Сұлулық сыйлаған – Нұрсұлу

Нұрсұлу өз кәсібі жөнінде:
– Қазір барлық дерлік сала жоғары деңгейде дамыған. Соның ішінде сұлулық саласы да қалыс қалар емес. Тіпті сұранысқа ие кәсіп десек те артық болмас. Бүгінде қай қыз-келіншек болмасын өзінің әдемі әрі сенімді жүргенін қалайды. Мен де жастайымнан өз кәсібімді ашсам деп армандайтынмын. Алматы қаласында жүрген кезде жолдасым көбіне жұмыста болатын. Сол кездері макияж, жасанды кірпік істету сынды дүниелер танымал болды. Содан ең алғаш қыз-келіншектерді сәндейтін макияж бен кірпік жасау курсын оқыдым. Балаларым кішкентай болған соң бастапқыда клиенттерді үйден қабылдап жүрдім. Қағазбен түрлі хабарландырулар іліп, жақын маңайдағы мектеп пен балабақшада жұмыс істейтін қыз-келіншектерді сәндедім. Аралға келгеннен кейін де бұл саланы әрі қарай дамытып, ауданнан клиенттер жинадым. Солай жүріп сұлулықты алға қойған көптеген тұрақты қыз-келіншектерімді таптым. Тіпті мереке кездері таңның атысынан кештің батысына дейін жұмыс істеген кездерім болды. Уақыт өте «Бизнес бастау» жобасын оқып, қайтарымсыз несие арқылы бүгінгі сұранысқа ие косметолог мамандығын игеріп шықтым. Иә, өзім де медицина саласында жүрген соң маған атаулы саланы игеру аса қиындық тудыра қоймады. Міне, осындай еліміздегі жас кәсіпкерлерді қолдайтын жобалардың бары көпті қуантары анық. Осылайша өз кәсібімнің несібесін де көріп отырмын,–деді.
Иә, бүгінде шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан көп мүмкіндік қарастырылған. Соның арқасында ауданда біршама кәсіпкерлер өз ісін ашып, өздерімен қатар өзгені де жұмыспен қамтып отыр.
А. НҰРЛАНОВА