Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Такси қызметі талапқа сай ма?

Такси қызметі талапқа сай ма?

Кешкілік уақытта қала ішінде жаяу серуендей қалсақ, зымыраған көліктің көптігін көзіміз шалады. Олардың бірі асығыс жоғары жылдамдықпен жүрсе, енді бірі бір-біріне жол бермей әлек. Десек те, "Жол мұраты – жету" дегендей, көбіне баратын жерімізге көлікпен тез жетуді қолайлы етіп көреміз. Яғни, такси қызметі арқылы жетеміз. Тіпті бір үйде екі көлік бірдей такси қызметімен айналысып жүреді. Иә, қазіргі азық-түлік бағасының шарықтауы адамды екі жұмысты қатар істететіні анық. Сондай-ақ күні бойына жұмыста болып, кешкі уақытта такси қызметіне шығатындар аз емес.
Қазірде көше бойында қол бұлғап такси күтетіндер некен-саяқ. Себебі қолындағы смартфонмен-ақ арнайы қосымша арқылы таксиге тапсырыс бере алады. Ал кент, ауылдық округтерде арнайы тұрақ болмағанымен, WhatsApp желісі арқылы іздеп таба алады. Ендігі кезекте бүгінгі такси қызметтеріне қойылатын Заңнан бөлек талап та күшейтіліп тұр. Таксиге мінген адамға қолындағы ұялы телефон қосымшасы арқылы такси жүргізушісі мен көлігіне баға беру мүмкіндігі қарастырылған. Яғни, көлік жүргізушісінің дөрекі сөйлеуі, көлік ішінің лас болуы, сонымен бірге қатты айдаған болса тұтынушы төмен баға беріп тастай алады. Егер жүргізуші төмен баға алған жағдайда келіп түсетін тапсырыстар да азая беретін болады. Міне, сол үшін такси жүргізушісінің қырағылығы мен тәжірибесі, сыпайылығы да маңызды болып табылады.
–Аудан бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына жыл басынан бері 52 такси тіркеліп, дара кәсіпкер ретінде жұмыс істеп жүр. Айта кететін жайт, бүгінде елімізде такси жүргізушілері үшін арнайы салық режимі қарастырылған. Егер дара кәсіпкер ретінде тіркелмей, жұмыс істеп жүрген азаматтар үшін Заңсыз айналымның жолын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, рейдтік жұмыстар жүргізіледі. Соның нәтижесінде ауданда 5 такси жүргізушісі анықталып, Арал аудандық сотына жолданды,–деді Арал аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының Салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің басшысы Әскербек Оңталапұлы.
Шыны керек қазір балалардың ата-анаға қоятын талаптары жетіп жатыр. Иә, баланың мектепте қатарластарынан қалмауы үшін барынша жағдай жасауға тырысып жатамыз. Тіпті күнделікті ішіп-жеуі мен киімдерімен қамтамасыз ету де ата-ананың міндеті екені анық. Таңның атысынан кештің батысына дейін қыстың күнгі аяз бен шіліңгір шілденің ыстығында көлік айдау оңай жұмыс емес.
–Жалпы өзім Атырауда жұмыс істеймін. 1 ай сол жақта жұмыста болсам, ендігі 1 ай демалысымда қалаішінде такси қызметімен айналысамын. Себебі отбасымды қамтамасыз етуім керек. Қазір бір айлыққа қарап отыратын заман емесі белгілі. Үйге азық-түлік, балалардың оқуы мен керек-жарағы дегендей дүниелерді қысылмай алатындай етуім қажет. Қалада көлік көп болғанымен, біздің қызметке жүгінетін адамдар саны да жетерлік. Міне, осылайша бос уақытымды тек кетірмейін деген мақсатта такси қызметінде жүруді жөн көрдім,–деді LADA 2106 көлігі жүргізушісі Ермек.
Такси қызметіне тұрғындар да үйренген. Қазір жаяу жүргіншілерді көзіміз шала да бермейді. Тіпті мектеп оқушыларының өзіне дейін арнайы қосымша арқылы таксимен жүреді. Оқу жылы басталғаннан-ақ білім ордаларының алды көлікке толып, көбіне кептеліс болып жатады.
–Кей кездері азанда жұмысқа бару үшін көшенің бас жағына шығып такси күтетінмін. Қасымнан зулап өткен көліктер ұзақ уақыт бойы тоқтамайтын. Тіпті 30 минуттап тұрған кездерім де болды. Осылайша, жұмысқа да кешігіп жетіп жүрдім. Кейін көбіне такси қызметіне жүгінуді жөн көрдім. 5 минутқа жетер-жетпес есіктің алдына келіп тоқтаған көлік, діттеген жеріме тез әкеліп тастады. Асығыс болмаған жағдайда жаяу жүріп тоқтатамын. Балаларымды да орталық жақтағы мектепке бергенмін. Өзім жұмыста болған кезде балама такси шақырып беріп, сенімді болып отыра беремін. Себебі балам жаяу қайтар болса, көшедегі зулаған көліктің көптігінен алаңдап отыратын едім. Ал қосымша арқылы баланың таксимен қай жерде кетіп бара жатқанына дейін бақылап отыра аламын,–дейді қала тұрғыны Гүлзира Шынтасқызы.

А. СӘКЕНҚЫЗЫ
13 шілде 2024 ж. 76 0