Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алманың алмағайып тағдыры

Алманың алмағайып тағдыры

«Біз тəні ауыратындарға аяушылық білдіріп, оларды жақсы көре түсеміз, ал жанның дертіне шалдыққандарды көргенде көкейімізде əйтеуір өзіміздің аман екенімізге шүкіршілік білдіретін қаскөй қуаныш тұрады. Ғаріпті аясаңыз – ақыл-естен айырылғандарды аяңыз, соларды сүйіңіз» деп бастайды Төлен Әбдік «Оң қол» шығармасын. Қалың оқырман көкейіне сан сауал туындататын бұл шығарманы оқып отырып, біз құдды бір бөлек әлемге түскендей боламыз.
Психиатриялық ескі аурухананың жай-күйімен суреттеліп басталады. Сылақтары түсіп, шатыры шіруге айналған қаңылтырды оқырманның көз алдына келтіреді. Өзен жағасында орналасқан бұл аурухана ауыр дертке шалдыққандар үшін таптырмас орын еді. Табиғаттың әсемдігімен, өзен-көлдің сылдырлап аққан дауысы жан рақатына бөлейді емес пе?! Қаншама жыл бойы түрлі психикалық ауруларды емдеп келе жатқан дәрігердің бойы үйренген. Тіпті, ауыр дертпен ауыратын адамдардың қасына түнеуге дайын екенін айтады. Осыншама уақыт түрлі науқас көрген дәрігер есінде бір науқас айрықша қалады.
Көктемнің алғашқы айында ауруханаға он жеті жас шамалас қыз келіп түседі. Ата-анасының шағымын ести келе, қыз өзіне бірнеше рет қол жұмсай жаздаған екен. Бірақ қыздың өзі басқаша баяндайды: «Маған қастандық жасаған мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр» – дейді. Иә, психопатологияның бір түрі екені анық. Яғни бір дененің ішінде екі түрлі жан иесінің кезектесіп, қатар өмір сүруі. Сонсоң қызға арнайы киім кигізіп, палатаға жібереді. Қыздың есімі – Алма. Өте көрікті, шашы иығына түскен, бойшаң қыз. Тек осы бір дертінің кесірінен екі қабағының ортасына бір сызық әжім түскен екен.
Ауруханаға келгеннен кейін Алманы дәрігер жеке бақылауға алады. Ол өте тұйық, ешкіммен сөйлеспейтін қыз болады. Сырттай қарағанда ауру адамға ұқсамайды. Бірақ расымен де оң қолы өз бетінше ақылға сыймайтын әрекеттер жасайды. Дәрігер сол түні кезекшілікке қалады. Түн ортасы ауып, сағат үштер шамасында Алманың палатасынан дыбыс шығады. Ұйқылы-ояу жүгіріп Алмаға қарай бет алады, оның оң қолы кеңірдегін тас қылып қысып алған. Сол қолымен қанша арпалысса да айыра алмай жатыр екен. Қасындағы медсестра екеуі әрең дегенде тоқтатып, Алманы жұбатумен болады. Қыз көпке дейін өз-өзіне келе алмай жүрді.
Осы оқиғадан кейін дәрігер Алманың дертін зерттей бастайды. Иә, бұл өздігінен пайда болмаған ауру. Бұған қыз өзі бармағаны белгілі. Яғни, оған біреу өз-өзіне қол жұмсау туралы айтқан немесе тұқым қуалап қанмен келген дерт. Мәселен, оның анасы немесе әкесі, әкесінің әкесі болсын бір кезде өз-өзін өлтірмек болған. Содан бұл жағымсыз әрекет қыз санасында қалып қойған. Алманың санасында тұрып, өздерін-өздері өлтіргілері келеді. Бірақ олардың өздері жоқ. Санасының иесі – қыз өлуге тиісті. Əлгі ниет қыздың организмі толық тыныштыққа енген кезде таңғажайып қатерлі рефлекс арқылы оянып, оң қолға сигнал береді. Ұстама күн сайын немесе үш-төрт күнде бір қайталанып жүрді. Кейін Алма қорқыныштан ұйқыдан айырылып, қатты жүдеп кетеді. Дәрігерлер бір амалын тауып, оң қолын керуетке байлап тастап жүрді. Алғашқыда жақсы нәтиже бергенмен, уақыт өте оң қол басқаша қулық ойлап таба бастайды. Яғни, Алма ұйқыға кете салысымен қолы босатылып шығып, сол әрекетін қайталап жүрді. Нәтиже бермеген соң қызды дәрігерлер түнгі бақылауға алады. Күні-түні қыз қасында кітап оқып, күзетіп шығып жүрді. Кейде қол өздігімен Алманың тұла-бойында жыланша ирелеңдеп барып мойнына бет алатын. Бірақ дәрігер қолдан келгенінше жеткізбей, күресіп жүрді.
Дәрігер күн сайын қыздың жанында отырып, жақсы тіл табысып кетеді. Бір күні жалынышты үнмен Алма дәрігерден көше аралағысы келетінін айтады. Алғашқыда қарсы болғанымен, кейін келісіп бір амалын тауып, Алманы қыдыртып қайтады. Осылайша Алмаға бауыр басқан дәрігер күн-түн демей ауруханада болды. Келесі күні ауруханаға меңгеруші келді. Дәрігер меңгерушіге Алманың қатерлі дертін айтып, оның оң қолының саусақтарын, болмаса тіпті тұтастай алып тастау керек екенін айтады. Меңгеруші алдымен қарсылық білдірді, дәрігер қыздың жақын арада өз-өзіне қол жұмсап қоюы мүмкін екенін айтқанда, келіскендей кейіп танытады. Ендігі жұмыс бұл операцияға қызды көндіру еді. Сол күні кеш болып кеткен соң қызға дәрігер бұл ұсынысты ертеңгісін ерте айтуды ұйғарады. Алма да дәрігерді аяп, бүгін үйге барып, жұмыстан демалыңыз деп қайтарады.
Түнімен дәрігер ұйықтай алмай, қыздың өміріне алаңдаумен көз ілмейді. Меңгерушінің бірден келісе салғанына да таңырқаумен болды. «Рас, дүниенің бəрі адамның қолымен жасалады... Бірақ, зұлымдық та адамның қолымен жасалмай ма?.. Зұлымдық жасайтын қолды тез кесіп тастамаса, болмайды... Тез... кесіп тастау керек... Тез...» деген шешімге тоқталады. Ертеңгісін дәрігер таңғы асын шала-пұла ішіп, жұмысқа асыға жол тартады. Күзетші әлі ұйықтап жатқан болар деген оймен, есікті өзі ашып көреді. Бірақ есік ашық тұр екен. Аурухана ішіне бет ала бергенінде қызметке ерте келген әлдекімдердің дабырласқан дауысы шығады. Шкафтан ақ халатын алып жатып, меңгерушінің қарлыққан дауысын естиді. Пердемен бөлінген кабинеттен қолына телефон ұстаған медсестра шығып: «Анда бардың ба?» – деді телефон нөмірін айналдырып жатып. – Қайда? Сестра менің бетіме таңырқай қарады да, трубкасын қоя салып: – Ана қыз өліп қалды ғой, – деді ақырын ғана. «Дәрігер жүрегі бір сәтке тоқтап қалғандай еді. Қызға қарай жүгіріп, бөлмеге кіріп келеді. Керуетте шалқасынан жатқан Алманы көреді... Түрінен қатты қиналғаны көрініп-ақ тұр еді... Кешке қыздың денесін ата-анасы келіп алып кетеді.
Иә, бір деммен оқылатын шығарма болса да, оқып болғаннан кейін басқаша сезімге бөлері анық. Әңгіме адам жанының сан алуан екенін көрсетеді. Алманың да жалғыздықта өткізген тағдыры кімді болмасын бей-жай қалдырмасы анық. Ойлап отырсақ, адамның сыртқы істеріне өзі жауап береді. Яғни, қандай да бір жаман әрекет, құқықтық нормаларға кері келетін іс істесек, оған жауапты министрлік, сот сынды нәрселер. Ал адамның ішкі ойында ешкімнің шаруасы болмайды. Яғни әркім іштей не ойласа да, өз еркі емес пе?! Бірақ бұл ұғым қате. Себебі біз ішкі ойымызға жауап бере алмасақ, сыртқы ойымызға алаңдау әурешілік болады. Біздің ішкі ой, сезім, жан дүниеміз тазармай, сыртқы әрекетіміз ешқашан тазармайды. Иә, осы бір қысқа ғұмырда барлық істің бастауы ішкі ойымыздан басталады.
Қазіргі таңда жастар арасында белең алған өз-өзіне қол жұмсау ұғымы бүгінде төрткүл дүниені алаңдатып отырған басты мәселеге айналып отыр. Иә, көбіне мұндай жағдайлар ой-санасы толықтай қалыптасып үлгермеген жас буынның психикалық ауытқуы нәтижесінде болады екен. Осы бір дерттің алдын алуда ең алдымен ата-ана, содан кейін мұғалімнің маңызы зор. Бала психологиясын жетік түсінетін мұғалім оқушыны қадағалап, өзара сөйлесіп, оның қандай қиындыққа тап болғанын және кімнің қорқытып жүргенін де білуі қажет. Шешілмейтін қиындық жоқ екенін білеміз, кішкене сүрінгенге бола бүкіл болашағымызды құртсақ не болады? Сол үшін бұл мәселе аясында ақылға салып, бұл әрекеттің соңы не боларын да ой елегінен өткізгеніміз абзал. Өз өзіне қол жұмсау – адамды екі дүниеде де бақытқа апармасы анық.

А. НҰРЛАНОВА

24 тамыз 2024 ж. 85 0