Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шектеу жазасы бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылды

Шектеу жазасы бас бостандығынан айыру түріне ауыстырылды

Арал аудандық сотында аудандық пробация қызметі бөлімінің сотталған А-ның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген бөлігін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынысы қаралды.
Іс құжаттарына сәйкес, А. Арал аудандық сотының 2023 жылғы 2 қарашадағы үкімімен ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі 3-тармағында көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, жылына 100 сағаттан аспайтын мерзімге мәжбүрлі еңбекке тартылып, пробациялық бақылау белгіленген.
Алайда, А. жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын, міндеттерін біле тұра, сотпен жүктелген міндеттерді орындамай, жаза өтеу шарттарын қаскөйлікпен бұзған. Аудандық пробация қызметіне тіркелуге дәлелсіз себептермен келмеген, бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылық туралы жауаптылыққа тартылған, сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға мүлде бармаған.
Бұл мән-жайлар сотталған А-ның түсініктерімен және жинақталған іс құжаттарымен дәлелденген.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 44-бабының 3-бөлігіне сай, бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудiң бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
Осыған орай, сот қаулысымен пробация қызметі бөлімінің сотталғанның бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген мерзімі 1 жыл 10 ай 26 күн мерзімін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру туралы ұсынысы қанағаттандырылды.

Арал аудандық соты

Сурет: asu.edu.kz

14 тамыз 2024 ж. 148 0