Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржы құрдымындағы қақпан

Қаржы құрдымындағы қақпан

Көптің ақшасы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Иә, біз қомақты қаражатты қолды ететін қаржылық пирамида жөнінде айтып отырмыз. Бұлар бірінің салымын біріне табыс етіп немесе алғашында міндетін мінсіз орындап, кейін ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Ең сорақысы, кәмелетке толмаған балалар да заңсыз істің залалын тартқан. Ranking.kz мәліметіне сүйенсек, өткен жылдың жеті айындағы көрсеткіш 3 есеге артқан. 921 әйел, 7 кәмелетке толмаған бала мен 48 зейнеткер тұзаққа түскен. Жәбірленушінің кішкентайы – 14 жаста. Шығын мөлшері 7,9 млрд теңгені құрап, 82 адам ұсталған. Қаржылық пирамиданың қақпанына түскен адам көп. Ал оны құрушылар арасында құтылғаны да, тұтылғаны да бар. Сонда да бұл кеселден айығып отырғанымыз шамалы.

«Батпан құйрық» былығы немесе шырғалаңдағы шыңғырық
Көбі жалған уәдемен көңіл тойдырады. Бірақ, қаржы құйып, көл-көсір байлыққа кенелген адамды көрмейсің. Неге? Себебі, банкротқа ұшырап, бастағы былықтан арыла алмай жүреді. Алғаш рет пирамиданы 1717 жылы Францияда қаржыгер Джон Ло құрған. Мұның салдарынан Франция халқының бір бөлігі мен мемлекеттің экономикалық қуаты әлсіреген.
Бұдан бөлек С.Мавроди ұйымдастырған «МММ» АҚ әрекетінен дерек бойынша 10-15 миллион салымшы жапа шегіп, 50 адам ауыртпалықты көтере алмай өзіне қол жұмсаған. Табысы артып, шарықтаған пирамида құлдырағанда талай адам шырғалаңға түсті.
1960 жылы америкалық Бернард Мэдофф бастаған пирамида бойынша 3 миллион адам зардап шегіп, 50 миллиард доллар желге ұшқан.
Елімізде де жұрттың қалтасын жұқартуды ойлағандар жоқ емес. Мәселен, 2011 жылы Көкшетаудағы «КазРосИнвестПроект» ЖШС (Миллионерлер клубы) 3 ай уақытта 185 миллион жинап үлгерген. Түскен арыз бойынша тергеп-тексеруді бастаған қаржы полициясы сейфтен тек 41 миллион теңгені тапқан. Пира­миданың пайдасына «пәлі» деп, қандай батпан құйрық екеніне бас қатырмаудың салдары ауыр-ақ. Қаншама адамның күйзеліске ұшырап, өз-өзіне қол салуы адам айтса нанғысыз жайт. Бұл – пирамада иесі берген серттің дертпен тең екендігінің айғағы.
Әр жылдағы қаржылық қақтығысты қазбаласақ көп нәрсеге көз жеткіземіз. Тіпті келтірілген кейбір шығын рекордтық сома деп танылған. Ойланарлық жайт. Өткен жылдың қаңтар-қараша айларында алаяқтар 8,11 млрд теңгеге ие болған. Шығындар толық өтелмеді. Өтемақы шығынның небәрі 4%-ын немесе 325 млн теңгені құрады. Жоғалған ақшаны қайтару мүмкіндігі де аз екенін деректер растайды. Одан арғы 2019-2021 жылдары өтелген сома 1%-дан аз болса, 2018 жылы – 1,07%-ды құраған екен.
КӨП АСҚАНҒА БІР ТОСҚАН
Ауадан ақша жасағандардың әрекеті алаңдатпасқа қоймайды. Мұның бәрі көптің қалтасын қағып, экономикалық дағдарысқа жол ашатыны анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәселені бақылауға алуды қатаң талап еткен еді. Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховтың айтуынша, 41 қаржы пирамидасы жойылып, зардап шеккендерге 4,6 миллиард теңге қайтарылған. Бұдан бөлек, Президентке агенттік 74 миллиард теңге көлемінде негізсіз бюджет шығындарының алдын алғаны, заңсыз қолма-қол ақшамен айналысатын 59 «көлеңкелі» алаң қызметінің тоқтатылғаны, 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың жойылғаны, сотқа дейінгі тергеу амалдарының аясында 141 миллиард теңге көлемінде келтірілген залалдың өтелгені жөнінде есеп берген еді.
Яғни, «қаржы пирамидасының өмірлік циклін қысқарту және олардың салымшыларын барынша азайту» бойынша жұмыстар атқарылған.
Соңғы алты айда интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталды. Олар бойынша «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде 200 чат белгілі болды. Қазіргі таңда 182 чат бұғатталды. Осылайша, 126 мың азаматтың одан әрі қаржылық шығындарының алды алыныпты. Сондай-ақ, 73 мың аудиториясы бар 7 ірі шетелдік жоба бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Олар Eolus, Ниса, GPIBS, Дари получай, Чароит, Carhomi, Beefre.Бір пирамида бойынша сот үкімі бар.
Кейде жеңіл ой қарыз қамытын киюге себеп екенін де естен шығарады жұрт. Шығынға бату бір-ақ сәт. Ал, кіріс көлемін ұлғайтуға қажырлы еңбек керек. Өңірімізде де алаяқтың арбауына түскендер аз емес. Мамандар дабыл қағып та айтып жүр. «Chia Tai Pharmaceutical» компаниясы азаматтарды медициналық өнімдерге салымшы ретінде шақырған. Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржы пирмидасының қаладағы құрылымдық бөлімшесін басқарған күдіктіні қамауға алды. Ведомство мәліметінше, жалпы 26 млн-нан аса қаржы көлемінде залал келтіргені анықталған болатын. Тіпті жақында «Qnet» құрылымдық бөлімшесін құрған ағайынды екі азамат сотталды. Шығын көлемі – 53 млн теңге.
– Қоғамның алаңдаушылығын тудырып отырған мәселе – қаржы пирамидасы мен интернет алаяқтықтың қарқын алуы. Республикамыздың барлық өңірінде және әртүрлі форматта алаяқтық жоба көбейіп барады. Мәселен, Қызылордада «Qnet» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесінің ұйымдастырған ағайынды екі азамат 5 жыл мерзімге сотталды.
Олар құрылымдық бөлімшені облыс аумағында 2020-2021 жылдар аралығында құрған. Ағайындылар желілік маркетинг өнімдерін тарату дағдысымен, азаматтардың ақшалай қаражатын тарту үшін үгіт насихат жүргізіп, аталған қаржы пирамидасына 40 салымшыны кіргізіп оларға мүліктік залал келтірген. Сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында келтірілген шығын салымшыларға толық қайтарылды. Алдағы осы бағыттағы қылмыстарды анықтауға, тергеуге және түпкілікті процессуалдық шешім қабылдауға баса назар аударатын боламыз,– деді Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысы Аслан Кеңесұлы.
Қарапайым ұғым қаперде болсын
Психолог мамандар сыни ойлау алаяқтың арбауынан сақтайтынын айтады. Сарапшылар қолдағы қаржыдан айырылмау үшін сауатты болу керек дейді. Рас сөз. Бұл – күрделі емес, қарапайым ұғым. Ақшаның есебін біліп, орынды жұмсау. Бұл екі жыл бұрын да өзекті болған. Экономист Мақсат Халық қаржылық сауатсыздықтың отбасының ажырасуы мен әлеуметтік шиеленіске, тіпті ел дамуының кері кетуіне әсер ететінін айтқан еді.
– Кейбір азамат тез арада байып кетуді көздейді. Олар қаржы пирамидаларына ақша салады. Ал қаржылық сауатты азаматтар ондай пирамиданы ажырата алады. Себебі нарықта депозитке салатын сыйақы мөлшері 10 пайызды құрайды. Онда 1 млн қаржы салсаңыз, жыл соңында 170 мың теңге сыйақы түседі. Ал құнды облигациялар, акциялардың өзі 25-30 пайыз кіріс береді. Қаржы пирамидаларында екі айдың ішінде екі еселеп аласыз дейді. Әрине, қазіргі кезде ай сайын 8 пайыздан алып отырасыз дейтіндер де бар. Олар бір жылда 1 млн салсаңыз, үстінен тағы 1 млн келеді деп айтады. Мұндай бизнес қазір жоқ. Қандай бизнеске ақша салсаңыз да, жылдық кірісі 30 пайыз болады. Сондықтан ақшаңызды аз уақыттың ішінде екі еселеу туралы айтылса, олар бірден қаржы алаяқтарының әрекеті деуге болады. Сол себепті де қаржылық сауаты бар адам, көрсеткіштерге мән беру арқылы ондай дүниелерден бойын алыс ұстайды, – дейді ол.
Кез келген адамға жеке мәліметтерді жіберуге болмайды. Қазір хакерлік шабуыл мен қаржы пирамидасының айла-амалы түр-түрлі. Пәтер немесе жер алып беруге уәде етіп, қомақты қаржы алатындар да көбеюде. Сондықтан, жіті тексерудің айыбы жоқ.
ТҮЙІН. Көзсіз сену – жатқа жем болудың жолы. Ендеше, тақырға отырмас үшін қаржы пирамидасының түрлі тұзағынан сақ болыңыз. Сайып келгенде, нарық заманында заңсыз қаржыға қарық болу мен оңай олжа орға жығады. Бұл – пирамиданы құрушыға да, салымшыға да қатысты.
А.СЫРЛЫБАЙ
27 тамыз 2024 ж. 134 0