сапасын, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің дайындығын және санақтың негізгі кезеңінде әкімшілік деректерді пайдалану мүмкіндігін бағалауды қоса алғанда, анықталған проблемалар туралы есеп жасалады.

Аграрлық сектордың жай-күйі туралы статистикалық ақпараттың сапалы және объективті болуы үшін БҰҰ ФАО ұсынымдарына сәйкес елдер ауыл шаруашылығы санақтарын әр 5-10 жыл сайын өткізіп отырады. Қазақстанда алғашқы ұлттық санақ 2006-2007 жылдары өтті.

Астанада Funny Sport өтеді

Green case компаниясы елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен спорттық және ойын-сауық іс-шараларының марафонын өткізіп жатыр. Ол 25 тамызға дейін жалғасады.

Мысалы, 24 тамызда Ботаникалық бақта балалар арбалары бар қыздар шеруі өтеді. Шеру отбасылық құндылықтар мен жас аналармен ынтымақтастыққа бағытталған.

Ойындардың кестесін мына сілтемеден көруге болады.

Тағы бір ҰБТ өтеді

20 шілдеде тамыз айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау басталған болатын. Өтінімдерді қабылдау 30 шілдеге дейін жалғасады.

Ал тестілеудің өзі 10-15 тамыз аралығында өтеді.

Тамыз айындағы ҰБТ-ға биылғы және былтырғы мектеп және колледж түлектері, қандастар (ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ азаматтар), шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға, басқа мамандықтардан педагогикалық бағыттарға ауысқысы келетін студенттер және жоғары оқу орындарына шартты түрде қабылданған студенттер қатыса алады.

Сурет: ашық дереккөз 
26 шілде 2024 ж. 158 0