Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кондитерлік – кәсіп емес, хобби

Кондитерлік – кәсіп емес, хобби

Бүгінде сан түрлі маман арасында кондитер саласы да қалыс қалған емес. Қандай да бір мереке немесе туған күн кештерінде арнайы жайылған дастарқан сәнін түрлі көлемдегі торттар келтіріп тұратыны анық. Сонымен бірге көптеген мейрамхана мен кафелер дәл осы кондитерлердің көмегіне жүгінеді. Иә, кондитерлік шағын кәсіп түрі болғанымен, қазіргі таңда үйде пісірілген тәтті тағамдар сұранысқа ие. Себебі ерекше тәтті тағамдарды пісірумен қатар оны безендірудің өзі – бір өнер болып табылады.Ауданда да сүйікті ісін кәсіпке айналдырып, түрлі тәттілерімен көпшілік ризашылығына бөленіп отырған сала мамандары да жетерлік. Соның ішінде  тәтті тағамдарды пісіруге қызығып, оны кәсіпке айналдыра білген – Нұрбике Жармағанбет. Нұрбике өз кәсібі жөнінде:
Иә, кондитер мамандығы – бүгінгі сұранысқа ие саланың бірі. Қыз баласы болған соң кішкентайыман торт пісіруге қатты қызығатынмын.  Ең алғаш отбасыма тәтт пісіруден басталған болатын. Кондитерлік өнер қыз-келіншектер арасындағы ең ауқымды, бәсекеге толы бизнес деп айтсам да болады. Сөйтіп 2016 жылдан бастап үйде отырып, яғни қолда бар заттармен торттар пісіре бастадым. 2021 жылы «Бастау бизнес» жобасы арқылы қайтарымсыз грант ұтып алып, торт пісіруге қажетті пеш, сапалы миксер секілді керекті заттарымды алып, кәсібімді әрі қарай дамыттым. Қазір халықтың басым бөлігі табиғи өнімдерден істелген торттарды алады. Әртүрлі торт, пирог және барлық десерт түрлерін жасаймын. Бүгінгі күні аудандағы «Арбат» кафесінде кәсібімді кеңейттім. Сонымен бірге қасыма көмекші қыз алып, күнделікті түрлі тәтті тағамдарды ұсынудамыз. Сондай-ақ өзімнің тұрақты сатып алушыларым да бар. Алдағы уақытта кәсіби біліктілігімді дамытып, әлі де кеңейту жоспарда бар,–деді.
Дамушы мемлекет болғандықтан кәсіптің қай түріне болмасын қолдау бар. Өз кәсібін ашам деген жандарға мемлекет тарапынан қай кезде болмасын көмек те болады. Бұл тұрғыда елімізді әрі қарай да дамыту мақсатында өз кәсібін ашып, қоғам айнасына айнала білген кәсіпкерлерге алғысымыз шексіз.
А.НҰРЛАНОВА
02 тамыз 2022 ж. 1 087 0