Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдан жаңа кәсіп ашқан жан

Ауылдан жаңа кәсіп ашқан жан

Қоғамның экономикалық дамуының қозғаушы күші – кәсіпкерлік екені сөзсіз. Мәселен әлемдік дамыған мемлекеттерде экономиканың драйвері ретінде шағын бизнес ерекше орын алады. Яғни, шағын және орта бизнес алға қарай дамыса, сол мемлекет де әлемдік деңгейде алдыңғы қатардан көрінетіні дәлелденген. Арал ауданында да бүгінде өз кәсібін ашып, ел ризашылығына бөленіп отырған жандар жетерлік. Соның бірі өз сүйікті ісін кәсіп ете білген – Тұрсынғали Елібайұлы.
Тұрсынғали Елібаев 1988 жылы Арал ауданына қарасты Аққұм ауылдық округінде дүниеге келген. Негізі техник-электрик саласы бойынша білім алған. Кейін Ақтөбе қаласында 5 жылдан астам уақыт терезе пластик құрастырып жұмыс істеген.
- Жалпы терезе пластиктерін құру менің хоббиім. Осыдан екі жылдай уақыт бұрын маған «неге өзіміздің ауылдан бұл кәсіпті дамытпасқа?» деген ой келді. Осы мәселе туралы ойланып, ауылдық округтің кәсіпкерлік маманынан кәсіпкерлік саласы бойынша арнайы кеңес алдым. Кейін ол кісі маған бар көмегін аямай, жоспар құруыма да жәрдемдескен болатын. Содан соң бір айдың ішінде Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 2,5 пайызбен 5 миллион көлемінде осы кәсіпті бастауға несие алдым. Міне, осылайша 2022 жылдан бастап жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ал 2023 жылы жұмысымды бастап кеттім. Кәсібіме керекті материалдарымды Ақтөбе қаласынан алып келіп отырамын,-дейді кәсіпкер.
Иә, жалғыз қалалық жерлерде ғана емес, ауылдық округ пен кенттерде де кәсібін дөңгелетіп отырған жандар жетерлік. Бұл да ел дамуының бір сатысы деп білеміз. Ауылды дамытуға өз үлесін қосып жүрген Тұрсынғали Елібайұлы пластик терезелерді халыққа қолжетімді бағада ұсынып келеді.
-Бүгінде кәсібім дамып, қызу үстінде десем де болады. Жеке тұрғындарға қолжетімді бағада сатып жүрмін. Сонымен бірге бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Негізі бұл кәсіпке келмес бұрын, мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алып, көлік жөндеу орталығын ашып оны да дамытқан едім. Кейін бір жылдан соң осы пластик терезерді құрастыру жөнінде кәсібімді бастап кеттім,- деді кәсіпкер өз кәсібі жөнінде.
Ауыл кәсіпкері Тұрсынғали Елібайұлы жары Перизат екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Балаларының алды оқушы болса, соңғысы балабақшада тәрбиеленуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауы – бизнесті дамытудың жаңа серпіні екені анық. Президент бұл Жолдауында да көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тоқталған болатын. Міне, мемлекет қолдайтын саланың бірден-бірі осы кәсіпкерлік. Сол үшін ауылды дамыту мақсатында кәсіп ашып жатқан жандарға халық қолдауы маңызды. Осы тұста ауылдан жаңа дүние ашып, ел ризашылығына бөленген Тұрсынғали Елібаевтың кәсібіне береке тілейміз.

А. НҰРЛАНОВА
01 тамыз 2024 ж. 146 0