Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сотты құрметтеу-азаматтардың парызы

Сотты құрметтеу-азаматтардың парызы

Қазақстан Республикасының Конституциясының 75-бабының 1-бөлігінде сот төрелігін тек сот қана жүзеге асыратыны көрсетілген. Сот ғимаратының табалдырығын аттағаннан бастап бұл жауапкершілікті әрбір жан сезінуі керек. Сотқа өз сөзінің тікелей әсер ететінін біле тұра шақыртуға себепсіз келмегендер сотты құрметтемей тұрғанын жете түсіну керек. Шақырту қағаздары дер кезінде жеткізіліп, тіпті, жеделдік артқан ақпарат дәуірінде SMS хабарламалардың көмегімен хабардар бола тұра келмей, сот отырысының уақытында өтуіне кедергі жасау сотты сыйламау болып табылады.
Сот отырысына дер кезінде келмеген азаматтар сотқа қатысушылардың ғана емес, сонымен қатар судьяның да уақытын алып, жұмысына кедергі келтіреді. Ал, сотқа құрметтемеушілік білдіргендерге заң талаптарына сай жауапкершілік көзделетінін көпшілік біле бермейді. Баршаңызға белгілі, ісі қаралған тараптар өз уәждерін айтып, әркім өзі таңдаған қорғау әдісін қолданады. Процеске шақырған уақытта келмей, қасақана істің қаралуын созбалаңға салатын жағдайлар да аз емес.
Сотты құрметтемеушілік — сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбау, орнынан сөйлеу, балағаттау, алкогольдік ішімдік ішкен күйде келу, сот отырысына себепсіз келмеу, сот актілерін орындамау әрекеттерінен туындайды.
Мұндай немқұрайлық танытқан азаматтардың Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі- ӘҚБтК) 653-бабына сәйкес жазаланатындарын білгені жөн. Кодекстің бұл бабында процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) сотты құрметтемеу болып саналатыны тайға таңба басқандай жазылған. Заңды бұзған азаматтарға әрекеттеріне қарай ескерту жасау не жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салу не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы көзделген.
Ал, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк) бойынша отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу әкімшілік жазалары көзделген.
Мәселен, Арал аудандық сотында ӘҚБтК-нің 653-бабының 1-бөлігінде көзделген, сотқа құрметтемеушілік сипатындағы құқық бұзушылықты жасаған азамат Ж-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Азамат Ж. өзіне қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарау барысында төрағалық етушiнiң өкiмiне бағынбай, сотта белгіленген қағидаларды бұзып, сотты құрметтемеушiлiк анық көрінетін әрекетті жасаған.
Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін мойындап, хаттамада көрсетілген мән-жайларды қуаттаған. Сот қаулысымен Ж. аталған баппен кінәлі деп танылып, оған ескерту түріндегі әкімшілік жаза қолданылды.
Сондықтан, процеске қатысушылардың заңнамада көзделген процестік міндеттерді орындауы тікелей міндеті екенін ұғынғаны абзал.

Арал аудандық сотының аға сот приставы
К.Баймағанбетов

Сурет: ​syrboyi.kz​​​
10 қыркүйек 2024 ж. 109 0