Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңашылдыққа жарасымдылық қажет

Жаңашылдыққа жарасымдылық қажет

Ертеде құрсақ көтерген жас ана тіл-көзден сақтанып, жүкітілігін білдірмей жүруге тырысатын. Тіпті әжелеріміз келінінің жүкті болғанын білсе де жалпақ жұртқа жария етіп, сүйінші сұрамаған. «Аяғы ауыр әйелдің бір аяғы жерде, бір аяғы көрде» деп болашақ ананың жанында қауіп-қатердің көп болатынын ескерген. Жүктілік кезеңі əйел үшін қиын болатындықтан, оны барынша сырт көзден, сұқты жанарлардан сақтаған. Қасиетті Құранда «Сонда оған (әйелге) жүктілігінің әр күні үшін күндіз ораза тұтқанның, түнде Аллаға құлшылық еткеннің сауабы жазылады» делінген. Бұл кезеңнің өте жауапты екенін осыдан-ақ біле беруімізге болады. Ал қазір ше?
Жүкті екендігін ел-жұртқа жар салып, түрлі әлеуметтік желі парақшасына жариялап тастайтын аналар жетерлік. Тіпті бойға біткен баланың ұл немесе қыз екенін анықтап, шар жарып, торт кесіп «гендер пати» рәсімін өткізіп жатады. Яғни торт пен шарға құрсақтағы бала ұл болса көк түсті қолданады, ал қыз болса қызғылт түсті қолданып жатады. Жалпы бұл рәсімнің қоғамға келгеніне көп бола қоймады. Ағылшынның «gender» сөзі «жынысы» дегенді білдіреді. Осылайша дүниеге енді келетін баланың жынысын анықтап, оған сай киімдер жинау басталады. Трендке айналған дүние қазақтың әдетіне айналуда.
Осы тұста босанғаннан кейінгі ана мен сәбиді ауруханадан алып шығу мәселесіне тоқталайық. Биік көліктермен келіп, тіпті арнайы аниматорлар жалдайды. Түрлі аспаптармен ән салып, шағын той етіп шығарып алатыны тағы бар. Әрине бұл – үлкен қуаныш. Дегенмен сол ауруханада баласы шетінеп, қара жамылып отырған аналарды ойладық па? Сол думанды үйге келіп-ақ дүркіретіп жасауға болады ғой.
Қазақ халқы босанған әйелге арнайы қалжа беретін болған. Ай-күні жақындаған аяқ-қолы бүтін ақсарбаз қойды қалжаға дайындап қойған. Босанған түні сол қалжаны сойып, оның оң жақ асық жілігі қалған барлық мүшесін асады да, әйелге қалжа жегізген. Қазақта «Менің де анам мен туғанда қалжа жеген» деген ұғым соданқалған. Қалжа жеген жан қалжырамайды деп есептеген. Кейін туыс-туғандарды шақырып, қалжадан ауыз тигізген екен. Бұл жөнінде Бауыржан Момышұлы атамыздың келіні Зейнеп Ахметова «Күретамыр» атты кітабында: «Кейбір өңірлерде қалжаны келіннің төркіндері әкелген. Сол секілді ағайын-туыс, дос-жарандар да қарап қалмаған. «Қалжасы үзілмесін» деп қуанышқа қойын өңгеріп келеді екен. Өйткені бір әулетке ұрпақ сүйгізіп, айналасын қуантып отырған анаға арналған бұл дәстүрді жасау сауабы зор әрі абыройлы іс делінген. Ана мен баланың былайғы жерде дені сау, көзі қара болуы қалжаға тікелей байланысты болған. Бүкіл дене-мүшесі дел-сал болып жатқан әйел күнде күйлі қойдың жас сорпасын ішіп, етін жеген сайын күш-қуаты қалпына келіп, белі бекиді. Кездейсоқ кезігетін түрлі ауру-сырқауға қарсылық қуаты артады, сүті нәрленіп, құнарланып балаға жұғымды әсерін береді. Сәби күн санап ет алып, ширай түседі. Әйелдің денесіндегі ұйыған, қатқан қан, артық тұз секілділер термен шығып, бойы тазарады, көңілі сергиді, өңі ашылып, ажарланады» деген.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші әрбір салт-дәстүрді ұстанып, сырттан келген жат қылықтарға еліктемеген жөн. Қазақ тойшыл халық екені белгілі. Ал ана мен сәбиді ауруханадан алып шығар сәттегі дарақылыққа шектеу қажет. Бұл той сол ауруханадағы қара жамылған қазақ отбасына ауыр тисе, енді бірінің материалдық жағдайы келмей жатады. Шаңырақта той, қуаныш көп болғаны жақсы. Бірақ қанымыз бір өзге де жандардың тағдырын ойлап, мекеме алдын той-думанға айналдырмаған абзал.

А.НҰРЛАНОВА
28 тамыз 2024 ж. 104 0