Балаларға шаттық сыйлаған балабақша
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында мектепке дейінгі тәрбие жұмысы туралы айтқан еді. «Мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде 2-6 жастағы балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет.»-деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Расымен де, үздіксіз білім беру, мемлекетіміздің ертеңгі өсіп келе жатқан жас ұрпақтарының білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, білікті жас ұрпақ еліміздің болашағы екені анық.
Аққұм ауылдық округі орталығынан «Аяулым» бөбекжай-балабақшасы осыдан үш ай бұрын 145 орындық балабақша бой көтерген болатын. Иә, халқымыздың нағыз азаматын тәрбиелеп өсіру негіздерін қалыптастыратын негізгі мектеп – балабақша. Мұнда бала білім алып ғана қоймай, тәрбиені де бойына сіңіреді. Сонымен бірге қоршаған ортаға деген көзқарасы да дамитыны белгілі.
-«Үйренер нәрсең – білім мен мейірімділік» деп Жүсіп Баласағұн атамыз айтпақшы, біздің ұжым әрбір күнін ізденіспен өткізеді. Жалпы балабақша «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы бойынша» балаларға оқу-тәрбие жұмыстарын ана тілімізде жүргіземіз. Бүгінде балабақшада 100 бала тәрбиеленуде. Мұнда бес топ бар. Атап өтер болсақ, бірінші, екі ересек топ, екі ортаңғы топ және де бір кіші топ. Қазіргі таңда 30 адам жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен бірге психолог, логопед мамандары да қызмет етеді,- деді балабақша меңгерушісі Айжан Қаражанқызы.
Балаға білім беру осы балабақша табалдырығынан басталатынын барлығымыз жақсы білеміз. Осы балабақша жасындағы шақ адам өміріндегі ең маңызды кезеңдерінің бірі. Себебі осы кезден бастап бала бойындағы барлық дерлік, яғни білгірлік, таланттылық секілді қасиеттері дами түседі. Сол үшін балалармен анағұрлым жан-жақты дамытушылық әрекеттер дұрыс жүргізілсе, жұмыс соншалықты нәтижелі болары анық.
-Менің ойымша, әрбір ата-ана өз баласының ең жақсы балабақшаға барып, үздік тәрбие алғанын қалайды. Балабақша да бір кішігірім мемлекет секілді емес пе?! Сол секілді әр балабақшаның өзіне тән тәртіптері мен заңдары бар. Әрине, бұл өте орынды. Себебі тәртіп болған жерде тәрбие де, білім де болады. Ауылымызға «Аяулым» балабақшасы ашылып, ел де дән риза болды. Балаларымыз балабақша тәрбиесін көріп, келешек ел қамын ойлайтын азамат боларына сенімдімін,-деді ата-ана Эльмира Ізекенова.
А.НҰРЛАНОВА