Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көкжөтел несімен қауіпті

Көкжөтел несімен қауіпті

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері көкжөтелдің 62 жағдайы тіркелді. Ауырғандардың 94% - 14 жасқа дейінгі балалар. Өткен жылдың ұқсас мерзімімен салыстырғанда бірден 60 жағдайға өскен. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас маманы Гүлида Жакеева бактериялық инфекцияны жұқтырудың адам өміріне қандай қаупі барлығы жайында айтып берді.

Биыл СҚО-да көкжөтелді жұқтыру еселеп артқан. Маманның айтуынша, облыста 2021 жылы ауру тіркелмесе, 2022 жылы бір бала ауырған, былтыр 20 адамға диагноз қойылған.

«Биыл қаңтарда 8 адам, ақпан-наурызда 4-5 адамнан ауырса, сәуірде жұқтырғандар саны күрт артып, 16 адам ем алған. Мамырда көкжөтелмен ауырудың – 13, маусымда – 6, шілдеде 10 жағдайы тіркелді.

Ауырған 62 адамның 58-і – 14 жасқа дейінгі бала. Сырқаттанғандардың ішінде Петропавлдың үлесі басым, облыс орталығында 49 адам ауырды, Қызылжар ауданында – 6, Айыртауда – 2 және қалған аудандарда бір-бірден тіркелді.

90% немесе 56 жағдайда сырқаттанғандар вакцина алмаған.

Бактериялық инфекцияның таралуының басты себебі де осы, соңғы жылдары вакцина қойдырудан бас тартқандар көбейді. Бұл вакцинация арқылы бақыланатын дерт. Көп жағдайда, көкжөтел - бұл баланың инфекциясы. Ол негізінен төрт жастан асқан балаларға тез жұғады. Ауруға қарсы иммунитет ана сүтімен берілмейді, сондықтан балалық шақта ауруды жұқтыру ықтималдығы жоғары. Балабақшаға немесе білім беру орталықтарына баратын балалар жиі ауырады, ойын алаңында, серуендеу кезінде немесе үйге келген қонақтармен қарым-қатынас кезінде де жұқтыру мүмкіндігі жоғары», - дейді Гүлида Жакеева.

Көкжөтел – ауыз қуысында, мұрында және көмейде болатын Bordetella pertussis бактериясы тудыратын тыныс алу жолдарының өте жұқпалы ауруы. Ересек адамда немесе балада спастикалық жөтел ұстамалары пайда болады, бұл ауыр анатомиялық, физикалық зақымдануларға, өкпенің обструктивті аурулары мен пневмонияның одан әрі дамуына әкелуі мүмкін.

Маманның айтуынша, көп жағдайда көкжөтел қарапайым респираторлық вирустық инфекция сияқты басталады, орташа құрғақ жөтел және мұрыннан су ағу пайда болады, дене температурасы 37-38 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

«Көкжөтелдің бірінші кезеңі катаральді деп аталса, кейін спазмалық жөтел кезеңіне өтеді. Яғни жөтел ұстамасы жиілейді, ол тоқтаусыз спастикалық сипатқа ие болады. Ұстама 2-3 минутқа дейін созылуы мүмкін. Көкжөтел ұстамасы кезінде адамның беті қызарады немесе тіпті көгеріп, мойын тамырлары ісінуі мүмкін. Ал үшінші кезеңі - реконвалесценция - қалпына келу кезеңі, сырқаттың беті бері қарап, жөтелінің азаюы.

Көкжөтел көбінесе қайталама инфекциялардың қосылуымен түрлі асқынуларды тудырады, әсіресе тыныс алу жүйесінің аурулары жиі кездеседі: бронхит, плеврит, эмфиземаның дамуы да мүмкін. Сирек жағдайларда өкпе ауруларына - ателектазға, пневмотораксқа әкеледі. Көкжөтел өкпенің қабынуы, мидың зақымдануы сияқты асқынулармен қауіпті», - дейді Гүлида Жакеева.

Көкжөтелмен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер жоқ.

«Балаларды және барлық ересектерді көкжөтелден қорғаудың жалғыз сенімді және тиімді әдісі - ерте балалық шақтан басталатын вакцинация. Алғашқы вакцинация 2, 3, 4 және 18 айларында басталады, содан кейін 6 жаста жүргізіледі. Егер осы жағдайлар сақталса, ағзада көкжөтел ауруына жеткілікті күшті иммунитет пайда болады», - дейді дәрігер.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
22 тамыз 2024 ж. 116 0