Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Белсенді жастардың биік белесі

Белсенді жастардың биік белесі

«Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген сөзі бар. Шын мәнінде, мен де жастарға сенемін. Баршаңызды қолдаймын. Расында, елімізге сіздер секілді белсенді, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жастар керек. Еліміздің болашағы жастардың қолында» деген болатын Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Расымен де, еліміздің болашағы жастардың қарымды қадамымен тығыз байланысты. Сондықтан іске асып жатқан реформалардың негізгі басымдығы жастар саясатына байланысты. Айдынды өлкенің ізденімпаз, өнерлі жастары да өздерін жақсы жағынан көрсетіп жүр. Жастар мейрамы қарсаңында жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды саралап көрген едік.
Статистикалық мәліметке сүйенсек, аудан халқының 25 473 тұрғыны 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл жалпы халықтың 24,8% пайызын құрайды. Оның ішінде ауыл жастары 15 747 жан. Ауданда орта арнаулы оқу орындарында 696 студент білім алуда. Ал 14-18 жас аралығындағы оқушылар саны – 7207.
Аудан жастарымен тығыз байланыста жұмыс істейтін AILAQ жастар ресурстық орталығы көпшілікке өзінің атқарған жұмыстарымен танымал. 18-35 жас аралығындағы жандардың негізгі мәселелерін көтеріп, оларды шешу жолында қызмет ететін орталықта барлығы 22 адам жұмыс істейді. Сонымен бірге, Сексеуіл кенті мен ауылдық округтерде жастар саясатын жүзеге асыру арнайы мамандарға жүктелген.
– AILAQ жастар ресурстық орталығы жастар үшін түрлі танымдық, ақпараттық, мәдени шаралар ұйымдастырып тұрады. Мысалы, I жартыжылдықтағы мәлімет бойынша түрлі бағыттағы 136 шара ұйымдастырылып, оған 5827 жас қамтылды. Жыл көлемінде орталық 12 бағыт бойынша жоба әзірледі. Атап айтар болсақ, «Жас маман» жобасы бойынша 16 кездесу, «Дін және жастар» жобасы мен «Еріктілер мектебі» жобасы бойынша 50 аясында шара өткізілді. «Жастар қоғам назарында» жобасы тақырыбында 14 рейд жұмысы жүрді. Және жыл сайын тұрақты түрде болатын «Мен спортты таңдаймын», «Жас сарбаз», «Жас кеңесші» жобалары ұйымдастырылды. Кәсібін жаңадан бастаған жас кәсіпкерлер де назардан тыс қалмады, оларға «Jas kasipker» жобасы ұсынылды. Қай саладан болмасын, мамандар да, біздің орталық та жастарға жол көрсетуден, көмек қолын созудан әсте жалықпаймыз, – дейді AILAQ жастар ресурстық орталығының басшысы Ақтілек Есекеев.
Аудандағы жұмыссыз жастардың санын азайту мәселесі де бір жолға қойылып отыр. I жартыжылдықтағы мәлімет бойынша, жұмыспен қамту орталығына 813 адам жұмыссыз ретінде тіркелсе, оның 307-сі жас жерлестер. Сонымен қатар, «Жасыл Ел» еңбек жасағында маусымдық жұмыс істеп жатқан сарбаздар саны 100 жасты құрауда. Сонымен қатар, «Отбасылық цифрлық картасы» аясында NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізіліп, базадағы сауалнамаға 815 жас қатысып, нәтижесінде 474 жас жүйеге енгізілді. Алдағы уақытта жастармен тығыз байланыста атқарылған жұмыстар жалғасын таппақ.
Иә, AILAQ жастар ресурстық орталығының жастар болашағы үшін атқарған жұмысы жетерлік. Абыройлы еңбек етіп жүрген жастардың еңбегі еленіп, алдағы уақытта биік белестерді бағындыруына тілекшіміз.



10 тамыз 2024 ж. 128 0