Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тараздықтарға 60 млн теңге несие рәсімдеген қызметкер Ресейде ұсталды

Тараздықтарға 60 млн теңге несие рәсімдеген қызметкер Ресейде ұсталды

Бас прокуратура аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2019-2022 жылдар аралығында күдікті Тараз қаласындағы банк филиалының қызметкері бола отырып, банк клиенттерінің атынан оларға несие рәсімдеген.

Әрі қарай банк клиенттерінің шоттарына қол жеткізген күдікті несие қаражатын достарының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырған.

Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде банк клиенттеріне 60 млн теңге көлемінде залал келтірілген.

Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, соған байланысты халықаралық іздеуге жарияланған. Ағымдағы жылдың сәуір айында фигурант Краснодар өлкесінің аумағында ұсталды, содан кейін ол Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, осы жылы қылмыстық әрекеттері 350-ден астам жәбірленушіге жалпы сомасы 7 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 11 адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды.

Сурет: baq.kz
26 тамыз 2024 ж. 152 0