Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек пен құрмет

Еңбек пен құрмет

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына жолдауын тыңдадым. Осы Жолдауда тыңдай отырып расында жұмысшы мамандықтарға басымдық беру қоғамның қажеттілігінен туындап отырған дүние екенін анық байқадым. Мемлекет басшысы "Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз" деп атап айтты. Осы бір ауыз сөзден өз өмірімді көргендей болдым.
"Еңбек етсең емерсің" деген емес пе, еселі еңбек өз нәтижесін беріп, құрметке бөлейді. Осылай деп тәрбие алған біздің жастайымыздан еңбекке деген құштарлығымыз бір сөнген емес.
1973 жылы 8 сынып бітіріп, жазғы каникулда жүргенмін. Үйге Қалас деген таныс бала келіп: «Училище ашылыпты, бала қабылдап жатыр екен. Оқысақ мамандық аламыз» деді. Оның "мамандық аламыз" деген сөзі құлағыма жаққан мен оған ілесіп Нан зауытының жоғарғы жағында орналасқан әлгі училищеге бардық. Барсақ, келген балаларды тізімдеп мастерлер жүр екен. Қалас алдында тізімге жазылып кетсе керек. Оларға көшелеріңде 7-8 сынып бітірген балалар болса ертіп әкеліңдер деген екен. Сырттап тұрған мені көрген бір ағай:
– Мына бала не істеп тұр? – деді.
– Бұл бала да оқығысы келеді, – деді Қалас.
– Қай мектептенсің? – деді.
– Тарас Шевченко атындағы №13 мектеп¬тен¬мін. Училищеде оқығым келеді, – дедім мен.
– Ә-ә, ендеше аты-жөніңді айта бер, біз қазір жазып аламыз да, мектебіңмен хабарласып, барлық құжаттарыңды алдырамыз, – деді.
Бізді қуана-қуана қарсы алған мастер тізімге қосты. Ертеңіне екі автобусқа балаларды мінгізіп, көрші Қазалы ауданына күрішке алып кетті.
Айтпақшы, тізімдегі балаларға мастер¬іміз үлкен ағаш жәшіктерді ашып, су жаңа киімдерді таратып берді. Бұл училищеге қабылданған балаларға берілетін форма екен. Әскери киімге ұқсайтындығы қатты қызықтыры.
Бір айдан соң келсем, құжаттарым түгелімен училищеге алыныпты. №72 топқа тіркеді. Мастеріміз Мұхтар Ниязбаев деген кісі болды.
Оқу басталып та кетті. Ауылшаруашылық училищесінің Аралсульфаттан Аралға енді көшіп келіп жатқан кезі екен. Оқу корпустары бұрынғы көне дүкен ғимаратына орналасқан. Бір-екі жерде жаңағы училищенің үй-жайларының фундаменті құйылып, құрылыс жұмыстары басталыпты. Жаңа училищенің техникасы да аз. Тракторшы мамандығын игере бастадық. Тобымызда 25-тей бала оқиды. Көбі мектепте нашарлау оқып, 7-8-сыныптан соң тастап кеткендер. Ауылдық жерден келгендер де баршылық. Училищенің оқуы да қызық: оқығанымыз¬дан науқандық жұмыстарда жүргеніміз көп. Қой бағуға бару, шағылыс науқанына көмектесу, сахманға бару, малшыларды көшірісу, шөп дайындау сияқты науқандар бірінен соң бірі шығады. Осында біраз еңбекпен шыңдалдық. Бала болсам да бірнеше күн жүріп Тәуіпке дейін мал айдап барған күндерім де болды. Осы оқу орнында Мұхтар ағайымызбен бірге Сабырбай Әнесов, Жеткербай Жүсіпов деген мастерлер техника тілін үйретіп, білім берді. Мектепте сабағым жаман болмаған, училищеде де өте жақсы оқыдым. Екі жыл оқып, үздік бітіріп, "В" сыныпты тракторист-машинист және ІІ разърядты слесарь мамандығын алып шықтым. Үздік бітірген оқушыларды Түркістан индустриалды-педагогикалық техникумына жолдамамен жібереді екен. Ұстаздар тарапынан маған осындай ұсыныс жасалды. Бірақ мен отбасылық жағдайыма байланысты бара алмадым. Барып оқып, диплом алып келгендер кейін училищеге қайта оралып, осында мастер, не мұғалім болып ор¬наласты. Өйткені училищеге мұғалімдер жетіспейді екен. Тіпті әскерден келген Дүйсенбай деген жігіт біржылдық курста оқып, осы оқу орнына бірден мастер болып орналасқан-ды.
Дипломымызды алған соң, 5-6 жігітті "Приарал" кеңшарына жұмысқа жіберетін болды. Сол кеңшардың "Көктем" ауылындағы фермасының меңгерушісі Сейіл Керімбердиев өзі келіп алып кетті. Оқуды жаңа бітіргендерге трактор бермейді екен. Біздерді кеңшардың түрлі жұмыстарына салды. Шөп ауылда ағаш үйде тұрдық. Жұмысымыз тракторға прес тиеу, басқа да қол жұмыстарды істейміз. Ара-ара¬сында трактористер біздерге трактор жүргізуді үйретеді.
Ерғали Шүкірбай, Аманкелді деген ағаларымыздың ізінде жүгіріп жүріп трактор жүргізуді де игеріп алдық. Бригадиріміз Насыр, учетчигіміз Құттымұрат еді.
Ол кезде балалар осындай жұмыстарға тұр¬ақтамайды. Біреулері келіп, біреулері кетіп жатады. Кеңшардың ауыр жұмыстарына шыдамай, үн-түнсіз қашып кететіндер де болды. Мен неде болса намысқа тырысып шыдап бағып, үлкендермен бірдей еңбек еттім. 17 жасар бозбаламын ғой. Сүйегім содан қатайды.
Күзде шөп науқаны аяқталған соң, қаладағы "Приарал" кеңшарының гаражына келдім. Мені гаражға слесарь етіп бекітті. Кеңшар директоры Әзберген Жақсылықов, бас инженер Қазыбай Мүгінісов. Сол жылы кеңшарға "К-700" деген алып тракторлар келіп жатыр екен. Қуаттылығы күшті. Шамалы күндерден соң "К-700" тракторының жүргізушісіне көмекші етіп ауыстырды. Жарты жылдай осы ұжымның атақты еңбек адамы "Құрмет белгісі" орденінің иегері, белгілі механизатор Ұзақбай Айтжанов жүргізуші ретінде мені үнемі қасында ұстап, қосалқы жұмыстарды тапсырып отыратын. Бір күні кеңшар басшылары шақырып алып мені қайта оқуға өзім бітірген училищеге жіберді. Алты айлық "К-700" алып тракторының жүргізушілерін дайындайтын курс екен. Өйткені жүргізушілердің көмекшісі деген штатты алып тастап, енді оны бір адам басқаратын болып өзгеріп жатқан. Училище қабырғасында қайта оқуды бастады. Мастеріміз Манар Ортымов болды. Сондай-ақ түрлі пәндерден Қылышбек Ермағамбетов, Мұхтар Ниязбаев беріп, техниканың тілін үйретті. Сынып жетекшісіміз Сабырбай Оразалиев та осы саланың нағыз білгір маманы еді. Ал тобымыздың жетекшісі Н.Сағындықов деген ересектеу жігіт болды. Жалпы курста оқитындардың барлығы дерлік өндірісте азды-көпті еңбек еткен, тәжірибесі бар жігіттер болатын. Олар А.Қарасаев, Ж.Қошқаров, С.Елеуов, Ж.Ибраев, Қожахметов, Т.Әленов, Қ.Есетов, Матешов, Б.Түрекешов еді. Училище директорының орынбасары Ермек Наурызбаев, пар¬торгі Тілектес Сейітов, директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Абай Жұмашев, аға мастер Жеңіс Қосымовтар болғаны есімде. Курсты 1976 жылдың наурызында тәмамдап, "Кировец" К-700 тракторының тракторшысы куәлігін алып, кеңшарға қайта оралдым. Өйткені арнайы жіберген, оқу кезінде айлығымызды төлеген осы кеңшар болатын.
Бұрынғы талабымды көрген кеңшар басшылары маған бірден "К-700" тракторының тізгінін ұстатты. Осы күні ойлап қарасам, сол кезде аудандағы ең жас жүргізуші мен болыппын. Жасым 19-да болатын. Мінген алып техникам бұрын біраз жүрген ескілеу болды. Алайда өз күшіммен жөнге келтіріп, кеңшардың түкпір-түкпіріндегі малды ауылдарға барып, тапсырылған жұмысты тиянақты бітіріп жүрдім. Жұмысымызда күннің атысы, түннің батысы деген болмады, тынымсыз тірлік. Тіпті бірнеше айлап үй көрмедік десек болар.
Кеңшар басшылығы мені №16 Арал орта кәсіптік-техникалық училищесіне үшінші рет қайта оқуға жіберді. 1984 қазан айынан 1985 сәуір айына дейін білім ұясының партасына қайта отырып, "мастер-наладчик" деген мамандықты тағы алып шыққанмын.
Ауылшаруашылық жұмыстарында әбден ысылып, кейін өзім де тәлімгер болдым. Кеңшарда трактор айдайтын жалғыз қыз болды. Соны жаныма алып, "К-700" тракторын айдауды үйреттім. Аудандық жастар ұйымдары оны үлгі қылып, жан-жаққа насихаттап, өңіріміздің қыздарын техника тілін білуге шақырды. Ол әуелде бордақылау алаңында кішкентай "Беларусь" айдап жүр екен. Кейін жүк тиеуші болды. Осы жылдары атағы әмбеге аян, Социалистік Еңбек Ері Камшат Дөненбаеваның жолын жалғастырушыларды өз жерімізде табу керек болған соң, сол қызға көздері түссе керек. Бойжеткеннің ынтасы зор еді, аз уақытта үйреніп кетті.
1989 жылы кеңшар маған су жаңа "К-700" тракторын сеніп тапсырды. Осы ауылшаруашылық ұжымындағы жұмысымды әрі қарай жалғастырып жаттым. 1989 жылы әлі есімде. Жұмыс көлемін 116 пайызға орындап және де сеніп тапсырған механизмді техникалық жарамды ұстағаным үшін "Социалистік жарыстың озаты" деп таныды. Қазақ ауылшаруашылық министрлігінің Құрмет грамотасын алдым.
Еліміздің нарыққа көшуіне байланысты кеңшар тараған соң, "Бірлік" кооперативіне кірдім. Төрағасы Сәбитжан Нұрғалиев болды. Бес жылға шартқа отырып, бірнеше жігіт - біріміз дәнекерлеуші, біріміз токарь, біріміз аппарат жөндеуші болып екі жыл жұмыс істедік. Алайда қаржылық қыспаққа ұшырап, бұл кооператив те жабылып тынды.
Ұзақ жылдар бойғы еңбегімнің бұл күні зейнетін көріп, қазір құрметті еңбек демалысындамын. Ерінбей еңбек етсең, елге қадірің артып, құрметке бөленіп, орның төрде болатынын білдім. Сондықтан да жастарға үнемі өз мамандығыңды жақсы игеріп, халқыңа қалтықсыз еңбек ет деп отырамын.
Махамбет СЫРЛЫБАЕВ,
еңбек ардагері
09 қыркүйек 2024 ж. 348 0