Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім гранты: сан мен сапа

Білім гранты: сан мен сапа

Өткен айларда мектеп табалдырығын имене аттаған оқушының 11-сыныпты бітіріп, түлек атанып жатқанын қуана тойлаған едік. Балғын балалықтың бал дәмін татып, ересек өмірге алғашқы қадамын жасаған түлектер де әлеуметтік желіде «енді студентпіз» деген түрлі жазбасын жариялап, көпшіліктің көңіліне сонау жастық шағындағы естелігін қайта әкелген. Дегенмен қазір ол қуанышы су сепкендей басылған күйде. Сол көңілді фото-видеолардың орнын білім грантының әділетсіз бөлінгеніне наразылық тудырған петициялық жарияланымдар басуда.
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, даудың басы жыл басында апаттық жағдай орын алған Батыс аймақтың түлектеріне, яғни Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының мектеп бітірушілеріне арнайы квота бөлінуі еді. Естеріңізде болса, төтенше жағдай орын алған кезде Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы су басқан аймақтарда тұратын түлектерді Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатып, тегін білім грантын беруді талап еткен болатын. «Бірқатар мәселе шетінен шешіліп жатыр, дегенмен дереу шешімді талап ететіндері көп. Бірқатарын БАҚ өкілдеріне айттым. «Тамшы да тама берсе тас жарады» демекші, талапты толассыз беремін. Себебі апат аймағында қалған әр азаматтың талап-тілегі орындалуы тиіс. Етегі жасқа толып, тасқынмен күресіп жүрген оқушылар Ұлттық бірыңғай тестілеуге қалай дайындалсын» деп пікір білдірді ол. Сол кезде берілген ақпаратқа сүйенсек, 3 мыңға жуық мектеп бітіруші оқушы эвакуациялық аумаққа көшірілген екен.
Иә, апат айтып келмейтіні анық. Оны ешкім тілеп те алмайды. Табиғаттың тосын сыйына дайын болмағандықтан, халыққа барынша қолдау білдіріп, жағдайын жасау орынды. Сол себепті мамыр айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасилов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында тағы бір хабарлама жасап, 6 облыстың оқушылары үшін ҰБТ-ға тіркелу және емтихан тапсыру уақытының ұзартылғанын айтты. Және:
– Су тасқыны болған 6 аймаққа Министрлік тарапынан арнайы гранттар бөлінеді. Ол туралы арнайы пресс-конференция өткізіледі. Бұл мәселені қарастырып, Министрлік, депутаттар тарапынан ұсыныстар болды. Ата-аналармен су тасқыны болған өңірлерде халықпен кездесулер болды. Оқытушылармен, оқушылармен кездесулер өткізіліп, осындай шешімдер қабылданды, – деген болатын.
Еліміздің 14 аумағында негізгі ҰБТ басталған уақытта Қостанай мен Ақтөбе облыстарының талапкерлері жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын 25 мамырда, ал Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында тестілеу 27 мамырға белгіленген еді. Сонымен қатар, негізгі емтиханда төмен балл жинаған оқушылар үшін қаңтар, наурыз айларында ақылы бөлім үшін тапсырған емтиханнан жоғарғы балл жинаған сертификатын пайдалануға рұқсат берілді.
Ал ең бастысы, Мемлекет тарапынан бөлінген жалпы гранттың 20%-ы осы төтенше жағдай қабылданған аумақтың түлектеріне бөлінді. Сенат депутаттары көтерген сауалға:
– Су тасқынынан зардап шеккен мектеп түлектерін қолдау мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінен 20% (немесе 12528 грант) мөлшерінде гранттарды квоталау бойынша шаралар қабылдануда, бұл олардың толық қамтылуын қамтамасыз етеді және даярлықтың барлық бағыттары бойынша конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді, – деп Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауап берді.
Осылайша ҰБТ тапсырылды, құжаттар қабылданды, конкурс өтті. Нәтижесінде 100-ден жоғары балл алып, өздерінің грантқа ілікпегенін көрген оқушылар Батыс, Солтүстік аймақтың төмен балл жинаған оқушылары квота арқылы тегін оқуға түскенін көріп шағымдана бастады.
– Мен толық 2 жылымды осы Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық үшін арнадым. Қаншама ақылы курстарға қатысып, барлық емтиханда 100-ден жоғары балл жинадым. Өзімнің грантқа оқуға түсетініме сенімді едім, бірақ қуанышым көпке бармады. Грант тізімі шыққаннан-ақ ашып қарағанмын. Мен өзге аймақ тұрғыны болғандықтан, мамандығыма квота бөлінген аймақтың 70-80 балл жинаған оқушылары оқуға түсіпті. Бұл маған әділетсіз деп ойлаймын. Мен тұрғылықты мекен-жайым үшін кінәлі емеспін, – деп пікірін білдірді атын жасыруды сұраған кейіпкер.
Бұл жалғыз жанның жауабы болса, дәл осындай пікірде мыңдаған студент әлеуметтік желіні шулатып жатқаны өтірік емес. Тіпті ата-аналардың да өз наразылығы бар.
– Қазір оқу ақысы қымбат. Оған бірінің шамасы келсе, бірінің шамасы келмейді. Тіпті өздері пәтер жалдап тұрса да, 2 баласын ақылы оқытып, қыркүйекте кіші баласын мектепке дайындайтын таныстарым бар. Осылардың бәрі ескеріліп, апат орын алған аймақтың талапкерлеріне бөлек грант бөлінуі керек деп ойлаймын, – дейді Айжан Жомартқызы.
Айта кетейік, биыл аудан бойынша мектеп бітіруші түлектер саны 942-ге жетті. Оның ішінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге 681 оқушы қатысқан (72 пайыз). Ауданның орташа балы 84 болса, 138 оқушы 100 баллдан жоғары жинады. Ал ең жоғарғы балл Сексеуіл кентіндегі №283 орта мектептің оқушысына тиесілі.
Талапкерлердің 569-ы мемлекеттік грант конкурсына құжаттар тапсырды. Конкурс нәтижесімен 422 оқушы грант иегері атанды. Қазіргі таңда грант иелену көрсеткіші 74 пайызды құрап отыр.
Елімізде түрлі пікір тудырған дауға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында пікірін білдірді:
– Қазір әлеуметтік желіде екі сұрақ көтеріліп жатыр. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардың балалары жоғары ұпай алғандардың грантын алып алды деген ақпарат тарады. Биыл мемлекеттік тапсырыс мемлекетке қажет мамандықтарға бөлінген болатын. Инженерлік-техникалық, педагогикалық, IT мамандықтар, сондай-ақ биылғы су тасқыны, орман өртінен кейін су шаруашылығы, орман өрті мамандықтарына бөлінді.
Біз жоғары балл алып, грант иегері атанбай қалғандарға анализ жасап көрдік. 10607 түлек 90 баллдан жоғары балл алған, бірақ грантқа ілінбей қалған. Олар мамандық таңдайтын кезде грант санына мән бермеген. 3000-нан астам адам дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын таңдап, грантсыз қалған. Ал бұл мамандыққа біз 600 грант қана бөлдік. 5600 адам грантқа өтініш берген. 600 грантты ең жоғары жинағандар алып кеткен, – деді министр.
Дегенмен қоғам белсендері әлі де әділдікті талап етеді. Ал ата-аналардың көпшілігі: «Соңғы деректерге сәйкес, гранттың 20%-ы су тасқынынан зардап шеккен аймақтың түлектеріне бөлінді. Бұл мүмкіндік расымен талантты және дайындығы мол студенттердің лайықты білім алуына кері әсер етті. Олар экзамендерге барынша дайындалып, бар уақытын білімге арнады, бірақ нәтижесіз қалды. Грантты әділетсіз бөлу білім жүйесіне деген сенімсіздік тудырады. Министрліктен грантты бөлу қағидасын қайта қарауды сұраймыз. Төтенше жағдайда қалған аймақтың түлектеріне бөлек грант бөлінсін» деп пікірін білдіреді.
Жағдайға байланысты ҚР Парламент депутаты Асхат Аймағамбетов өзінің Telegram арнасында мемлекеттік білім беру гранттарын иелене алмаған мектеп түлектеріне кеңес берді.
– Біріншіден, бірнеше мың пайдаланылмаған гранттарды қайта бөлу болады. Бұл гранттар талапкерлерге ҰБТ ұпайларына сәйкес беріледі. Екіншіден, әкімдіктердің гранттары бар. Жергілікті бюджеттен тағы бірнеше мың грант бөлінеді. Үшіншіден, «Қазақстан халқына» қоры да білім беру гранттарын ұсынады. Қосымша ақпаратты олардың сайтынан табуға болады, – деп жазды ол.
Сонымен қатар, «бас тартылған» гранттардың да болатынын еске салды. Айтуынша, кейбір талапкерлер алған гранттарынан бас тартады. Және мұндай жағдайлар көптеп кездеседі екен.
«Және сіз ақылы оқытуды таңдай аласыз: университетке коммерциялық негізде түсу, содан кейін табысты оқу және жоғары GPA арқылы бос гранттарға өтініш беруге болады. Алтыншыдан, «gap year» алуға мүмкіндік бар. Сіз бір жылға дайындалып, ҰБТ-ны қайтадан тапсырып, грант ала аласыз. Мен өзім осындай тәжірибеге ие болдым. Енді болмаса, колледжге түсуді қарастырыңыз. Еңбек нарығында осындай білімі бар мамандардың үлкен тапшылығы бар» деп кеңес берді депутат.
Түйін: «Білімің болсадағы ұшан-теңіз,
Пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей» деп Шал ақын айтқандай, санаулы білім грантын жеңген жастардан тек болашақта еліне пайдасын тигізіп, оның өркендеуіне атсалысар азамат шықсын дейміз.
Гүлмарал САҚТАПОВА
20 тамыз 2024 ж. 66 0